Есімі ел есінде

Есімі ел есінде
жеке
блог

Мадина Есмалайқызы 1954 жылы Сыр елінің Қазалы ауданында дүниеге келген. Халықтың еркесіне айналған, күміс көмей әншіміз көзі тірі болғанда биыл 62 жастың төріне шығып, немеренің тәтті қылығына шомылып отыратын еді. Кәусәр бұлақтың ағысындай сұлу үні бар ерке қызымыз 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген. 1978 — 84 жылы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып, 1985 жылдан өмірінің соңғы мезетіне дейін дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды. Ашылған жұмыртқадай аппақ ажары көрген көзге сұлулық ұялатқан әншінің талабы да талай таңғалдырмай қоймайтын еді. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған.

Өлімнен өнерімен тірі қалған...

Жаратқанда жақсыларды жанына алады. Алла не жазса да, көнбейтін, келіспейтін пенде жоқ. Өмір – өткел.

Қазақтың «Ақ еркесі» жол апатынан ажал айдынына сапар шекті. Еліктей еркелеп жүрген ерке қыздың мінезі секілді дүниеден озған күнгі табиғат та жайдарланып салды. Ақ ұлпа қар жауы, мамықтығымен Мәдинані еске салды. Марқұмның жамбасы жерге тигеннен кейін қардың жаууы да басылып, әншінің жетісі өткізілген күні тағы да сондай әдемі қар жауады да, қырық күн бойы жер қара топырақ ғана орап жатады. Алтыншы қаңтар күні Мәдинаның қырқы берілгенде ғана жер ақ көрпеге оранған... тұла бойы тұнған талантымен елдің есінде мәңгі тұрақтайтын әнші қыз өмірінің соңғы кезеңінде «Қош енді, қош бол, күрең күз» деп, шырқайды тамылжыта. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнмен дүлдүл әнші Мәдина өмірімен қоштасқандай болды.

Қазіргі таңда табиғат сүйген, сахна сүйген, халық сүйген Мәдина Ералиеваның артында ұрпағын жалғастыратын жалғыз ұлы Әрсен қалды.

 

«Әйел қашан да сұлу болуы керек...»

Жан-жағын қылығымен баурап, тұнық дауысымен жаулап жүретін, сыры мен сымбаты келіскен әншінің құрбысы Зекеш Жұматқанқызы мерейлі Мәдина жайлы естеліктерінде былай дейді: «Мадина мен үшін сырлас, мұңдас құрбы ғана емес, ақылшым еді. Ол достыққа қандай адал болса, адамдарға да сондай сенгіш болатын. Адам баласының қайраттысы десем қателеспейтін шығармын, олай дейтінім, ол әйел затына тән сұлулық пен нәзіктікті бойына үйлестіре алған асқан сезімтал жан бола

тұра, соншалықты дәрежеде ерекше қайратты, шыдамды еді. Мен оның өмірге деген құштарлығына қызығатынмын. Қашан болсын күліп, жарқырап, айналасына нұр шашып жүретін. Әрдайым «Әйел қашан да қанша жаста болса да сұлу болуы керек» дейтін. Құрбылар болған соң бір-бірімізге кеңес беріп жатамыз ғой. Ол Мәкеш екеуміздің әдемі болып жүруімізді қалайтын. Айналасындағы адамдардың жақсы істерін көре білетін, өзгенің қуанышына ортақтаса алатын, кеңпейіл еді. Әрине, Мәдинаның бойындағы жақсы қасиеттерін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес шығар. Бүгінде оның бейнесі бізге ертегідегі ханшайымдай көрінеді. Амал не, ғұмыры қысқа болды. Бізге қарағанда өнер иесі ретінде оның арқалаған жауапкершілігі екі есе көп болды ғой. Соған қарамастан ол отбасында да өзінің әйелдік болмысын өте жоғары ұстайтын. Үйіне қашан барсаң да жарқырап тұратын. Сондай таза, тиянақты еді. Киімді де аса бір талғампаздықпен киетін». Дана елдің дара туған қызы жайлы сыршыл әңгімелерден әншінің көзі тірісінде ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән қырмызы қылығы болғандығын ұғыну қиын емес.

 

«Қазақтың Мәдинасы»

«Ақылына көркі келіскен» деген теңеу мерейлі Мәдинаға арналып жазылғандай. Халықтың жадын жырымен жаулаған жалынды қыз әнінің бүкілін дерлік жүрекпен орындайтын. Келбетті, кербез әншінің өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыс-бояуымен дараланған «Күрең күз», «Кірмеші жиі түсіме», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», «Сағым жылдар» сынды әндері халық санасында сақталып, ел есінде мәңгі жадырамақ.

 

2013 жылдың көктемінің алғашқы жадыраған айында Сыр елі – жыр елінің тумасы марқұм Мәдина Ералиева жайлы кітап жарық көрді. Артында өшпестей із қалдырған дара қызды халық ұмытпайтыны анық. Ал, жарық көрген кітап қазақтың ақбаянын еске салып тұрады, үздіксіз. Халыққа алтыннан да қымбат саналатын мәңгі мұра «Қазақтың Мәдинасы» деп аталады. Тың туындының авторы - журналист Рауан Тұрғантай. Жинаққа «қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әнші Мәдина Ералиеваның шығармашылығы мен отбасы жайлы естеліктер топтастырылған.