Сіз өткеніңізге хат жазып көрдіңіз бе?

Сіз өткеніңізге хат жазып көрдіңіз бе?
жеке
блог
Жақында В. Бекхэмнің өзінің жас кезіне жазған хатын оқып, ал бұрынғы "Меніме" не дер едім  деген ой келді. Ойлай-ойлай, мен де хат жазуды шештім. Адам баласы -қызық жаратылыс қой негізі, бəріміз бір -бірімізге ұқсаймыз. Тек жекелеген қасиеттеріміз өзгешелеу болуы мүмкін. Сондықтан, жасыңыз 18-20-да болса, мейлі тіпті 16-17-де болсын, бəлкім менің хатымды оқығанда өзіңізді танып жатсаңыз, еш таңғалмаңыз. Көмегі тисе, құба - құп.

Құрметті Ж.!
Жиырма жасқа толарыңның алдында қатты күйзелгеніңді білемін. Сондағы ойыңды мазалаған сұрақтар - "Мен өмірде қандай жетістікке жеттім? Алдағы өмірім не болмақ? Құдай-ай, сен уже 20-ға келдің! Жұрттың балалары, əне, қандай биіктерді бағындырып жатыр! Сен жүрсің GPA жоғары болғаны мен пирожки жегеніңе мəз болып". Қазір түкке тұрғысыз. Алар асуың əлі алда. Есіңде болсын! Өзгені емес, өзіңді жеңуге тырыс. Өз еріншектігіңмен, ішкі күйзелісіңмен, сені артқа тартатын жағымсыз жақтарыңмен күрес. Қолыңнан келеді. Сол жеңістің "дəмі" тəтті болмақ.
Өмір - жүрдек поезд секілді. Ал сен - машинистісің сол поездың. Өміріңде кездестіріп, жоғалтатын талай жолаушың болады. Оған ренжіме. Дос деп санайтын адамдарың болсын, ғашық болған адамың болсын, бір мезетте бір "станциядан" түсіп,  кете баруы мүмкін. Оларға қарап бөгелме. Олардың орнын басатын, тіпті сенімен ақырғы станцияға барғысы келетін адамдарды күліп қарсы ал. Сенің жымиғаның, күлкің сондай əдемі!
Жаныңда жүрген адамдарың не істесе соны істеймін деп өз-өзіңді жоғалтып алмауға тырыс. Қыдыру керек, көру керек. Алайда, оның да орны бар. Көңілдерін қалдырмаймын деп, күнде кафе, клубтан шықпауың дұрыс емес. Ондай жерлерді су қаның сүймейтінін білемін ғой. "Ой, киіну керек, сəндену керек. Қойш, үйде одан да сериал көремін, не кітап оқимын" деп жалпиып жатқаның да жөн болмас. Қызықтың бəрі төрт қабырғаның ар жағында. Тау-тасты арала, көрмелерге бар, сурет салғанды ұнатушы едің ғой. Сурет салуды үйрететін үйірмеге жазыл. Уақыт, сенің қолыңдағы ең бағалы нəрсе. Əр минутыңды зая кетірме.
 Күліп қарағанның бәрі дос, сын айтқанның бәрі жау емес. Адамның адамгершілігін, жақсы қасиеттерін байқауды, бағалауды үйрен. Бір рет зекіді екен деп, ат құйрығын кесіспе. Мүмкін, үйін сағынып, не ішкі күйзелісті басынан өткізіп жүрген шығар. Ақырын анықтап көр. Шерменімен бөліспесе де, кейде адамға бір жылы сөз, құшақ жайып жұбатқаның жетіспейді. Дер кезінде берілген көмек ешқашан ұмытылмайды.
Жарқыным, күнделікті өміріне, ата - анасына, Үкіметке, тіпті анау аула сыпырушысының жұмысына сын айтатын, бар проблемасын ақшаға кеп тірейтін, қабағынан қар жауып, тымырайып жүретін адамдардан аулақ бол! Оған сенің уақытың да, энергияң да кетеді. Саған ол керек пе?
Қыздар өсек дегенді сондай жақсы көреді, оны айтпасам да білесің ғой. Дегенмен, көрмегенді көргендей, естімегенді естігендей айтатын адамдармен қосылып алып, ауыз көпіртіп өсек айтушы болма! Әкешің Бауыржан атамыздың сөзін үнемі қайталап отыратынын ұмытпағайсың. "Біреуді асыра мақтама, ертең жамандауға сөз таппайсың. Біреуді асыра жамандама, ертең мақтауға сөз таппайсың" 
 Сен өмірді көрдім, ненің хақ, ненің бұрыс екенін білемін дейсің. Əйтсе де, бұл этаптан ата-анаң баяғыда өткен. Кеңестеріне құлақ ас, олар сені жаман болсын демейді. Кірін жуып, тамағын уақытылы жасап отыр. Келген қонағын ренжімей қарсы ал. "Қыз -  жат жұрттық". Осының бәрін бөлек шыққанда сағынатын боласың. Ата- анасын қадірлейтін, қастерлейтін адам жаман болмас керек.
Үйдегі болсын, өз басыңның тазалығы ең басты мәселе. Ертең жуа салармын, жинай салармын дегенді желеу етпей, бітіретін шаруаңды ертеңге қалдырма. Кішкентайыңнан қызметші ұстауды армандайтыныңды, үй шаруасын жақсы көрмейтініңді білемін. Бірақ ол дәрежеге жетпес бұрын қолыңнан бәрі келуі тиіс. Айына бәленбай қаражат жұмсайтын фитнесіңнің бір түрі деп қабылда. Үйің - таза, денең - шыныққан. Одан артық не керек?
Қыз- жат жұрттық демекші. Бәрі шығып жатыр күйеуге, әйтеуір шыға салармын деген ойлар келетінін білемін. Менен артық сені ешкім түсінбес. Сүймегенге ешқашан қосылма. Араларыңда түсіністік болмаса, оның шолпылдатып сорпа ішкені ұнамаса (жай мысал ғой), кездесуді доғар. Бұл қарым- қатынастан түк шықпайды. Алысқа бармай-ақ, әйтеуір тұрмыс құрсам, ақ фата тақсам деп үйленгендердің ажырасып жатқанын байқап жүрсің ғой. Абай атамыздың "... Жүрегіңе сүңгі де, содан ізде. Содан тапқан шын асыл, тастай көрме" дегені есіңде ме? Сен өз адамыңды жолықтырасың. Уайымдама ;)
Ұмытып барады екенмін, бет әлпетіңді, дене бітіміңді "лупамен" қарауды доғар. Ана жерім қисық, мына жерім пұшық, тағысын тағы әңгімелерге жол берме. Құдай берген түріңе риза бол. Өзіңді сыйла, өзіңді күт. Өзін сыйлайтын адамды да сыйлайды, құрметтейді. Сенімен кездескен, я сөйлескеннен кейін адам "Күнді жұтып қойғандай" болсын. Ол үшін әрқашан күліп жүр. Күлгенің сондай жарасады өзіңе. Мен саған сенемін!
  Болашақтағы Сен

P. S. Мен оралдым. Ойымды жинақтап, блогымды жалғастыруға жарты жыл қажет болыпты. Массагетті сағынып қалыппын. Ал Массагет ше?!