Ұлт мақтанышына айналған Илья Ильин!

Ұлт мақтанышына айналған Илья Ильин!
жеке
блог

Допинг пе әлде жала ма?

             Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан халқының мақтанышына айналып, үкілеген үмітін талай ақтаған, екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Әлем чемпионы, Илья Александрұлы Ильин 1988 жылдың 24 мамырында Қызылорда облысының орталығы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жатсайынан Илья отбасындағы екі ағасынан үлгі алып ер жеткен. Кейінірек, өзіне тірек бола білген ағаларының ізін қуып, алты жасында тұңғыш рет ауыр атлетика жаттығуларына үлкен ағасы Андреймен еріп барған. Алайда, Илья Ильин толықтай ауыр атлетикаға көңілін сегіз жасында бұрып, сол бір шақ ұлы чемпиондық мансаптың бастамасы болған. Зілтемір көтеруден алғашқы бапкері Вилорий Пак шәкіртінің жан-жақты шыңдалуына көп еңбек етіп, Ильиннің бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының чемпионы атағына ие болуына елеулі үлесін қосады. Осы қарқыннан таймаған жас Илья кейінірек, 2008 және 2012 жылдары өткен олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанып, Қазақстанның қоржынына екі алтын алып берген болатын. Бұл жеңісі де халқымыздың рухын көтеріп, бір марқайтып тастаған еді. Жеңіс жеңіске ұласар деген үмітпен, осы мақтан етер спортшымыздың кезекті 2016 жылғы Риода өтетін олимпиада ойындарында топ жарарына сенімді болған Қазақстан жанкүйерлері, өкінішке орай, маусымның 16-сы күні жағымсыз жаңалықтан хабардар болды. Олимпиада комитетінің хабарлауы бойынша, Илья Ильиннің Бейжің және Лондон олимпиадасындағы сынамасынан допинг табылған. Осы оқиғаға байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) баспасөз қызметі сынамаларынан тиым салынған заттар табылған Илья Ильинді алған жетістіктерінен айыру және спорт жарыстарынан уақытша шеттету жайлы үкім шығарған болатын. Дегенмен, Илья Ильин допинг қолданғанын үзілді-кесілді жоққа шығарып, бұл хабардың күтпеген жағдай болғанын анық жеткізді. Бұл тұста жасыратыны жоқ, мен және барша қазақ халқы Ильяның сөзіне күмән келтірмейді, себебі осы уақытқа дейін 2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін 8 жыл өтті, бірақ допинг қолданғаны жайлы ақпарат тек қазір белгілі болды. Бір ғана сұрақ туындайды: неге қазір ғана допинг бары анықталды? Саралай қарайтын болсақ, допинг-тест жасаушы орталықтан олимпиада деңгейінде өткен тексерісінде ағаттық кеткені ме? Болжап көрейік, Илья Ильин 2008 жылдағы Олимпиада барысында шынымен допинг қолданғанын ауыр атлетика федерациясы байқамаған болуы мүмкін, дегенмен 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада кезінде де допинг тексерушілері тағы да қателескені ме? Ауыр атлетика федерациясының қызметкерлері мұндай қателіктерге қалай жол беріп отыр? Бұл мәселе төңірегінде осы сияқты өзге де көптеген сұрақтар туындап, түсініксіз жайттар орын алды. Негізінен, барлығымызға белгілі, тексерушілер қатарында тек мамандандырылған қызметкерлер болуы тиіс. Ал осы жариаланған ақпараттарының салдарынан, яғни 8 жылдың төңірегінде ашылмаған «қателіктің» қайта жарыққа шығуы, ауыр атлетика федерациясын күлкіге қалдырып отырған сынды. Ащы болса да шындықты айтпасқа болмас, бұл тұста Қазақстан атлетінің тарапына ауған көреалмаушылықтың айқын лебі сезіледі, әйтпегенде, допинг сынама нәтижесі Олимпиадаға аз уақыт қалғанда белгілі болмас еді. Бұл тұста, нәтижені күткен Илья тіпті Oлимпиадаға қайта тіркелуге де мүмкіндік ала алмады. Айтып айтпай не керек, болар іс болды, бояуы сіңді, алайда бұл оқиғадан соң біздің батырымыздың сағы сынбағы жоқ. Керісінше, бұл оқиға – Илья Ильин үшін өзінің мықтылығын дәлелдеуге тағы бір мүмкіндік, талпыныс болмақ. Жаңа белестерді асу мақсатында Илья Ильин қазіргі таңда Америкада оқу-жаттығу жиынында жүр. Ендігі белес - алдағы Токио 2020 Олимпидасында жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, байрақты бәсекеде топ жару, көк туды асқақтата қайта желбірету. Ал барша қазақ халқы өз батырын әрқашанда қолдамақ! Алға, Илья!!!

 

         

Омірбаяны:

            Илья Александрұлы Ильин - Қызылорда қаласында 1988 жылғы 24 мамырда туылған ауыр атлет. Ол - Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін олимпиада чемпионы, әлемнің төрт дүркін жеңімпазы. Отбасында тірек болып тұрған екі ағасы бар. Алғаш рет Илья ауыр атлетиканың спорт залына алты жасында үлкен ағасы Андреймен еріп барады. Кейінірек, Андрей ауыр атлетиканы тастап, бокспен шұғылдануды бастайды. Илья балалық қызығушылықпен ауыр темірлерді көтеруді үйреніп, арнайы үйірмеде жаттығуды сегіз жасынан бастайды. Алғашқы бапкері Вилорий Пак болатын. Ағасы ауыр атлетикамен айналысып журген кезде жанынан бір елі қалмайтын сегіз жасар Ильяның дарынын байқаған Вилорий Пак оны бiрден өзiне тартқан көрiнедi.  Сөйтiп, бір жылдан кейін тоғыз жасында Қазақстан чемпионы атанады. Ең жас әлем чемпионы ретінде 2005 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген. 

         Илья Ильин Лондонда өткен ХХХ Жазғы Олимпиадасында Олимпиада чемпионы атағын екінші мәрте иеленді. Серпе көтеруде 233 келіні, жұлқа көтеруде 185 келіні, жалпы 418 келі салмақты еңсеріп, серпе көтеруде жаңа әлемдік рекорд қояды.


Жетістіктері:

2005 жылы Пусанда жастар арасында Әлем чемпионы атанды.

2005 жылы Дохада өткен Әлем чемпионатында қоссайыс бойынша әлемдік рекордты жаңартты. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, біріншіліктің ең жас әрі ең үздік зілтеміршісі атанды.

2006 жылы Ханчжоуда (Қытай) жастар арасында әлем чемпионы атанды.

2006 жылы Санто-Домингода (Доминикан) өткен екінші рет әлем чемпионы атанды.

2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында жеңімпаз болды.

2008 жылы Пекин Олимпиадасында алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды.

2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында жеңімпаз болды.

2011 жылы Парижде өткен Әлем чемпионатында үшінші рет Әлем чемпионы атанды.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.

Илья Ильин Қазақстан тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған әзірге жалғыз спортшы.

2014 жылы Алматы қаласында Әлем чемпионатында төртінші рет Әлем чемпионы атанды. 

Илья Ильиннің толық жетістіктерімен танысқыңыз келсе мына сілтемені басыңыз.


Қазіргі таңда Илья Ильин Америкада оқу-жаттығу жиынында жүр. Ендігі белес - алдағы Токио 2020 Олимпидасында жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, байрақты бәсекеде топ жару.