Біздің қоғамда "Неге бәрі мен сияқты ойламайды" деген дерт бар

Біздің қоғамда "Неге бәрі мен сияқты ойламайды" деген дерт бар
жеке
блог

Біздің қоғамда «неге бәрі мен сияқты ойламайды» деген дерт бар. Дерт пе, әдет пе, эгоизм бе, ойдың тарлығы ма, комплекс пе – білмеймін. Талғамға талас жоқ деген жазылмаған заң бар. Қаншама даудың шешімі осы бір сөзден тоқтайды. Бірақ қоғам әр кезде бір дүрлігіп алатын әдет тауыпты. Қоғам дегеніміз – интернеттегі жұрт. Қазнет. Қазақша жазып, оқитын жұрт.

Әлгінде өздерін "Оңтүстік жастарымыз" деп атап, сол аймақтың атынан пікір айтылды. Намысқа тиіп, қорлаған жоқ, талғамына сай емес екенін білдіретін пікір. "Ninety One тобының концертін Шымкентте өткізуге қарсымыз" деді. Деуге құқы да бар. Оңтүстіктің жастары екені де өтірік емес. Неге қарсы екенін де түсіндірді. Аға буын деп той әншісі Заттыбек Көпбосынұлын сөйлетті. Ол кісі де "өнердің дәл осылай былғануын қаламаймын" деп ашық айтты. Әрмен қарай видеосын көріп шыға салыңыздар:

Сонымен, түсінгеніміз олар концерт өткізуге қарсы. Бірақ менің ойымша, оңтүстікте де бұл топты тыңдайтындар жоқ емес. Сонда осы 30-40 жас неге солардың талғамын жоққа шығаруы тиіс? Әділдік пе? Енді мәселеге тағы бір тұсынан қарап көрейік. Шын мәнінде Ninety One тобы корейдің поп-индустриясының өкілдеріне еліктейді. Киімдері де, жүріс-тұрысы да, сырғаларына дейін. Ертең біздің де жастар дәл солай сырға тағып жүрсе не болады деп қорқуға себеп бар. Алайда бұл өмірде жақсы мен жаманның қатар жүретінін ұмытпауымыз керек сияқты. Ал жақсы мен жаманды әркім өз сана-сезімімен түйсінеді. Біреуге ақ, біреуге қара, тағы біреуіне тіпті көк түс ұнайды. Осы жалқы ұнатулардың неліктен жаппай сипат алуы керек деген ой болмай ма екен? Меніңше болуы да заңдылық. Адам сол жақсылы-жаманды жалған дүниенің бел ортасында өмір кешеді. Өзі таңдайды, түйсінеді. Зайырлы мемлекет екеніміз рас, заң аясында әркім өз таңдауын жасауға құқылы. Құқылы десек, не туралы дау туып, не жайында контр-әңгіме болып отыр?

«Олар жастардың санасын улау үшін жүр» деп, шошытатындар да бар. Eagles атанып жүрген фан-топтарды ешкім қаржыландырмайды, барлығы - бозбала мен бойжеткен, елдің әр өңірінен тауып аласыз. Өз ақыл-есі бар. Жындыханада есепте тұрмайды. Жалпымен бірдей білім алады. Сонда музыканың осы бір бағытын таңдауына зайырлы мемлекетте неге тыйым салынуы тиіс? Неге ашықтан-ашық қудалануы тиіс? Тағы бір даңғаза шығарып жүргендер – популистер. Жұрттың жақсы сөзін естігісі келіп, ұпай жинаушыларға еріп жүрген жастар көп.

Мен өзім үшін жауап берейін, мен осы топтың екі әнін тыңдадым, бейнебаянын көрдім. Алауыздық туғызатын, жік салатын ештеңе көрмедім. (Оларға еліктеп, киімімді, жүріс-тұрысымды өзгерткен жоқпын). Иә, олар тағып жүрген сырғасын басқалар да тағып жүр, олар киген жыртық шалбарды талайы киіп жүр, олардың биін талайы билеп жүр. Ал k-pop бар әлемге ашық таралған.  Түсінесіз бе, Ninety One болмаса да, авторлық құқыққа қарамай, өз мәдениет әлемге танытып жатқан корейлер Қазақстанға жетіп тынар еді. Біздің, жастардың алдында үлкен сын күтіп тұр. Өкінішке қарай, біз жақсы мен жаманның айырмасын білмей, өз даңғазамызды салудан жалықпаймыз. Осылайша бірінші сында-ақ өзіміздің комплексімізді байқатып қойдық. Мәселен, өткен ғасырда біздің жұрт музыканың бұдан асқан сұмдығын өткерді. Кала шалбардан бастап, бұйра шаш, Элвис Преслише тоңқаңдап билеу, үнді фильмдеріндегі кейіпкерлерге еліктеу, америкалық метал-топтар, 80-жылдардағы синти-поп, Elvis Presley, Chuck Berry, Royal Republic дегендер билеген рок-н-ролл, твист биі, осы сияқты элементтері көп субкультуралар халқымыздың басынан өткен. Әкелеріміз бен шешелеріміз сол заманның көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Олардан «Ол да бір өткен қызық дәурен» деген сағынышқа толы әңгіме естисіз. Жастарға жаңалық тән. Оны аға буын әрқашан түсінбей өткен, қарсы болған. Әке мен баланың қарсылығы әдебиетте тіпті бір толыққанды, әбден жазылған, ең көп талқыланған мотив екенін жадыда ұстауымыз керек-ақ.

Меніңше, бұл мәселені шын шешкісі келген адам өз психикасының ауытқымағанына көз жеткізіп, сабырға келіп, босқа даурықпай, өзінің келешектегі арман-мұраттарына ұмтылуы тиіс. "Маған ұнамаса - жойылуы керек" деген эгоны сәл де болса тұншықтыруға тура келеді. Музыканың бұл жанры да кетер, мүмкін қалар. Бірақ жастардың жұртқа ақыл үйретіп жүргені ерсілеу. Жастың жаһанның жағдайына алаңдап, ал қарттардың қыздарға қылтыңдап жүргені жайлы ойласам, шын қорқамын. Әлемді, өмірді танып көрмеген, тәжірибесі жоқ адамның ақыл үйреткені ыңғайсыз, ақылға қонбайды. Мен де ақыл үйретіп отырғам жоқ, өз ойымды жеткіздім. Бары осы ғана. 

P.S. Айтпақшы, видеода тақырыпты "шыжғыртатын" суреттер мен видеоүзіктер бар. Сондықтан, меніңше, бұл видеода топқа берілген баға обьектив емес.