Қара жол

Қара жол
жеке
блог

Ойға шомып жүріп келед көшемен,

Жолы болмай қойғаны рас кешеден.

Тұла бойын бір суытып, маздатып,

Шоқ кеудесін ауыр ойлар көсеген.


Қыран құстар қомдап жатса қанатын,

Құшақ ашып қарсы алуда қара түн.

Сол қырандай бір биікке ұшатын,

Күтіп жүр, ол сәтті күнін, сағатын.

 

Небір ойлар ал өзегін өртесін,

Ай да батты жамылып ап көрпесін.

Жарық аймен ауыр ойды батырып,

Нұрлы күнді қарсы алды-ол ертесін.

 

Арасында бір мұңайып, бір күліп,

Кетіп барад тас жолменен күн тынық.

Жолы болса секіреді қуанып,

Сол баяғы бала күнгі жындылық.

 

Ұнатушы ед бала күннен қаланы,

Қаланың да бір ашылмай қабағы.

Аппақ жолын көлденеңнен кес-кестеп,

Қайқаң басып қара мысық барады.

 

Ашаң көзбен сол мысыққа қарады-ол,

Бәріне де бір сілкінді бала қол.

Аппақ жолдан артық болып көрінді,

Ауылдағы шаңы шыққан қара жол.