«Қоштасқым келмейді...» - сенің тағдырың, өз қолыңда!

«Қоштасқым келмейді...»  - сенің тағдырың, өз қолыңда!
жеке
блог

Адамдар қоштасатын болса, неге кездеседі?!

Өмірдің мәні кездесу мен қоштасу ма?!

Ендеше неге жақын адамдарымызбен қоштасамыз?!

Бұл сұрақтарға жауапты қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанып жүрген жаңа қойылымнан табуға болады. «Қоштасқым келмейді...» қойылымының кейіпкерлері сұрағы көп, жауабы аз өмірдің кейбір сәттерін көрсете отырып, көрермендерге үлкен ой тастайды.

Расында да, бір-бірін сүйген жандар неліктен екі жаққа кетеді?! Неліктен шаңырақтарының шайқалуына жол береді?! Бір-бірін сүйе тұра, неліктен бірге бола алмайды?!

Отбасылық құндылықтарды қашан да жоғары қоятын қазақ елі бүгінде, өкінішке орай, ажырасу жағынан әлемдегі алдыңғы ондыққа кіреді екен. Мұның себебі неде?! Қойылым режиссері Асхат Маемировтың айтуы бойынша, басты себеп, отбасылық құндылықтардың әлсіреуінде. Сол үшін режиссер мен актерлік құрама алдына биік мақсат қойып, орыс драматургі А.Володиннің «С любимыми не расставайтесь» шығармасын қазақ сахнасына шығарып отыр. Басты мақсат – шаңырақтың шайқалуына жол бермеу.

Сүттей ұйып отырған, өз мемлекетінің тірегін бірге қалаған сегіз жанұя ажырасуға бел буады. Олардың тағдыры әр қилы, мінездері ұқсамайды, айырылысудың салдары да әр түрлі. Әлеуметтік жағдай, өзгелердің араласуы, бойдағы тәккапарлық, күмән мен күдік. Жанұя дегеніміз ол кішігірім мемлекет. «Отан – отбасынан басталады» дейді атам қазақ. Ал отбасы шайқалса, Отан да шайқалады. Ері мен әйелі өз жолдарымен кетеді, ал ортадағы бейкүнә сәбидің тағдыры не болмақ?!

Осы тағдырлардың барлығын театр актерлері көрермендерге жеткізе білді. Бақытыма орай, мен премьераны екі күн тамашаладым. Актерлердің екі құрамасы да керемет ойын көрсетті. Спектакль барысында көз жас алатын да, әзілдейтін сәттер де бар. Әдемі ән де бар. Шуберттің «Вечерняя серенада» туындысын театр труппасы орындайды. Заманауи музыкаға билейтін де солар. Қызығы, бұл қойылымда көз үйренген шымылдық жоқ. Актерлер де көрермендермен бірге қойылымды тамашалап, сегіз жанұяның тағдырының куәсі болады. Өмірдің кейбір сызат түскен сәттерін бірге жеңетін, бір-біріне деген адал махаббаттары арқылы жеңетін отбасылардың баянды ғұмырларының куәсі болады.

Өткен ғасырда жазылған бұл шығарма өзектілігін жоғалтпады. «С любимыми не расставайтесь» пьесасы талай театр сахнасында қойылып келеді. Оқиға желісі бойынша, фильм де түсірілген.

 

Сөз соңында! Театрға асығыңыздар, достар!

«Қоштасқым келмейді...»  - сенің тағдырың, өз қолыңда!