Назым ҚЫЗАЙБАЙ: Мақсатым - Олимпиада шыңын бағындыру

Назым ҚЫЗАЙБАЙ: Мақсатым - Олимпиада шыңын бағындыру
жеке
блог

Назым ҚЫЗАЙБАЙ - бокстан әйелдер арасынан әлем чемпионы. Осы ретте оның тұңғыш чемпион екенін де атап өткен дұрыс болар. Соңғы уақытта жарнамадан, телеарналар мен басылым беттерінен көп көрініп жүрген аруымызбен өзі оқыған мектептерінде кездесулер ұйымдастырылды. Сабырлы, нәзік әрі батыл Назым алғашқы сөзін балалық шағынан бастады. 

Бала Назымның бейнесі қандай?

Назым қарапайым отбасында дүниеге келген. Өмірге ұл келеді деп күтіп жүргенде көйлек киер қыз келіпті. Тіпті қыз болды деп әкесі біраз уақыт ренжіп жүрген де деседі. Бәлкім, боксқа, спортқа келуіне де осы жағдайдың әсері бар шығар?! Бала кезінен асық ойнап, одан қалса төбелеске араласып өскен. Футбол мен баскетбол ойнағанды жақсы көрген. Тіпті Алматыда спорт мектебі ашылды дегенде бастапқыда баскетболға барамын деп келген екен. Әйтсе де, құрбысы бокс туралы айтқаннан кейін таңдауын өзгерткен. Ол үшін спортшы өкінбейді. Қайта өз орнын тапқандай сезінеді. Алғашқы рингке шыққан кездері, жинаған әр тәжірибесі жадында. Ережені жақсы білмегендіктен жасалған қателіктерін де күліп еске алады.

"Тұңғыш чемпион" сезімі қандай болады?

Ол сезімнің қандай болғаны туралы Назымның өз аузынан айтқан сөзімен келтірейін:

Менің спорттық карьерамдағы маңызды кездесу ол Чеджу қаласында өткен Әлем чемпионаты. 48 келі салмақта алаңға шығып, бес кездесу өткіздім. Ақтық сынға үнді боксшысымен шықтым. Оған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында есе жібергенмін. Сол жолы қарымта қайтару үшін барымды салдым. Алтынға да қол жетті.
Шыны керек елге оралғанша жеңістің тәтті дәмі қандай болатынын сезініп үлгермедім. Тек әнұран шырқалған сәтте жүрегім әдеттегіден жиірек соқты. Жеңістің қуанышын тек Алматының әуежайына қонған сәтте жанкүйерлерімнің «Назым, Назым» деп айғайлаған дауысын естігенде барып сезіндім. Нағыз жеңісті өз жеріме келгенде ғана сезіне алдым. Жарыстармен көп елдерде болдым. Мысалы Германияның үйлері ертегідегідей, өте әдемі. Бірақ қанша әдемі болса да, басқа елде өмір сүргім келмейді. Мен Қазақстанды, Алматыны қатты жақсы көремін.

Кроссовка ма әлде биік өкше ме?

Назымның мерекелік кештерге арналған үш көйлегі бар. Біріншісін 8-наурыз қарсаңында Елбасымен кездесуге, екіншісін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесуге және үшіншісін "Kaspi қаһармандары" ролигі үшін алған. Оның айтуынша, бір күн биік өкшемен жүргеннен гөрі рингте жұдырықтасқан артық. 

Рингтегі Назым қандай?

Рингке шықса болды, Назым ешкімді естімейді. Десе де, бапкері Жұмабек Өмірзақов Назымды "жақсы естиді" дейді. Яғни, үзілісте келесі рингке берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды екен. Қолғап түйістірер сәт келген бойда әлемді ұмытып кетеді. Өзгелер жанкүйерлер үшін намысқа тырыстым десе, Назым керісінше - ештеңе сезбейді. Жалпы қорқыныш сезімінің болуы заңды.  Егер рингке шыққанда қорықпаса, қобалжи бастайды. Ал кездесуге дейін қорқыныш болатын болса, рингте өзін сенімді ұстайды. Бұл да болса Назымның өзіндік тактикасы деп түсіндік. 

Өмірлік мақсаты қандай?

Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды дейді. Әрине, бірінші кезекте әр спортшы Олимпиада чемпионы болуға тырысады. Алдағы жыл - Риода Олимпиада алауы жағылатын жыл. Барша Қазақстан осы сәтті күтуде. Назымның да басты мақсаты - 2017 жылы қазақтың туын желбірету. Ол үшін алдағы жарыстарда олимпиада лицензиясын иеленуі керек. Биыл Астанада өтетін әлем чемпионатында атағымды қорғауды да жоспарлап отыр.

Танымал болған қандай?

Әлем чемпионатынан соң көп адам тани бастайтыны анық. Бір сұраққа мың рет жауап бересің. Сұхбаттарға шақырып, бағдарламаларға кейіпкер болуға ұсыныстар түседі. Бұл жолы «Kaspi-мен бірге қаһарман» – әйелдер арасындағы бокстан тұңғыш қазақстандық әлем чемпионы Назым Қызайбай. Науқан аясындағы роликтер сериясының мақсаты – қажырлы еңбегі мен алға ұмтылуға деген құлшынысының арқасында керемет жетістіктерге жеткен қарапайым қазақстандықтар жайлы әңгімелеу.

«Менің жетістігімнің құпиясы мынада – мен әдеттегі жолмен жүрмедім, – дейді Назым Қызайбай. – Мен өз таңдауымды жасап, арманымның жетегіне ердім. Менің әрбір жаңа күресім – бірінші кезекте көлеңкемен, өзіммен жекпе-жек болып табылады. Әр жеңістің артында қарқынды жаттығулар мен өзімді ұдайы дамыту тұр».
Kaspi Bank «Қаһармандар Kaspi-мен бірге» бағдарламасының аясында Назым Қызайбаймен керемет бейнеролик түсірді, оны мына жерден көруге болады:


Осыған дейінгі қаһармандардың арасында әлемнің барлық ірі шөл далаларын жүгіріп өткен белгілі марафоншы Марат Жыланбаев; 16 жылдан бері өзінің бүкіл уақыты мен күшін асырап алған балаларына жұмсап жүрген 350 баланың анасы Тұяқ Есқожина; әлемнің ең биік 14 шыңын бағындырған альпинист Мақсұт Жұмаев бар.

Осы кездесуден соң көпшілік Назымды іштей жақсы көріп қайтты. Бәрінің айтатыны: қандай сүйкімді жан, өте тәрбиелі қыз екен және талдырмаш қыздың ширақтығына сөз жоқ. Бұлдай дейтініміз - көпшіліктің сұрауы бойынша Назым рингтегі бірнеше әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ, қазіргі таңда өзі де бапкерлікпен айналысып жүр. Боск саласында 27 жасқа дейін жүрсем деген жоспары бар. Кейін жаттықтырушы боламын деген ойын да жасырмады. Ашық әрі ақжарқын қыздың әңгімесін естіп, бір марқайып қайттық. Белестерді бағындыра бер, Назым! Біз сені әрдайым қолдаймыз!