Қарапайымдылық – қадірлі қасиет!

Қарапайымдылық – қадірлі қасиет!
жеке
блог

   Сәлем достар! Мен сіздерге маусым айында жазған жазбамды жариялауға бел будым. Сол кездегі ойым мен сезімімді жазған едім...

   Мен үшiн адам бойында кездесетiн ең керемет қасиет-қарапайымдылық!
Бүгiн аялдамада құрбымды күтiп отырған едiм, сол жерге аула сыпырушылар тобы келдi. Бұрын сыртынан қарағанда сарғыш киімдерін ғана көзiм шалатын, қандай адамдар екенiне қызығып қарап көрмеппiн. Бүгiн сол адамдарға жақыннан қарадым!
Мен отырған жерге келген аула сыпырушылар тобы бес адам екен. Үш әйел адам және екi ер адам. Ең жастауы қырық бес-елу жас шамасындағы әйел, қимылы ширақ. Ал қалған екi әйел адам алпыстың ар жақ, бер жағында болуы керек. Беттерiндегi ойдым-ойдым әжiмдерiнен өмiр жолдарында аз қиындық көрмегендiктерi көрiнiп тұр, саусақтары да ауыр еңбектен быртиып қалыпты, жел мен шаңнан қап-қара болып кеткен. Ендi ер адамдарға тоқталсам: бiрi қоқыс салатын тракторға ұқсас машинада отырды түрiн аңдай алмадым, екiншiсi алпыстардағы бiр аяғын сылтып басатын кiсi екен. Сол кiсiлердiң түр-сипаттарына қарап отыр едiм, бiр кезде қырық бес-елу жас аралығындағы әйел адам ақсап басатын ер адамға: "осы сыпырғыш саған ыңғайлы болады ғой" деп сыпыртқы әкеліп берді. Ана кiсi сыпырғышын қоқыс салғыш көлікте отырғанға көрсетiп қуанды, бәрi мәз-мейрам. Осындай кiп-кiшкентай сыпырғыш осынша бақыт сыйлайды деп ойламаппын, қызық! Неткен қарапайымдылық! Оларды қымбат көлiктер де, виллалар да қызықтырмайды, себебi олардың өздерiнiң қарапайым әлемi бардай көрiндi маған!

  Университет табалдырығын ендi аттап, студенттiк өмiрдiң дәмiн бiлмесем де, студент атанғанға мәз болып, СРСП мен практикалық сабақты ажырата алмай жүрген 1- курстың бас кезi едi.Тобыма ендi-ендi үйренiп келе жатқан кезiм. Жан-жақтан жиналған еркесi де бар,салмақтысы да бар бұл топ кәдімгі бірінші курс студенттері еді.

   Бiрақ олардың басқалардан ерекше, маған ұнайтын бiр қасиетi болатын. Ол-қарапайымдылық. Оларға сенiң қандай киiмде, қандай ұялы телефон ұстағаның маңызды емес, ең бастысы адамша жақсы сөйлессең жететiн едi. Бұл жолы да қарапайымдылыққа тәнтi болдым!
Сол алғаш сабаққа барып жүрген кезiмде ағам менен:
- тобың қалай екен? дегенде
- жақсы балалар екен қарапайым!- дедім. Сол кезде ағам күлiп:
-сен үшiн қарапайым адамның бәрi жақсы ма?!- деген едi.
Бiрақ расымен де мен үшiн қарапайымдылық деген барлық жақсы қасиеттердiң ортақ атауындай ал, қарапайым адамның жаман болуы мүмкін еместей көрінеді!