Белгілі тұлғалардың қорқынышы

Белгілі тұлғалардың қорқынышы
жеке
блог

Бернард Шоу: «Қорқыныштың құлы болу – құлдықтың ең сорақы түрі» деген. Адамзат баласы пайда болғалы бері үрей сезімі қатарласып өмір сүруде. Бірі оттан, бірі судан, бірі өлімнен қорқыды. Ал кейбір адамдар жыртқыш аңдардан қорыққаны былай тұрсын, кіп-кішкентай жәндіктерді көргенде, зәре құты қалмай қашады. Ғылыми тұрғыдан бұл қорқыныш фобия деп аталады. Фобия грек тілінен аударғанда "қорқыныш" деген мағнаны білдіреді екен.

Пенде болған соң, кез келген адам баласының осал тұсы болары айдан анық. Ешкімнен, ештеңеден қорықпаймын деген адамның өзі, күндердің күнінде бір нәрседен үрейленеді. Тарихта аты аңызға айналған, мықты адамдардың өздерін де қорқыныш сезімі билеген. Мәселен, үрейлі фильмдерді дүниеге әкелген режиссер Альфред Хичкок жұмыртқа, доп, тіпті аспанда қалықтаған шардан, домалақ заттардан қорқады екен. Ал сұлулықтың символына айналған әйел затын сипаттайтын, қиыннан қиыстырып, шығармаларының өзегі еткен ақындар мен суретшілер сұлу әйелдерден қорқады. Оған дәлел - суретші Михаил Врубель сұлу әйелді көргенде, өне бойын үрей билейді екен.

Ганс Христиан Андерсен өлімге байланып, топырақ астында қалудан қорыққан. Ең қызығы, француз жазушысы Онере де Бальзак үйленуден қорыққан. Осы орайда, "үйлену - оңай, үй болу - қиын" деген қазақ мақалының жаны бар. Әлемді жаулап үлгерген Наполеон Бонапарт қарапайым мысықтан қорқатын болған.Талай елге соғыс ашып, қан төгуден қорықпаған қолбасшының мысық мысын басуы - таңқаларлық жайт. Тіпті, қаһарлы Сталиннің де мысық дегенде төбе шашы тік тұрған. Әйгілі Эйфель мұнарасын тұрғызған Гюстав Эйфель биіктіктен қол-аяғы босап қоя берген. "Өрмекші адам" фильмінде ойнаған Тоби Магуайер өрмекшіден қатты қорқады. Шетел азаматтарының қорқыныштын қоя тұрып, қазақ елінің танымал адамдарының неден қорқатынын көрейік.

Әнші Айгүл Иманбаева бала кезінде итке тамак беріп жатқанда, ит өзіне қарай бас салады. Содан бері итке деген қорқынышын қанша тырысса да, жеңе алмапты. Ал әнші Өмірқұл Айниязов пен скрипкашы Жәмила Серкебаева қараңғылықтан сескенеді екен. Алтынай Жорабаева бақадан қорықса, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова судан зәресі ұшады. ҚР Халық әртісі Майра Ілиясова тыңдармандарым азайып қалудан үрейленсе, "Алашұлы" тобы сахнаның киесінен сескенеді екен. Өз басым мысықтан қатты қорқамын. Туған-туысқандарымның үйіне барғанда, мен кеткенше мысықты бір бөлмеге қамап қоюын өтініп жүремін. Ал сіз неден қорқасыз?