Келесі жолы...

Келесі жолы...
жеке
блог

Футболдан ел чемпионаты да аяқталды. Кестеде "Қайратым" екінші орынға ойысты. Шыны керек, күні кешеге дейін үміт үзілмеген еді. Бірақ өкінішке орай бірінші орын бұйырмады. Бәрін өздеріңіз де көріп-білген боларсыздар. Мұңайғаным рас, бірақ ойлап қарасам қуанышқа да себеп жоқ емес екен.

Осыдан төрт жыл бұрын мен бұл күміс жүлдені түсімде көретінмін. Ол кезде бұл күміс пен алдыңғы жылғы, былтырғы қола, ел кубогы мен үшін алыс болашақтың еншісіндегі дүниелер сияқтанатын. Ол кезде "Қайрат" жыл басындағы бірнеше ойыннан кейінгі кестеде бесінші тұрғаны мен үшін зор қуаныш еді. Олар төменнен санағанда екінші тұрса да, соңғы емеспіз деп мәз болатынмын. Мен: "Қонақта жеңілсе жеңілсін, үйде ең құрығанда тең ойнаса екен" деген арманмен жүрген кездерді де бастан өткізгенмін.

Есімде, бір жылдары клубтың қаржылай мәселесі шешімін таппай, жанкүйерлер болып президентке хат жазғанбыз. Сонда, "Қайраттың" жабылуы жайлы әңгіме жүрді. Хатты жолдадық, оған қоса өзіміз де құр отырмай ақша жинайық деді бір кісілер. Студентпін, менде шәкіртақыдан басқа қандай ақша болсын? Бір ай аш жүретінімді, жолдың ақшасын енді үйдегілерден алатынымды, ары-бері қыдырғанға ақша болмайтынын ойласам да, еш кідірмей сол шәкіртақыны бере салған едім. Абырой болғанда демеуші табылып, менің сол 11 мың теңгем клубқа қажет болмай, өзіме қайтып келді.

Тағы бірде таныстардан: "Сол клубтың ойындарына барып жүрген сен де жынды екенсің" деген сөздерді естігенім былай тұрсын, мен ойыннан келе жатқанда талай адам көшеде сары-көк шарфты көріп күле қарайтын, сынай қарайтын. Иә, мен осының бәрін клубпен бірге көрдім. Мен олардың артынан тамыздың аптап ыстығында Қызылордаға, қарашаның суығында Астанаға бардым. Олар ең әлсіз ұжым боп жүргенде жандарында жүрдім, олардың кішкентай жеңістеріне қуандым.

Ал бүгін, бүгін мен неге мұңаюым керек? Менің "Қайратым" Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде атышулы "Црвена Звезданы" шаң қаптырмай кеткенде, іріктеудің соңына дейін жетіп азулы "Бордоны" жеңгенде, ел чемпионатында соңынан емес, алдынан санағанда екінші орын алып жатқанда, мен неге мұңаюым керек? Мен қуаныштымын! Менің қуанышым, бәлкім, 2010 жылы чемпионатта қалғанымызға қуанғанымдай емес шығар, бірақ одан айтарлықтай кем емес! Бастысы, үмітім үзілмеді, үзілмейді де. Мен аман тұрғанда, "Қайрат" жанкүйерсіз қалмайды. Чемпиондықты 11 жыл күттім, тағы бір жыл күтермін. Есесіне, жеңістің дәмі тәттірек болады!

Пы/сы: 12 жыл күтуден тәжірибеміз бар ғой... 1992... 2004...