Бағдарламашы карьерасын бастау жолындағы нақты амал-әрекеттер.

Бағдарламашы карьерасын бастау жолындағы нақты амал-әрекеттер.
жеке
блог

Сәлеметсіздер ме, құрметті де қадірлі массагет оқырмандары. Мақалаларым шықпай қойғанына біраз-ақ уақыт болыпты. Ол үшін сіздерден кешірім сұраймын. Белгілі-бір жағдайларға байланысты, мақала жазуға қолым босамай қойды. Есесіне сіздерге осы мақалада өте пайдалы ақпараттар жеткізгім келіп тұр. 

Бұл мақалада бағдарламашы болып жұмысқа кіру үшін нақты не жасау керектігін сіздерге түсіндіруге тырысамын. Бір мамандықты толығымен меңгеріп шығу үшін көп жылдар керек болады. Жоғарғы оқу орындарының өзінде 4 жыл уақыт жұмсалады. Сондықтан, 2-3 айда мамандықты меңгере қалып, жоғары жалақылы жұмысқа кіре қаламын деп қатты үміттенбеген дұрыс. Дегенмен, бір саланы 100 пайыз меңгермей-ақ, белгілі-бір дәрежеге жеткенде, жұмыс жолын бастай беруге болады.

Қарапайым мысал келтіретін болсам, сіз математика пәнінің репетиторы болып жұмыс жасағыңыз келеді. 5-ші сынып оқушысын оқыту үшін сізге 7,8,9,10,11-ші сыныптардың материалдарын меңгеру қажет емес. Демек, сіз репетитор болу үшін, алдымен шамалы уақыт бөліп 5-ші сынып материалын меңгердіңіз. Сосын сіз 5-ші сынып оқушыларына репетитор болып жұмысты бастап жібердіңіз. Жұмыс барысында сіз келесі 6-шы, 7-ші, 8-ші сыныптардың материалдарын оқып жүресіз. 6-сыныпты дайындалып біткеніңізден соң, 5-ші сынып пен қатар 6-шы сынып оқушыларына да сабақ бере бастайсыз, соң 7-ші сынып, 8-сынып, осылай 11сыныптың бәрін толық меңгергеніңізге дейін жылғастыра бересіз. "Логично" шығар деп ойлаймын.

Тура сол сияқты, бағдарламашы болып жұмыс бастау үшін де, барлығын толық меңгеріп болып қана емес, белгілі-бір бөлігін меңгергеніңіз жеткілікті болады. Бұл меңгеруге тиіс болған білімді - "минималды білім" деп атайық. Демек, сіз минималды білімге ие бола салысыңызбен, жұмыс қарастыра беруіңізге болады. 

Келесі мәселе - ол осы минималды білімге не жатады және оны меңгеруге қанша уақыт кетеді, соны анықтау қажет. Ақпараттық технологиялар өте кең ауқымды және көптеген салаларға бөлінеді. Оның әрқайсысында минималды білім деңгейі және оны меңгеруге кететін уақыт көлемі әр-түрлі болуы мүмкін. 

Осы мақалада мен WEB-бағдарламашы мамандығы жайлы айтқым келеді. Біріншіден, бұл сала үйреніп кетіге жеңіл салалардың бірі болып саналады, екіншіден, бұл саладағы минималды білім көлемі аса үлкен емес және өте көп уақытты талап етпейді, үшіншіден, мен осы саланың маманы ретінде сіздерге құнды кеңестер бере аламын. 

Сонымен, web-бағдарламашы деген кім? Web деген сөз ағылшын тілінен аударғанда "өрмекшінің торы" дегенді білдіреді, былайша айтқанда бұл ғаламтор. Ғаламтордағы сайттарды құрастыратын адам - web бағдарламашы. 

Web - бағдарламашылардың жалақысы 100 мың теңгеден бастап 400 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. 

Web - бағдарламашы болу үшін меңгеру керек болған минималды білім төмендегіше:

1. HTML және CSS. Бұл web-тің әліппелері деуге болады. Бұлар сайттың қаңқасын құрастыру үшін қажет. Екеуі екі түрлі нәрсе болғанымен, бір-бірімен тығыз байланысты. Көбіне HTML мен CSS - ті бірге қосып үйретеді. Бұл сатыны меңгеру аса қиын емес. Ықыласпен оқитын болсаңыз 1 ай ішінде меңгеріп алуыңызға болады. 

2. PHP және MySql. PHP - ол нағыз бағдарламалау тілі. Осы жерде сіз бағдарламалауды үйренесіз. Веб бағдарламалауда қолданылатын python және ruby деген сияқты кең таралған тілдер де бар. Бірақ Қазақстанда, ТМД елдерінде ең көп пайдаланылатын тіл ол PHP. Сонымен қатар, PHP үйреніге жеңіл тіл болып саналады. PHP - ді меңгеру - біздің бағдарламашы болу жолымыздағы ең маңыздысы. Сондықтан, бұған көбірек уақыт кетеді. PHP- бұл сайттың моторы, миы деуге болады. Жаңағы айтқанымдай ынтамен оқыр болсаңыз 4 айыңызды өте пайдалы, әрі өте қызықты PHP - үйренуге жұмсайсыз. 

MySql - ге келетін болсақ, бұл дерекқор(база данных) сақталатын орын. Дерекқор сақтауға арналған инструменттер де өте көп. Мысалы, PostgreSql, SqLite т.б. Бірақ жаңағы PHP сияқты, MySQL база сақтағыштардың арасындағы ең көп таралған және көп қолданылатыны. 

MySQL - ді бастан аяқ оқи беретін болсаңыз сіздің бірнеше жыл уақытыңыз кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан сізге бұның да минималды білімін меңгерсеңіз жеткілікті. Көбіне оны PHP курстарымен қосып оқытады. Сол себепті бұған кететін уақытты жаңағы 4 айдың ішіне қосып жібереміз.

3. Javascript және Jquery. Javascript сайттардың бетіндегі неше түрлі сәндіктер, айналып тұратын суреттер, шығы келетін терезешелер, менюға меңзерді апарған кезде төмен қарай түсе қалатын қосымша менюлар және сол сияқты нәрселерді жасауға қолданылады. Бұл сайт жасау саласында ғана. Басқа салаларда Javascript - тің қолданылу аялары өте көп. Javascript- тің бәсекелесі жоқ деуге болады. Сондықтан мұны үйренгеніңіз жөн. Jquery деген Javascrip-тің баласы деуге болады. Оның Motools, Angular.js деген сияқты бала-шағалары да бар. Бірақ біз минималды білім жайлы айтып тұрмыз. Сондықтан маған сеніп Jqyery - ден бастай беріңіз. Мұның бәріне менің есептеуім бойынша 1 немесе 2 ай кетуі мүмкін. 

Мінекей, 6 айымыз да бітіп қалды. Жоғарыда аталған технологияларды меігеретін болсаңыз, сіз өзіңізге жұмыс қарастыра берсеңіз болады. Егер, білімімді тағы да кішкене арттырып, жұмысқа орналасуға мүмкіншілігіңіз жоғарыласын десеңіз төменгі айтылғандарда да меңгеріп алыңыз:

4. PHP - framework. Фреймворк деген ол тілдің кітапханасы, инструменттері. Бұл сіздің өміріңізді қатты жеңілдетеді. Мұны пайдаланып, сіз сайттарды әлдеқайда жылдамырақ және қауіпсіз етіп жасай аласыз. Сонымен қатар, әрине, жұмысқа тұру мүмкіндігіңіз артады. 

Кең таралған фреймворкарға Kohana, CodeIgniter, Zend, Yii, Laravel сияқтылар жатады. Осының бірін таңдап үйренсеңіз болады. Жеңілірек және заманауиларының бірі ол - Yii - framework. Фреймворк жайлы минималды білім жинау үшін сізге 1-2 ай уақыт керек болады. 

5. SVN немесе GIT. Бұл жұмыс жасауға арналған құралдар. Үлкен жобаларды топ болып жасаған кездегі таптырмайтын зат. GIT осындар құралдардың ішіндегі ең атақтыларының бірі. Мұны үйренуге де 1 немесе 2 ай уақыт кетуі мүмкін.

Егер тізіміңізді осы бесеуінің барлығымен толтыратын болсаңыз жұмысқа кіру сіз үшін әлдеқайда оңай болады. Әрине, жұмысқа орналасар алдында сізден жұмыс тәжірибеңізді және жасаған жұмыстарыңыздың портфолиосын сұрауы мүмкін. Бірақ сіз, өте ақылды азамат ретінде, осы 8-9 ай үйрену барысында бірнеше сайттар жасап үлгересіз. Әне сізге портфолио. 

Егер сіз дәл қазір 4-курс студенті болсаңыз, іске кірісіңіз. Дәл жететін уақытыңыз бар. Жаздыгүні дипломыңызды ала салысыңызбен қиналмай жұмысқа кіріп кетесіз. 150-200 мың теңгеден аз айлыққа келіспеңіз) Сіздің біліміңіз өте жоғары) 

Мен атаған тізімді дәл осындай ретпен оқыңыз. Пайдасы жоғары болады. Ал бұл нәрселердің әрқайсысын қайдан үйренемін, ақпарат қайдан аламын деген сұраққа жауапты алдағы мақалаларымда беретін боламын. 

PS. Егер сіз Астана қаласында тұратын болсаңыз және Web - бағдарламалауды тікелей мұғалімнен үйренгіңіз келсе, менің курсыма келсеңіз болады. Көптеген кісілердің кеңестеріне сүйеніп, Астана қаласында қазақ тіліндегі бағдарламалау курстарын ашып отырмын. www.profiteam.kz сайтынан ақпарат алуыңызға болады.

Назарларыңыз үшін алғысымды айтамын! Пайдалы болды деген үміттемін.