жол дорба

жол дорба
жеке
блог

Бүгін таңертең үлкен, қара жол дорбама заттар салып жатқан болатынмын. Әдетімізше мейілінше көп зат сиғызуға тырысып нығыздап, күштеп салып, сыдырмасын (замок) әзер дегенде былай да- былай да қысып жатып жаптым. Бір үлкен тірлік бітіргендей болып ентігіп, ырсылдап еденге отыра кеттім. Біраз сомкеме қарып отырып бір ойға келдім: 

Осы біздер жақсыдан көп алып қалсақ, ал қиын іс немесе жағымсыз дүние болса өзгелердің мойнына асып қойсақ деп тұрамыз. Жақын туыс не болмаса жақын дос өмірде бар жақсылықтарын үйіп төгіп жатып, бір жағдайға қарай көмек қолын созбай қалса бітті, бірден жамандап, бүкіл жақсылығын ұмыта кетеміз.

Сол қытайдың қара сөмкесі салған затымызды көтере алмай жолда жыртылып не сынып қалса, "қара қытай істеген ісі еш сапасыз"-деп алда келіп жамандаймыз. Арасында алды арты жоқ боқтап боралапта алатынымыз тағы да бар. Ал неге сол сөмкенің неше салмақ көтере алатынын қарап білмейміз? Не салуға болады, ал нені салуға болмайды содан хабарымыз бар ма? Жоқ, сол заттарды көтеру үшін жасалған, яғни мен қалаған мөлшерде көтеру керек деген ойды басымызға қондырып алып, арғысын ойланғымызда келмейді.

Айтып өткендей достарымыз, туыстарымыз біздің барша еркелігімізді көтеруі, әрқашанда көмек қолын созу керек деген ой әрқашанда баста тұрады. Себебі ол жақынымыз, ал жақын жандар әр қашанда көмек көрсету керек. Біреу солай заң жазып қойғандай. Сөмкенің көтере алатын мөлшері бар секілді, адамның да шама шарқы деген болады. Бір сәт соны да есепке ала жүрген жөн...