Менің арман жолым!

Менің арман жолым!
жеке
блог

Сәлем, Массегеттіктер! Алдыңғы жолы уәде бергенімдей, осы жолы мен мамандығымды қалай таңдағаным жайында айтып бергім келеді.

Кішкентай кезімізде "Өскенде кім боласың?" деген сұраққа бірі дәрігер, бірі ұшқыш, бірі дүкенші, ал енді бірі өрт сөндіруші боламын деп жауап беруші еді. Мен де қатарластарымнан қалыспай, "Мен өскенде сыныбымның бәрі 5 деген баға алатын ұстаз боламын" - деуші едім. Әрине, ол бала кездегі арманым еді. Дегенмен, шешуші сәт жақындаған сайын "Кім боламын?" деген сұраққа жауап табу қиындай түседі екен. Менің түсінігімде "Қандай маман иесі болмасам да, ең бірінші адам болуды мақсат қылуым қажет" - деп таптым. Алайда алтын ұяңмен қоштасқан кезде мамандық таңдау кезеңі көп уақыт күттірмей тез жолықты.

Мектеппен қоштасып, қолыма құжаттарымды алып, өз өңірімдегі жоғарғы оқу орындарының біріне басымды сұқтым. Таңдау пәнім - география. Әлі есімде, мемлекеттік грантқа үміткерлер бақтарын шілде айының соңғы аптасында сынады. Мен де қалыспай аптаның алғашқы күні-ақ сол жерден табылдым. Бар ойым ата-анама ауырлық түсірмей, мемлекеттік грант иегері атану. Бірақ үміт аздау, өйткені география пәні арқылы мемлекеттік грант иегері атану өте қиын. Дегенмен, үмітімді үзбей, құжаттарымды тапсырдым. Өзіңіз білетіндей, төрт мамандықтың грантына үміткер бола аламыз. Алғашқы мамандықтырға бала кездегі арманға жол беріп, ұстаздық жолын таңдадым және өз қаламыздағы оқу орындарына тапсырдым. Ал төртінші мамандыққа келгенде ұзақ ойландым. Алдыңғы жылдардағы барлық статистиканы қарап отырып, "Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі" мамандығы көзіме түсті. Аталуы өзгеше, бірақ арман болып қана қалмаса екен деген үмітпенен осы мамандықты төртінші мамандыққа жаздым. Сөйтіп, уақыт өтіп жатты. Ал мен үшін уақыт тоқтап қалғандай. Себебі бір жауапты күткенде уақыт өтпей қояды емес пе?! 

Тамыздың 9-ыншы жұлдызы. Тәтті ұйқымды телефон шылдыры оятты. Бұл дауыс ұнамағанымен оның арғы жағындағы дауыс қатты ұнады. Себебі бұл менің мемлекеттік грант иегері атанғандығым  жайлы сүйінші хабардың дауысы еді. Сөйтіп мен сол күннен бастап Алматы Технологиялық Университетінің "Экономика және бизнес" факультетіндегі "Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі" мамандығының студенті атандым. Әрине, қуанышымда шек болмады. Ата-анам да, ұстаздарым да, достарым да қуанды. Ал мен болсам кіндік қаным тамған жерімді, бағып-қаққан ата-анамды, білім берген ұстаздарымды, әр күн жанымнан  табылатын достарымды қимай-қимай арман қала Алматыға жолға шықтым...