Мектеп дефилесі

Мектеп дефилесі
жеке
блог

Қазіргі кезде Қазақстандағы мектептерде оқушыларға бірыңғай форма тігізіліп жүр. Бұл саясат оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсарту және олардың мектеп ішіндегі тәртібін күшейту мақсатында қолданыллған. Алайда кейбір "тапқыр реформаторлар" осындай заңды ұстаздарға да қолданайық деп жүр. Менің ойымша, бұл ең ақылсыз және өрескел идеяарының бірі. 

Біріншіден, бұл мұғалімнің денсаулығына жағымсыз әсер тигізуі мүмкін. Мысалы, менің анам орыс тілі мұғалімі болып жұмыс істейді, бірақ оның мектебінің директоры оқытушыларды жұмысына емес, киім үлгісіне қарап сынайды. Сондықтан, анам қыста да, жазда да жұқа копрон шұлықтар және белдемше киюі тиіс, алайда қыс мезгілінде осындай киіммен ауырып қалу мүлде оңай.

Екіншіден, форма тіккізу үшін мұғалімдер қосымша ақша шығындау қажет. Кейде мектептердің талап ететін формасы қымбат ательелерде тіккізеді, сонда осындай формаларға ақшасы келмейтін ұстаздар не істеуі керек? Бұл сұраққа мектеп администрациясы жауап беруге күш кетірмей, мұғалімді жай ғана жұмыстан да шығарып жіберуі мүмкін.

Үшіншіден, мұғалімнің киетін формасы өзіне ұнамауы мүмкін. Мұғалімдер кішкентай балалар емес, олардың өмір бойы өзіндік стилі және киімге деген көз-қарасы, талғамы бұрыннан қалыптасқан. Адамдар киім киіп, өзінің кім екенін көрсетеді, және ішіндегі жан дүниесіне сай киім таңдайды. Ал егер бәріміз форма киіп бастасақ бізден не қалады? 

Әрине, осындай саясаттың тиімді жақтары жоқ деп те айта алмаймын. Әрбір мектепте финанстық жағдайы төмен әрі жоғары ұстаздар да кездеседі, және бірыңғай форма енгізу оларға тең дәрежеде болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кейбір мұғалімдердің орынсыз киім кию қаупі де бомайды, бірақ әркімнің өзіне киім таңдау құқығы бар.