Кітап деген өмір менен өнеге (байқау)

Кітап деген өмір менен өнеге (байқау)
жеке
блог

    Байқаудың алғашқы аптасы аяқталып, бүгін мәресіне жетіп отыр. Алғашқы аптаның алғашқы нәтижесін жариялайтын уақыт жетті. Сіздерге әр апта сайын "Абай жолы" романының 4 бөлімін оқып, ондағы өзіме ұнаған кейіпкерімді баяндайтын боламын деп уәде бергенмін. Сонымен, ол кейіпкер кім болды екен?

   Бірде ақын Мұхамеджан Тазабеков Англияға іс-сапармен барғанда жоғары Парламент өкілімен сөйлесіп, әңгіме барысында мынадай сұрақ қойыпты:"Сіздердің елдеріңіз 30 елдің ішінен экономикалық-әлеуметтік жағынан ойып тұрып орын алып тұрсыздар. Бізде соған талпынып жатырмыз. Ал, енді сіздерді не қызықтырады? Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?" - депті. Сонда әлгі азамат:"Біздің ел экономикалық-әлеуметтік жағынан алда тұрғанымызбен, біз отбасы құндылығын жоғалтып алдық. Ал, ол сіздер де бар. Егер де сіздер 30 дамыған елдің ішіне кіріп жатсаңыздар, сіздер бізден де асып түсесіздер!" - деген екен. Шынымен, біздің халық материалдық жағынан бай болмаса да, рухани жағынан бай ел. "Отан отбасынан басталады" - демеуші ме еді?! Ал, сол отбасын бір қабағымен басқарып, тәрбиеге аса көңіл бөліп, қызын қырық үйден тиып, ұлын ержүректілікке баулитын асқар тау әкелер емес пе?! Бүгінде қазақ отбасыларының қаймағы бұзылмауына әкенің қатаң тәрбиесі бірден бір себепші ғой. Бұл тектілік ежелгі ата-бабаларымыздан қалғанына көзім жетіп жатыр. "Абай жолы" романын оқығалы бері көзіме бірден түскен кейіпкер - Абайдың әкесі Құнанбай болды.

   Құнанбай - әкесі Өскенбайдың бәйбішесінен туған жалғыз ұл әрі қара шаңырақ, дәулет пен әмір иесі. Абайдың жасөспірімдік шағында Құнанбайдың заманы жүріп тұр еді. Үлкен әкесі Ырғызбайдан тараған 20 ауылдың ішінен Құнанбайдың алдын ешкім кесе көлденең өтіп көрген емес. Өз отбасының, өз ауылдарының арасында даулы мәселені бірден шешіп отырған. Көсем де өткір тілдің иесі Құнанбайдың алдында ешқандай адам оған деген ашу ызасын ақтаралмай, алдына келгенде оның мысы кез келгенді басып тастайтын. Ел ішінде араздық тудырған адам болса оны бірден сыбағадан айырып, жазалап отырған. Соның арқасында бір-бірімен күндес әйелдер де өз араздықтарын сыртқа шығара алмайтын. Отбасылардағы баласын да, анасын да, әкесін де, кәрісін де от басынан әрі шығармай, басып отырған. Оның жұрты Құнанбайдың қабағын бағып, айтқанын екі етпей түсінетін. Осылай, Құнанбай өзара бірлік-табысқа жетелейтінін жетелей танытқан. Осыны халық ұғынғалы ауыл жұрты шетінен бай дәулетті тұрмыс кешті. Қалың Тобықты руының ішінде ең мықты, ең қолшыл ауылдар болды.

   Сонымен қатар, Құнанбайдың даналығы мен көсемдігі ел арасында кең танылған. Шалғайдағы ауылдардан адамдар келіп ақыл-кеңес сұрайтын.

  Міне, Абай жолындағы алғашқы сүйікті кейіпкерімнің қысқаша баяндамасы. Негізі, кейінгі ұрпаққа осындай текті тұлғаларды жиі насихаттау қоғамға аса қажет дүние. Әр қазақ баласы осындай текті аталарын үлгі тұтып, өнеге алса жерде қалмасы сөзсіз!