Мақсаттарым жетістікке жетелейді(байқау)

Мақсаттарым жетістікке жетелейді(байқау)
жеке
блог

 Алдыңа қойған мақсатыңа шын көңіліңмен ден қойсаң міндетті түрде жетесің. Менің де басқалар секілді мақсаттарым өте көп. Өкініштісі, оның бәрі үш айдың ішінде орындалатын мақсаттар емес. Мен үшін де көптеген оқушылар секілді ең маңызды әрі басты мақсатым- ата-анамның үмітін ақтап, ҰБТ-да жоғары балл жинап ,жоғарғы оқу орнына түсіп грант иегері атану. Жә,мұның бәрін тізіп отыра берсем бүгін бітпесім анық, одан да іске көшіп келер екі айға тізім жасайын.

   Ең бірінші мақсатым-Қазақстан тарихын толығымен жатқа білу. Яғни, оқулықтардың бәрін қайталап,шың кітап бойынша дайындалу. Өз елінің тарихын білу әрбір қазақстандықтың міндеті. Сонымен қатар бұл пән ҰБТ пәндерінің қатарында да бар. 

  Екінші мақсатым өзіме рухани азық жинап, түрлі әдеби шығармаларды оқи отырып ой-өрісімді дамытып, тіл байлығымды арттыру. Алдымен, Төлен Әбдіковтың "Қонақтар", "Оң қол" және "Бассүйек" әңгімелерін оқу. Содан соң Батыс Еуропаның детективті әдебиетіне шолу жасамақшымын.Атап айтар болсам Артур Конан Дойлдың "Шерлок Холмстың басынан кешкендері" және менің сүйікті жазушым Агата Кристидің "Он қарадомалақ" романын оқып шықсам деп алдыма мақсат қойдым.

  "Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда" демекші алдағы уақытта бар күш-жігерімді мақсаттарыма арнамақшымын. Массагет порталы ұйымдастырған бұл байқау оқушыларға бір оқпен екі қоянды атуға көмектесетін секілді. Тіпті, жеңіске жетпеген күнде "бастысы жеңу емес, бастысы қатысу" деген сөз бар емес пе?! Яғни,  жеңіске деген талпыныс арқылы мақсаттарымызға жетеміз.

   Құрметті сайысқа қатысушылар!Бәріңіздің мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспін. Ал, өзім нәтижелеріммен әрдайым бөлісіп отыратын боламын!