Мақсат? Әрине, ол менде де бар! (байқау)

Мақсат? Әрине, ол менде де бар! (байқау)
жеке
блог

Құрметті менің Массагеттік достарым! Мақсатына Массагетпен бірге жетуге асыққан, сол үшін еңбектеніп, талпынып жатқан қазақ елінің әр түкпіріндегі менің жаңа достарым! Қазақта "Сәлем - сөздің анасы" демей ме? Ендеше барлықтарыңызға СӘЛЕМ!

Текті сөздің төресі, данышпандық пен пәлсапаның мәйегі саналатын терме өнері кең қанат жайған қасиетті Сыр өңірінен байқауда бағын сынағалы, шығармашылығын шыңдағалы отырған Гүлдәрі қыздарыңыз мақсат туралы және өз мақсаттары жайлы ой қозғағысы келіп отыр.

Өмірде тыным таппай, басқалардан гөрі көп қозғалыста болатын, бірақ бір орнында тұра беретін адамдар бар. Себебі неге? Иә... Себебі, олардың алға қойған мақсаты жоқ. Ал мақсаты бар адам жай қозғалса да, көпшіліктің алдын орап, озып кетері анық. Онда не тұрыс! Мақсатымызға жетуге асығайық!

Көп созып не керек, байқаудың талабы бойынша, мақсаттарыңды тізіп шығу керек екен, онда өз мақсаттарыммен бөлісейін:

Бірінші мақсатым: ағылшын тілінен "Elementary" деңгейін аяқтап, "Upper Intermediate" дәрежесін оқып бітіру.
 
 
Екінші мақсатым: Қазақстан тарихы кітабының І-ІІ бөлімдерін оқып бітіру.
 
 
Үшінші мақсатым: Орысша білімімді жетілдіру.
 
 
Алдағы уақытта 11-ші сыныпқа аяқ басып, мектептің абыройын арқалайтын сәт те туындайды. Өзімнің де, осы уақытқа дейін аялап, мәпелеп өсіріп отырған отбасымның да, мектептегі екінші аналарымыз ұстаздарымның да сенімін ақтағым келеді (Алтын белгіге үміткермін). Уақыт өткен сайын үстіме артылған үлкен жауапкершілікті сезінемін. Сол үшін білімімді тереңдетіп, әрі қарай жетілдірмек ойым бар.

Мақсаттарыма қол жеткізу үшін:

1) Аптаның дүйсенбісі мен сенбісі аралығында ағылшын тілінен 8:30 бен 10:00-дің арасында курсқа барып, сабақтан қалмау;
 
2) Күнделікті қазақстан тарихы пәнінен 1 тараудан дайындалып, сол тарауға берілген тест сұрақтарына жауап беру.
 
3) Әр күн сайын сағат 17:00 мен 18:00 аралығында орыс тілі пәні бойынша дайындық кітаптары мен тест тапсырмаларын орындап, талдау.
 
Бұл ережелерді уақытымен орындап отыру үшін үлкен табандылық пен қажырлылық, оқуға деген үлкен талпыныс қажет-ақ. Бұл орайда маған Массагеттің көп көмегі тиеді деп ойлаймын. Себебі жеңіске деген ұмтылыс мені қойш деп қол сілтей салатын жалқаулықтан, ертеңіне сенетін еріншектіктен босатып алары анық (бойымда кішкене жалқаулық бар екенін мойындаймын). 
 
Бастысы адам өз-өзін жеңе біліп, ішкі дүниесін бағындыра отырып, мақсатқа жету жолында талпындыра білу. Бұл орайда біз Томирис тобының қыздары мақсатымызға бірге ұмтылудамыз.
 
 
Байқауға қатысудағы ең бірінші мақсатым: Өзімді рухани және мәдени жағынан дамыта отырып, уақытымды тиімді, пайдалы іске жұмсау және әрине, ең бастысы алға қойған мақсатыма жету.
 
Өз басым бұл байқаудан күтерім көп. Байқау барысы қызықты, тартысты өтеді деп сенемін. Көптеген оқушылар бәсекелеске түсіп, бақтарын сынайтын нағыз дода болатына күмәнім жоқ. Әркім өзіне керектісін алып, мақсаттарына қол жеткізіп, жақсы әсер алуларына тілектеспін.