Адам болғым келеді...

Адам болғым келеді...
жеке
блог

Жарлы-жақыбай шаруа адамы күнделікті нәпақасы үшін тас жару ісімен шұғылданатын. Құдайдың құтты күні қолына балтасын алып, ала таңның атысынан қара кештің батысына дейін тас жарудан қолы босамайтын. Жұмысы тым ауыр болғанымен, табатын табысы танауын сүртуге де жетпейтін. Сол себептен көңілі ала, жаны нала еді. «Мен басқалардан он есе артық еңбек етемін, бірақ олардан мыңдаған есе аз ақша аламын. Бай болғым келеді. Бай болсам, бел жазып, біраз демалатын едім. Әдемі киініп, ел қатарлы кеудемді тік көтеріп жүрер едім, шіркін!» деп қиялдап жатқанда, көктен періште түсіп: "Сенің дегеніңді орындаймын. Бүгіннен бастап сен бай боласың, әрі әдемі кимдерің де болады", - дейді. Сол мезетте сіңірі шыққан тасшы кедей шалқыған байға айналды. Алтын жағалы киім киіп, күміс табақтан ас ішті. Енді оның ең ауыр жұмысы ел аралап қыдыру болды.

Күндердің бір күнінде осы елдің патшасы оны қонаққа шақырды. Алтынмен апталып, күміспен қапталған хан сарайын көріп, қайран қалды. Бірден ішін қызғаныш сезімі билеп, «мен де патша болғым келеді» деді. Әлгі періште оның бұл жолғы тілегін де ескерусіз қалдырмады. Осы күннен бастап, ол жай ғана бай емес, білдей бір елдің патшасына айналып шыға келді. Енді оған тіпті қыдырудың да қажеті шамалы. 

Шілденің ыстық бір күні еді... Жарқырап шыққан күн жер жүзін күйдіріп жібере жаздады. Патша тағы да ашуға мінді, «Сонда күннің менен де қуатты болғаны ма?» деп өміріне налып, күн болғысы келетінін білдірді. Мейірімді періште тағы да тілегін қабыл алды. Енді қарапайым патшадан аспан әлемінің патшасына айналып, күн болу арманына қолы жетті. Жер жүзіне шуағын шашып, жылуын сыйлап тұрғанда, мақтадай мамық бұлт келіп, бұған бөгет болды... Жер мен көктің арасын екіге бөлді. Аспан әлемі патшасы жер-анадан қол үзіп қалды. Ызаға булыққан күн «мақтадай бұлтқа әлім жетпей тұр, тез арада одан да күшті болғым келеді» деп айтқаны сол-ақ екен, періште оны дереу бұлтқа айналдырып жіберді. Көп ұзамай бұлт жаңбырға айналып, ... өзенге жалғасты. Өзендер жиналып-жиналып келіп, арнасына сыймай, үйлерді, ағаштарды су басты. Арыны қатты тілсіз жау алдындағыны бұзып жарып қиратты, тек қана жартастарға келгенде дәрменсіздігіне көзі жетті. Ол ашуланып "Осыншама тасқын судың тасқа шамасы келмегені қалай? Мен бұдан былай жартас болғым келеді" деп айқай салды. Шаруа сөзін екі етпеген періште бұл жолы да оның тілегін орындады. Енді жайланып, көңілі тоқ, қайғысы жоқ бейқам күйге келді, себебі ол бұдан былай өзінен қуатты жаратылыс болмас деп кәміл сенді.

Бірақ, бұл бақыты да баянсыз болды. Қолына балғасын қапсыра ұстаған шаруа адамы келіп, алып тасты қирата бастады. «Мен алыптығыма қарамастан, алдымдағы мына адамнан қауқарсызбын, бұл қалай болғаны?" деп өкініштен өзегі өртенді. Сол мезетте күш-қуаттың кілті тек бақытта екенін түсініп: «Адам болғым келеді», - деп жаһанға жар сала айқайлады. Періште мұның соңғы тілегін орындап, алып тас адамға айналды.

Қазір қолында балғасы, ертелі-кеш жартастарды бөледі. Жұмысы ауыр, жалақысы аз, бірақ ең бастысы, өміріне дән риза әрі бақытты.

Адам өз басындағы барын бағалап, өмірінің әр сәтін шаттыққа баласа, бақыт деген сол болмақ. Ал бұл тәмсілден сіздер не түйдіңіздер, құрметті оқырман?