Алматыны сүю және одан безіну

Алматыны сүю және одан безіну
жеке
блог

Алматыны сүю және одан безіну Кеше ғана ауылдың қара баласы болған қазақтың талай біртуар азаматтары, анығын айтқанда ақын-жазушылары Алматы десе ішкен астарын жерге қоятын. «Алматы - ару қала», «Алматыға ғашықтық», «Алматыны сүю». Міне бұлар 80-90 жылдардың көктемінде қалған тақырыптар. Мәдениет пен әдебиеттің ошағына айналған Алматының көркіне көз тоймайды. Рухани әлеміне еніп кеткен жан дүниесі арманға толы жастардың бас қосатын ошағы сол Алатауға көз тастап жатқан «Көктөбе», алуан –алуан гүлдерге толы бақтар еді. Ауылдан Алматыға арман қуып келгендерің арманы аяқ асты қалмайтын еді. «Арман қала», «әсем қала», «ғашықтар қаласы» атанған Алматының сүйкімін кім кетірді, жаңа ғасырдың ұрпақтары неге безініп кетті? Бүгінде Алматы десе «Алматыға наз», «Алматы –тас қала», «Бәріне кінәлі Алматы» дейтін тақырыптағы өлеңдер мен шығармаларға тап болып жатамыз. Сүю мен безіну дейтін бір-біріне мүлде кереғар құбылыс. Ағысқа қарсы жүзуге не себеп болды екен? Алматы әлі де болса сол көркін сақтап тұр. Тіптен гүлденіп келеді. Тек... тек жан дүниенің ләззаты мен ардың көңілін таба алар емес. Шабыт іздеген ақынның нәзік сезіміне сұлудың берер жауабы: «байлық», «түнгі шам-шырақ» болса, өлеңін «өмірім» деп көрген жан үшін бұл табан астында тапталғанмен бірдей. Айлы түні ұшқан көбелекпен таласып, ыңылдап ән салатын бұрымдыларды емес, түнгі көбелекке айналып кеткен бұрым түгілі, құдайдың берген шашын да көп көрген «нәзік жандыларды» көріп безінбей қайтсін. Ауылдан алып ұшып келген қазақтың баласына үрке қарайтын тас қаланың тас жүрек адамдары... қыз қызын алып, еркегі еркегін сүйген... бұт пен белдің арасын таба алмай жүрген... Еуропа десе есі кеткен қалаға кім ғашық болсын, кім асықсын. Құрсағына бір Әмірханды, бір Мағауинді сидыра алмаған Алматы, екі беті қып-қызыл, маңдайы қара тердің қатқанын көрген ауылдың ұл-қызын қалай сидырсын. Бауырына басып тұрып тұншықтырып жатқан жоқ па?! ... Қосамын әнге атыңды, Тосамын әр хатыңды, Сағындым алма бағын Арайлы Алматымды... Мұқағали сүйген ару қалам-ай... Сені сүймеймін деп қалай айтайын. Күйіп тұрып сүйсем де, кеудемнен итеріп жіберсең де, шабытыма от бере алмасаң да жүректесің! Алматы қай заманда болмасын арман қала болып қала бермек. Кеше жету арман, бүгін осында тұрып қалу арман болған жоқ па?! Алматы қандай ӘСЕМ ТҰМАН қала... ©Марғұлан АҚАН