Қазақтың ұлттық киімі күні

Қазақтың ұлттық киімі күні
жеке
блог

«Даларух» қоғамдық ұйымының жетекшісі Арман Нұрмұханбетов бастаған жасампаз топ барша қазақстандықтарды «Қазақтың ұлттық киімі күні» акциясына қатысуға шақырады. Акция барысында елміздің барша ұлтжанды азаматтарына жұмыс орнына, оқу орнына немесе қонаққа қазақтың ұлттық киімінде келу ұсынылады.

Аз ғана уақыттың ішінде осы идея халық арасында кең қолдау тауып, ғаламторда дауыс беру арқылы «Қазақтың ұлттық киімі күнін» әр жылда сәуір айның соңғы жұма күнінде өткізу шешімі жөн саналды. Осы жылы бұл күн сәуір айының 24 жұлдызына келіп тұр. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары – республикалық және аймақтық телеарналар, ғаламторлық блогтар, газет-журналдар мен өзге де басылымдар үлкен қолдау көрсетуде.

Сонымен қатар, «Қазақтың ұлттық киімі күні» аясында «Ел-шапан» акциясы да жол тартады. Еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен қала және ауыл атауларымен Қазақстан халқына бірлік, татулық пен береке тілеген лебіздер жазылған мата кесінділері Алматы қаласына жіберіледі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының алаңында бұл мата кесінділерінен көпшілік алдында кең шапан тігіліп, сахналық сипаттағы ұлттық мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Бұл шапан «Қазақтың ұлттық киімі күнінің» нышаны болып қана қоймай, ұлт бірлігін паш етеді. Оған қоса, сән үйлері, ателье және шеберлердің өз өнімдерін халық пен бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетуге бағытталған қазақ ұлттық киімдерінің жергілікті көрмелері ұйымдастырылады. Алғашқы көрме 15-17 мамыр аралығында Қарағанды қаласында өтеді, одан кейін Астана мен өзге де қалалар жоспарда. 

2015 жылғы 22 сәуірде Алматы облысының жастар саясаты орталығының қызметкерлері осы акцияны қолдап «Қазақтың ұлттық киімі күні» тақырыбында жұмыс орнына ұлттық киімдермен келді.

«Қазақтың ұлттық киімі күні» акциясы еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің, туризмнің, ұлттық көркемдік стильдің дамуына, қазақ мәдениетіне қатысты зерттеулер мен шығармашылық еңбектің жандануына, халықтың рухани байлығы мен ел бірлігінің нығаюына үлес қосады деген сеніммен, Сізден осы патриоттық әрі көркем іс-шараға қала жұртшылығын тартуға ат салысуыңызды сұраймыз.