Талдықорғандағы блогерлер құрылтайы

Талдықорғандағы блогерлер құрылтайы
жеке
блог
     Осы жылғы Блог-Құрылтайдың жыры әлі де бітер емес. Шындығында да Талдықорған қаласында өткен үш күндік блогерлердің құрылтайынан алған әсерден әлі де болса өзіме келе алар емеспін. 
Бұл менің блог құрылтайға алғаш қатысуым. Қалай болды? қалай өтті? деген сұрақтарға "барлығын сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес...оны өзің көруің керек еді" дегеннен басқа ештене айтуға да келмес. Ендеше...
 
21.03.15
     Алматының вокзалында таңғы алтыда түскеннен үш жарым сағат отырдық. Бізден кейін вокзалға Данияр Алан келді. Даниярды әлеуметтік желідегі суретінен көргенім болмаса, өмірде бірінші рет көріп тұрмын. 
     Блогерлер жинала бастады. Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Қарағанды...мұншалықты көп болар ма?! Бір қуантатыны қазақ тілді блогерлердің күннен күнге артып келе жатқандығы. 
Біз Талдықорғанға жол тарттық.
     Сарыөзек ауданы. Қазақтың біртуар тұлғасы Шоқан Уәлихановтың ауылына келдік. Құшақтарын айқара ашып блогерлерді керемет қарсы алды. Аудан әкімі мен Шоқан ауылының тұрғындарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 

 
     Жол шаршатады, дегенмен Жалғас Ертай шаршамайды.)))
Автобуста блогерлерден бейнежазба ретінде сұқбат алып та үлгерді.
 

     Жеттік-ау әйтеуір Талдықорған қаласына. Біз отырған автобус тіке "Ассорти" мейрамханасының алдына келіп тоқтады. Алматы облысы әкімі атынан кешкі ас. "Алматы облысы әкімі атынан" қалай жағымды естіледі?!))) 


     Кешкі астан кейін орталық алаң бойымен жаяу қонақ үйге беттедік. Бүгін блогерлердің келетініне ауа-райы да қуанып турғандай Талдықорған кеші керемет болып тұр.
 
22.03.15
     Кешегі жолдан шаршағаным соншалық қалай тез ұйықтағанымды да білмей қалыппын. Таңғы ас ішуге төменге түсуге дайындалып жатқанбыз, ұялы телефоныма Мадина хабарласты. Мадина кім? дейсіздер ғой. Талдықорған қаласы Жастар саясаты басқармасының мүшесі. Блогерлердің үш күн бойы жанында жүретін ғажап жандардың бірі.)
Хабарласқан бойда қалай ұйықтадыңыз? бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па? дәрі-дәрмек керек емес пе? деп сұрап жатқаны. Танымайтын алыс қалада жаңа танысқан жанның қамқорлық көрсетуі осыншама ыстық болар деп ойламап едім. Рахмет сізге, Мадина!!!
 
    Наурыз тойы басталды. Барлығымыз өнерпаздардың өнерлерін тамашалап, таңғалып, тіпті сол бойда әлеуметтік желіде де бөлісіп үлгердік. Аңсаған Мұстафаның көрмесінің өзі неге тұрады, шіркін!!! Бұл қаланың наурызын көрген де арманда, көрмеген де арманда.)

 
     Түскі астан кейін көркемөнер галереясына шолу жасадық. 3 қабатты 10 экспозициялық залдан тұратын бұл галереяға 245 туынды қойылған екен.
 
 
     Біздің бүгінгі қаланы аралауымыз жалғасуда. Ендігі баратын жер М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі.
     Музей қоры туралы кішкене мәлімет: мұндағы материалдар саны 24632-ге жетеді. Оның 11028-і негізгі қорды құрайтын болса, 13604-і ғылыми көмекші қорды құрайды екен. 2 қабатты ғимарат "Жетісудың табиғаты", "Жетісудың көне және ортағасырлық тарихы" залдарынан және де "Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы", "Жетісу патшалық Ресей кезеңінде", "Жетісу Кеңес дәуірі кезеңінде", "Тәуелсіз Қазақстан" бөлімдерінен тұрады.

 
Келесі бағыт "Тіл сарайы". Иә, мақтаса мақтағандай-ақ екен. Елбасының "Үштұғырлы тіл" мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында салынған бұл ғимаратта тіл үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған. 

 
     "Достық үйінің" алдынан бізді Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбайұлы күтіп алды. Мұнда қала бойынша 81 этно-мәдени ұлттардың 26 өкілі жұмыс істейді.
Келесі "Баспа үйі". Жаңадан ашылайын деп жатқан медиа орталықпен бізді Бейсен Құранбек ағаның өзі таныстырып шықты. Таныстырып қана қойған жоқ, оған қоса Талдықорғанның жеті кереметін де атап өтті.
 

     "Достық үйінен" кейінгі бағытымыз "ЖАСТАР СПОРТ САРАЙЫ" болды. Бағанадан бері шаршағанымызды да ұмытып кеткендейміз. Топ-топқа бөлініп футбол мен волейбол ойнадық. Әлем чемпионатына қатысқаннан кем болған жоқпыз ғой өзі.)

 
23.03.15
     Бүгін біздің бұ қаладағы соңғы күніміз. Уақыттың тез өтіп кеткені. Тіпті кеткім де келмей қалды ғой. Жалғыз мен емес блогерлердің бәрінде сондай сезім сияқты.
     Біздің бүгінгі бағытымыз "Баспа үйі". Мұнда Блог-Құрылтайдың ашылуы болып, шеберлік сыныптарында блогерлерге ең қажетті нәрселер туралы мәлімет берілді. Мен Жалғас Ертай мен Ернар Бекеновтың және Дінмұхамед Зиядин ағаның сабақтарына қатыстым. Блог, блогерге қатысты білмейтін нәрселерімізден біраз хабардар болып қалдық.

     Наурыз Дода байқауының жеңімпазын жариялайтын сәтте келді. Байқаудың 1-орын иегері Айдос Рымқұл, 2-орын иегері Нұрлыхан Қалқаманұлы болды. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!!!
Енді Алматыға жол жүреміз. Талдықорғанды да қимай бара жатырмыз. Үш күн ішінде бұл қала да, бұл қаладағы жаңа достар да осынша жақын болып кетер деп кім ойлаған?!
     Осындай құрылтайды жыл сайын ұйымдастырып, дәстүрге айналдырған ұйымдастырушыларға, Алматы облысы әкімдігіне, Талдықорған қаласы әкімдігіне, Жастар саясатына және ДАНИЯР АЛАН мырзаға ерекше алғыс білдіремін!