Мен сіздерді оқыдым, Лира, Дархан, Аягүл, Ардақ!

Мен сіздерді оқыдым, Лира, Дархан, Аягүл, Ардақ!
жеке
блог

Үлкендер жағы ерте кезде кітап жинау «мода» болғанын тамсанып айтады. Ол заманда үйінде жеке кітапханасы бар адамнан артық бай адам болмайды екен. Қазіргі кездегідей түріктің бітпейтін түсініксіз кинолары мен кәрістің мәнсіз сериалына алтын уақыттарын сарп еткен адамдардай емес, ол кездегі кісілер уақыттарының көп бөлігін кітап оқуға арнайды екен. Қарап отырсам, бұрынғы кезде жарық көрген кітаптардың таралымы өте көп. Проза – 100 мың данамен шықса, поэзия – 30 мың дана. Қазіргі кітапсүйер қауым, таралым бойынша бұндай сандарды түстерінде ғана көретін шығар… Қазіргі баспалардан шығатын жаңа кітаптардың таралымы өте аз. Проза 2 мың данамен жарық көрсе, поэзия – мың дана. Бұның өзі кітаптың соңғы бетінде көрсетілген деректер. Шынтуайтында қанша данамен шығатыны бір Алланың өзіне және баспадағыларға ғана аян…

Шалғайдағы ауыл кітапханаларына жаңа кітаптардың түспеуі де заңды құбылыс. Азғантай данамен шығатын кітаптар республикамыздың барлық аймағына қайдан жетсін? Кейде бұрынғы жазушыларымыз бақытты екен-ау деген ойға қаласың…

Өзге аймақтардағыдай емес, біздің ауылдың кітапханасы кітапқа кенде емес. Төл әдебиетіміздің шоқтығы биік шығармаларымен қатар шетел әдебиетінің жауһарлары да молынан кездеседі. «Іздегеніңнің барлығы табылады» деп өтірік айтпай-ақ қояйын, бірақ рухани орталығымыз көзі ашық оқырмандардың сұранысын толықтай қанағаттандыра алары сөзсіз. Кітапхана апайлары да сондай мейірбан жандар. Кітапты сөрелерден бірге іздесіп, сол кітаптарды тапсырарда пікірімізді де біліп жатады. Соңғы барғанымда жас жазушылардың кітаптарын алуды жөн көрдім. Кейбірінің есімімен сүйікті журналым «Ақ желкен» беттерінен таныс болатынмын. Жас қаламгерлердің кітаптарын оқып шыққаннан кейін оқырман ретінде көзқарасымды білдіруді жөн санадым. Қолыма қалам алып, мақала жазып, әдебиет жөнінде көптеген материалдар жариялайтын, жасөспірімдердің сүйікті журналы «Ақ желкенге» жіберуді қолай көрдім. Мен сыншы, не болмаса әдебиеттанушы емеспін. Бірақ, қарапайым оқырман ретінде өз ойымды білдіруге құқылымын деп ойлаймын.

«Шығарма оқушыға түсініксіз болып қалса, жазушының сәтсіздікке ұшырағаны» депті, аргентиналық жазушы Хорхе Луис Борхес. Атақты жазушы өте дұрыс айтқан. Кейбір жазушыларымыз көпсөзділікке ұрынып, оқырманын жалықтырып жібереді. Содан кейін біздің шығармаларымыз оқылмайды деген сияқты әңгімелерді гулетеді. Ішінде пайдаға асар, кәдеге жарар ой болмаса, ол кітапты оқырман неге оқуы керек?! Әңгіме жанрының айтарын сағыздай созып, бір романға жүк қылады. Осындай жағдайлардан кейін сапасы сын көтермейтін кітаптар толып кетеді. Бұл, әрине, жазушыға тән қасиет емес. Адамды да, шығарманы да сұлу ететін – қарапайымдылық. Бір ғана мысал келтірейік. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев атамыздың барлық шығармасы қарапайым. Қарапайым жазылған шығармасының барлығы жазушыны соншалықты асқақтатып тұр. Яғни, аргентиналық жазушының айтқаны Бердібекке қатысты емес. Жас аға-әпкелеріміз Борхестің айтқан пікірін қаншалықты ескеріп жүр деген оймен мына кітаптарды қолға алдым.

Қош! Сонымен жас жазушылардың шығармаларын оқуға кірісіп те кеттім…

Кейбір беттерін қайырып қойдым

Лира Қоныс. Бұл есім «Ақ желкен» оқырмандарының барлығына етене таныс. Автордың «Мәңгілік сағыныш» кітабын қолыма алдым. «Жас толқын» сериясымен шыққан сары кітаптың ішкі бетіне: «Әдебиет әлеміне өзінің сырлы да нәзіклирикасымен келген жас жазушы Лира Қоныстың бұл жинағына соңғы кездебаспасөз беттерінде жарияланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгенбір топ әңгімелері енгізілді», – деп жазылыпты. Оқымай тұрып бұл сөздердің шындығына көз жеткізе алмасымды біліп, 160 беттен тұратын сары кітапты түгел оқып шықтым. Жазушы кітабын ІІ бөлімге бөліпті. Біріншісі – әңгімелер, екінші бөлімі – новеллалар. Кітабына бар болғаны жеті-ақ әңгімесі кіріпті. Қалғандары новеллалар. Жазушы әпкеміз әңгімелері мен новеллалары топтастырылған бөлімдерге әдемі етіп ат қойса жарасып кетер еді. Мысалы, М.Мағауиннің бір топ әңгімелеріне «Доңыз жылғы балалық» деп ат қойғаны секілді. Әрине, менікі жай оқырмандық көзқарас қана. Ең бірінші кітаптың атымен аталатын «Мәңгіліксағыныш» әңгімесін оқыдым. Содан кейін әңгімелерінің барлығын оқып шықтым.«Құрқылтайдың ұясы», «Неміс тілі апайы», «Тиын», «Бала ғашық» атты әңгімелері қатты ұнады. Автордың мен атаған әңгімелері өте тартымды. Шығармасында басы артық сөз жоқ. Баяндау тәсілі де, қаламгердің астарлы юморы мен ащы сарказмы да әңгімелерінде шынайы көрініс тапқан.

«Бар ісі тап-тұйнақтай көзмоншақ келініне әжемнің көңілі толмай-ақ қойды.Шаңырақтың бар тірлігін өзі тындыратын жеңешеме көп көршілер қызыға да,қызғана да қарағанымен, әжемнің өнбестен ілік іздеп отыратын қызылқырғынмінезіне Ақзердің үш жылға жуықтаса да бала көтермегені дөп келіп, аяқастыотбасының берекесін алып, ұрыс шығара беретін болған» (Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 30-31- бет).

Осы жолдардан-ақ жазушының көтергені ой салатын тақырып екенін аңғарамыз. Әңгіме өте қарапайым жазылған. Әжесінің қолында өскен он жасар кішкентай қыз құрқылтай деген құстың ұясын өз үйіне алып келеді. Бұл ісі балалық емес. Қыздың ондағы ойы – ағасы мен жеңгесінің перзентті болуы, солардың бақыты. Құрқылтайдың ұясын үйге әкеліп қойса, балалы болуды аңсап жүрген отбасы перзент сүйеді деген ырым бар екен. Сол ырымға кіршіксіз сенетін сәби қыздың періште тілегі орындалып, жеңгесі дүниеге сүйкімді бала алып келеді.

Жазушы сендіріп жазған, айтар ойын астарлап жеткізген. Әңгімені оқи отырып, күнделікті өмірде алдымыздан шыға беретін ырым мен жөн-жоралғылар ойдан шығарыла салмаған екен ғой дейсің еріксіз… Жазушының бұл әңгімесі қатты ұнағандықтан, кейбір беттерін қайырып та қойдым.

Қаламгер әпкеміздің «Тиын» деп аталатын әңгімесі өз басыма қатты әсер етті. Жанарыма іркілген жас шығарманың ортасына келгенде «тырс» етіп кітап бетіне тамды. Екінші қайтара тағы оқып шықтым. Сөзім құр шықпауы үшін сол әңгімеден үзінді келтірейін.

«Содан бері көп күн өтті. Бес жасар бала торыға бастады. Көкесін ақ кебінге орап, ай белгісі жарқыраған қорымдағы жер тереңіне берген. Атасын екі аға құшақтап тұрды. Барлығы көкесі жатқан шұңқырға топырақ тастады. Топырақты іліп алатын күрек қолға берілмеді. Әркім өз міндетінен соң сабын жерге тастап, келесі адам жерден өзі көтеріп жатты. Кезек балаға да келді. Ол да көкесіне құм тастады» (Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 47-бет).

Жас жазушының «Тиын» деп аталатын әңгімесі осылай басталады. Оқиға желісі оқушыны өзіне баурап алады. Үзіндідегі суреттеулердің барлығы шынайы көрініс тапқан. Шынымен де қабір басында күрек қолға берілмейді. Шамасы бұл да бір ырым болса керек… Көкесінен айырылған бала бұл өлімге сенбейді. Сәби санасы көкесінің қайтып оралуын тілейді. Орындалмайтын тілек болса да, кішкентай бала шын жүрегімен көкесінің оралуын тілеп, қайтып келеріне іштей сеніп жүреді. Жазушы осы жайттарды өте-мөте нанымды суреттеген. Осы жағынан алғанда жазушының қалам сілтеуі маған ұнады. Тағы да шығармадағы суреттеуге, атасы мен кішкентай немересінің арасындағы диалогқа кезек берейік.

« – Ата, көкемді сағындым…

– Мені сағынбады дейсің-ау, жарығым!

– Ата..

Кішкене ұл сүйретпесінің темір ілгегін алып, сақадай сай күйі күтіп тұр. Шал немересін алдарқатпақ болды:

– Құлыным, біз көк дөненмен ол жаққа бара алмаймыз. Ортада үлкен теңіз бар…

– Ал, көкемді о дүниеге кім өткізді?

– Қайықшы да…» (Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 49-бет).

Атасы немересіне шарасыздықтан өтірік айтуға мәжбүр болады. Сәбидің үлпілдеген үмітін сөндіргісі келмейді. Ал бес жастағы бала болса сол күннен бастап тиын жинауға кіріседі. Тиын жинауының себебі де жоқ емес. Өзеннен әрі-бері өткізетін қайықшыға ақша төлеп, көкесімен қауышуды аңсайды. Атасының балмұздаққа деп беретін тиындарын да, сағызға берген ұсақ тиындарын да шашауын шығармай құтыға салып жинай береді. Жол бойында түсіп қалған тиындарды да алады. Атасының «жерден тауып алған нәрсені алма» деген өсиетін де өмірінде бірінші рет бұзады. Баланың істеп жүрген тірлігінің бәрі де көкесі үшін еді. Ол бала көкесімен қауышатынына риясыз сенді. Әңгімені оқып отырып, әр сөзіне мән беріп, кейіпкерлеріне жан кіргізген жазушыға еріксіз сүйсінесің…

« – Жылан көрген жерің бар ма?

– Оны кәйтпексің?

Екіншісі аң-таң.

– Терісі сағат бауға қатып тұр. Жылан көрсең есіңде болсын. Тегін емес. Сатып аламын.

Сол күні бала көкесінің асына сақталынған тұл дөненнің маңынан жылан көріп қалды. Терісі шахмат тақтасы тәріздес жылан ысылдап, жөнеп барады. Жадына құдық басындағы бозбаланың сөзі оралған. Мұның терісін сыпырып алып барса, ол көп тиын берсе… көкесіне баруға жетіп қалатын шығар-ау…» (Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 51-бет).

Сөз етіп отырған баламыз енді жылан ұстауға кіріседі. Жыланды ұстаймын дегенде баланы жылан шағып алады. Ет-қызуымен сезбеген баланың бойын жыланның уы жайлайды. Атасы мен молданың әңгімесін естіп қойған бала жазылмайтындығын біледі. Сәби түйсігінде өмірді қимау секілді ұғым жоқ. Қайта көкесімен көрісетіндігін ойлап жатып, бала мәңгілік ұйқыға кете барады.

« Баланың басы оң жаққа сылқ бұрылды. Дем тоқтады. Шал есінен танып, соңғы тұяғының кеудесіне құлай берді. Қари күбірлеп дұға оқыды. Түнгі тыныштықтың әптер-тәптерін шығарып, күллі әйел жоқтау айтып жатты. Бала мұның бірін де сезген жоқ.

Ол бұл кезде қалың кірпіктері көзін жапқан, қаба сақалды, жүндес білектері ескекті берік ұстаған ажал-ақсақалдың қайығына отырып, бұ дүние мен о дүниенің арасын жалғап тұрған теңіздің айдынында жүзіп бара жатыр еді…

(Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 54-бет).

Лира әпкеміздің біз айтып отырған әңгімесі осылайша аяқталады. Аянышты. Өне бойыңнан электр тогы өткендей болады. Әңгіме аяқталғанша «не болар екен» деп елеңдеп отырып оқып шығасың. Жазушының әңгіме жанрын жазудағы талғамы ерекше. Көбі мән бере бермейтін кішкене детальдің өзіне тоқталып, содан тәп-тәуір дүние шығарады. Ең бастысы – жазушы әпкеміз өзі таңдап алған тақырыбын аша біледі. Бұл шын таланттың ғана қолынан келер іс!

Ал, жазушының «Бір дорба бақыт» деген әңгімесі, шынын айтсам ұнамады. «Бақыт» деген ұғымды әркім әрқалай түсінетіні ақиқат. Сол бақытты өлшемге сыйғызып, «Бір дорба бақыт» деп неліктен атағанын түсіне алмадым. Атауы ғана емес, әңгіменің мазмұны да көңіл көншітпеді. Әр нәрсенің басын бір шалып, әрнені баяндап, әңгімесінің әрін кетіріп алғандай әсер қалдырды. Шығарма түсініксіздеу. Диалогтан гөрі құр баяндау басымырақ. Бірді айтып бірге кетеді. Сонымен не керек, әңгімені оқып болғаннан кейін бірден екіншісіне түсіп кеттім. Бір ұққаным – бір-ақ рет оқылатын дүние…

Әпкеміздің әңгімелерін оқыдық. Бағасын бердік. Сұрыптадық. Көңілге түйгенімізді айттық. Ұнағанын да, ұнамағанын да оқырман ретінде айтып өттік. Енді новелласына тоқталайық…

Новелла жазу да өнер

Новелланың әңгімеден ерекшелігі көп. Новелланың дамуы тез, оқиғаның күтпеген жерден өзгеруі немесе түсініксіз аяқталуы, яғни шешімі оқырманның өзіне қалдырылуы – осы жанрға тән құбылыс. Әлемде новелла жанрында қалам тербеп, әлемдік әдебиетте айрықша орын алатын жазушылар көп. Солардың бірі және бірегейі – Рюнэско Акутагава. Новелла жанрында көп жазып, көп еңбектенген, талантын тынымсыз еңбекпен ұштастырған жазушылардың ішінде Р.Акутагава көш басында тұр. Жапон әдебиетінің көрнекті өкілдері: Ю.Мисима, Я.Кавабата, К.Абэ, К.Оэ сынды жазушыларды бүгінде әлем сыншылары жоғары бағалайды. Акутагаваның бір ғана «Тозақ азабы» деген новелласы неге тұрады? Суретшінің өнерге деген құрбандығы кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайды.

Басты тақырыбымызға оралайық. Қазақ жазушысы, әсіресе түрлі басылымдардағы әдеби мақалаларға арқау болып жүрген Л.Қоныс атты жазушы әпкеміз новелла жанрын қалай жазды екен? Новеллалары да ұнады. Қысқа әрі тартымды. Ең бастысы – қаламгер новеллаға қойылар талаптан аттап шықпаған. Оқиғаның өрбуі де, шарықтау шегі де өз деңгейінде. Әрбір жол өз қызметін атқарып тұр десем де болады. Жазушы новеллалары шебер зергердің ұстаханасында бабымен жасалған бұйымдай әдемі жазылыпты. Мөлдіреп тұр. Қаламгер новеллаларын бірде түсініксіз аяқтаса, бірде қызық аяқтайды. Енді бірде күлкілі аяқтаса, енді бірде оқырманын ойға батырып аяқтайды. Қыз сезімінен сыр шертетін: «Менің Аяным», «Мумуния кафесінде», «Қоштасу», «Сәтсіздіктегі сезімдер» атты новеллалары оқыған жанның жүрегіне жол табатын соны туындылар. Ал, «Менің оқырманым», «Ол» деп аталатын қос новелласы тіптен жақсы. «Менің оқырманым» новелласының көлемі кішкентай, дегенмен мықты туынды. Қысқаша мазмұны мынадай. Оқырман өзінің жазушысына оның кітабын оқып, бір рет өзінен қолтаңба қойдырып алғанын айтады. Ал жазушы болса есінде қалмағанын жеткізеді. Әлгіндей әңгімелерді айта келіп, оқырман жазушы қызға досы шақырған кешке бірге баруын өтінеді. Кештің шарты бойынша жігіттердің барлығы қызбен келуі керек. Ал, бұл болса сырттай танитын өзінің жазушысына кешке баруға ұсыныс жасайды. Жазушы қыз бұл ұсыныстан бастартады. Бастартуының өзіндік себебі де бар. Ол себепті білгіңіз келсе, мен келтірер новелладағы үзіндіні оқып көріңіз.

«Жылдам бұрылып кете бардым. Ұнжырғасы түскенін түйсігіммен аңғарғанмын. Құрбыларымның ешқайсысына да оның кездесуге шақырғанын айта алмаймын. Адам қасіретіне бойлауға дәрменсіздеу олардың қатарында бар өзім де қытымыр оқырманымның сезімдерін жариялауға намыстанатын едім. Өйткені, ол ергежейлі еді…»

(Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 115-бет).

Новелла осылайша аяқталады. Қызық әрі түсініксіз бітеді. Кейде шығарманың қызық әрі түсініксіз тәмамдалғаны дұрыс. Оқырманды ерекше күйге бөлейді. Ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың өзі театрлардағы қойылымдарды көріп отырып, ортасынан шығып кетеді екен. Мүмкін жазушыны ортасынан кейін орын алар оқиғалар желісі іш пыстырып жіберетін шығар? Кім білсін…

Үзіндіде келтірілген ең соңғы сөйлемді тағы бір оқып, есіңізге берік сақтаңыз. Біз сөз еткелі отырған екінші новелла сіз есте сақтаған соңғы сөйлемге байланысты болмақ. «Ол» деп аталатын қысқа көлемді новелла да көңілімнен шықты. Сонымен тағы да новелланың мазмұнын 3-4 сөйлеммен айта кетейік…

Әрбір жастың басында болатын ғашықтық сезім бұл екеуінің араларында да бүршік атады. Ғаламтор арқылы танысып, виртуалды сезімге бой алдырған екі жас алғашында телефон арқылы сөйлесіп жүреді. Қыздың туған күнінде екеуі кездесетін болады. Оқиғаның аяқталуын суреттейтін үзіндіге назар сала отырып, мен айтқан алғашқы новелладан келтірілген үзіндідегі соңғы сөйлемді тағы бір еске алыңыз.

«Есікке орнатқан бармақтай тесіктен байқатпай оның жүзін жақсылап көріп алғым келді: бір құшақ гүлі бетін көрсетпей бір бала тұр. Мұны жалғыз жиенім, бес жасар Арман келген екен деп пайымдадым. Күлімсіреп, есікті аша бердім. Гүл қозғалды да, баланың беті анық көрінді. Күткенімдей кішкентай Арман емес, босағада өз бойындай гүлді құшақтап… титімдей бетінің жартысын сақал басқан ергежейлі жігіт тұрды» (Л.Қоныс, «Мәңгілік сағыныш», «Жалын» баспасы, 2009 жыл, 131-бет).

Көріп отырғандарыңыздай қос новелла да «ергежейлі» жігітпен бітеді. Бірінші«Менің оқырманым», содан кейін «Ол» новелласын оқыған адамның езуіне еріксіз күлкі келеді. Күліп отырып ойға қаласыз… Автор неліктен екі шығармасын да бұлай аяқтады екен деп ойлайсыз? Бұл енді әр оқырман осы шығармаларды оқығаннан кейін жауабын өздері табар сұрақ. Жалпы, жастардан новелла жанрында қалам тербеп жүрген тек Лира әпкеміз сияқты… Мүмкін басқалар да жазатын шығар. Лира әпкеміз новелла жанрында іздене түссе, оқырмандарының іздеп жүріп оқитын қаламгері атанарына кепілдік беремін.

Жалғасы бар...

Сурет: zhasorken.kz