Жалғыз қыз. Соңы (Әңгіме)

Жалғыз қыз. Соңы (Әңгіме)
жеке
блог

Айсұлу оқуға тапсыратын күні таяған сайын, қобалжыған үстіне қобалжиды. Оқу ғана тағдырын өзгертетінін түсінеді. 

Міне, көптен күткен күн де жетті. Айсұлу тест тапсыратын институтқа кірді. Қасында құжынаған адам. Қол-аяғы дір-дір етіп, тапсырмалардың жауаптарын асыға белгіледі. Тынысы тарылып, ауа жетпей барады. Әйтеуір соңғы жауапты белгілеп, далаға атып шықты. Неге сонша асыққанын кім білсін?! Тест жауабы келесі күні кешкі уақытта шығатыны белгілі болып, осы уақыт Айсұлу үшін ең ауыр кезеңге айналды. Осынша уақыт дайындалып, жеме-жемге келгенде, өз-өзін бағындыра алмағаны үшін іші удай ашиды. Әйтеуір айдақ-сайдақ етіп, далаға асығыс атып шыққаны елестеген сайын өзін қоярға жер таппай, шыбын жаны шырқырап кетеді. Үкілеген үміті сөнуге таяу. Жанына бұны қалаға жетектеп әкелген көршінің қызы да демеу бола алар емес... Жалғыз өзі көз көріп, құлақ естімеген мекенге кеткісі келді. "Мені жайыма қалдыршы", - деп жаймен айтты да, бір бөлмеге қамалып алды. 

Анасын сағынды. Анасының шексіз-шетсіз мейірімін сағынды. Тасбауыр қала үркек Айсұлуды қабылдағысы келмей, кеудесінен кері итеретіндей. Бұл қайда бармақ? Қайда барса да, алдынан қара бұлт шығып, жаңбыр жауып тұратыны несі? Күн қашан күледі? Бәріне шапағын шашқан алтын күн бұған келгенде сәулесін аяйтыны несі?

Нәр татпай, бүк түсіп жатқан. Таң атты ма, кеш батты ма, аңғарып болар емес. Бұл жатқан бөлменің есігі жұлынып кетердей, тарсылдап барады. "Ашшы, Айсұлу! Ашшы! Оқуға түскен сияқтысың! Есікті ашшы!"

Көршінің қызының дауысы өзгеше жаңғырып шықты. Айсұлу өз құлағына өзі сенбей, теңселіп барып, есік құлпын сырт еткізді. Көршінің қызы атқылаған сарқырама тәрізденіп бұған атылып келіп, бұны құшағына көмді. "Айсұлу! Ең жоғарғы балды жинапсың сен!"... 

Өң мен түсін айыра алмаған Айсұлу көршінің қызының құшағында талықсып кетті. 

Айсұлу оқуға түсті. Колледждің грантына қабылданды. Тесттегі ең үздік көрсеткіші мен сабақ үлгерімі үшін бұны жарты жылдан кейін университеттің грантына бірден 2-курсқа ауыстыру шешімі қабылданды.  

Айсұлу ең үздік университетте оқып жүр. Жатақханада тұрады. Қалаға келіп, оқу орнына қабылданған соң, өз-өзіне күтіммен қарап, бірнеше айда толған айдай толықсып, маңдайы жарқырап шыға келді. Группадағы ең сұлу қыз - өзі. Группадағы сабағы ең үздік қыз да - Айсұлу. 

Жүрегінде бір мұңы бар. Өткен өмірін, анасы, әкесін ойлайды. Ауыл жақтан хабар жоқ. Ауылдағы әке-шешесін ойласа, өзегі өртенеді. 

Айсұлу 2-курсты үздік бітірді. Жаз келіп, бәрі үйді-үйіне тарасқанда, Айсұлу тығырықпен бетпе-бет келді. "Үйге барсам ба, жоқ па?" деп мың ойланып, тоқсан толғанып, автобусқа отырды. Автобус жүйткіп келіп, бұны ауылына әкелді. 

Аңсаған ауылын көргенде Айсұлудың көзінен жас поршалады. Көз жасын сүртіп, міне, бұл қазір өз үйінің алдында тұр. Өзі қашқан үйіне аңсап, зарығып келіп тұр. 

Таң еді. Ата-анасының шаруа қамдап шығатын уақыттары болды. Тырс еткен дыбыс жоқ. Бұл ауыл да, өкінішті өмірі қалған көрші ауыл да бұны қашқын санайтын. "Үйден қашып, әке-шешесін тастап, тұрмысқа шығып, ол жақтан да қашып кеткен" деген гу-гу әңгімеге айналып жатқанын ұзынқұлақтан еміс-еміс естіп қалған. "Күдікті топқа қосылып, жеңіл жүріске салыныпты" деген сөздің де шет жағасын естімеді емес, естіді бұл. Бұдан басқа алып-қашпа әңгіме артынан көп ерді. Есіне алғысы келмейді... 

Кезінде көп өсекке айналған Айсұлу содан бері әке-шешесінің амандығын көршінің қызы арқылы сұрастырып, біліп жүрген. Көршінің қызына "менің оқуға түскенімді ешкімге айтушы болма, қайда жүргенімді ешкім білмейтін болсын" деп қатаң ескерткен. Ондағысы - өз-өзіне келіп алу еді. Жүрек байғұс жарылып кетпей, осы күнге дейін шыдапты.

Енді дайын. Толық дайын. Анадан жалғыз туған Айсұлу тағдыр теперішіне жалғыз өзі қарсы тұрып, жеңімпаз күйде үйіне оралып тұр. 

Есік сықыр етіп ашылды. Малды өріске шығаруға шықса керек, әкесі екен. Әкесі Айсұлуды көргенде, елес көргендей, бір орнында қақшиып тұрды да қалды. Жұбайының артынан ілесе шыққан анасы "О, тоба! Бұл менің жалғызым ба?!" деп Айсұлуға қарай еңірей жүгірді... Әке-шешесіне зарыға қосылған қыз екеуін кезек-кезек құшақтап, үй алдында ұзақ тұрды.   

Жып-жылы үйге кіре бергенде, Айсұлу сол бұрынғы қамсыз, кіршіксіз жүрегі бар аяулы қызға айналды. Ата-анасы ұзақ әңгімені кейінге қалдырып, Айсұлудың амандығын сұрай береді. "Қарағым, есен екенсің ғой, мына шешең екеуміздің күні-түні тілеген тілегіміз қабыл болыпты" деп әкесі еңкілдей жылайды... Бұл көз жасы сарғайған сағыныштың, әкелік махаббаттың, шалқыған қуаныштың көз жасы болатын. 

Айсұлу терең болса да, жеңіл күрсінді. "Мен өзге бір ерекше махаббат мекенін аңсадым, апа, әке", - деді сосын. "Бірақ нағыз махаббат мекені, зәулім сарай, кең патшалық, бұл - сендердің қастарың екен. Өмір бойы жалғыздығыма кінә артатын едім. Бірақ үміт өшпесе, арманыңа сенсең, сен жалғыз емес екенсің. Кеш те болса, осыны түсіндім. Кешіріңдерші мені, енді ешқашан сендерді тастамаймын. Қателеспеуім үшін қателескен шығармын. Әлі-ақ Айсұлу бәріне көрсетеді, әке! Әлі-ақ менімен мақтанасың, анашым! Әлі-ақ үміттеріңді ақтайды бұл жалғыз түйір қыздарың"...

Айсұлу ерніне тамған көз жасының кермек дәмімен қатар, бақыттың тәтті дәмін сезді...

Өмір бұған қайтып оралғандай... 

Әңгіменің басы мұнда:

Жалғыз қыз - 1

Жалғыз қыз - 2

Жалғыз қыз - 3

Жалғыз қыз - 4 

Сурет: luxfon.com