Ажары айшықты Ақтоғай: сіз бұл өлке туралы білесіз бе?

Ажары айшықты Ақтоғай: сіз бұл өлке туралы білесіз бе?
жеке
блог

 Ұлан ғайыр кең байтақ қазақ даласында әлі тарих қойнауында сыры ашылмай жатқан, ажарлы айшықтары мол жерлер көп-ақ. Соның бірі  жаһандық өркениетте өзіндік орны бар, шығыстан батысқа көсілген ұлы дала, ұлы бел Сарыарқаның шалқар төрінде Қызыларай тау жоталары, Орталық Қазақстандағы ең биік Ақсораң шыңы, ажарлы Ақтоғай ауданы орналасқан.

     Ақтоғай елді-мекені  бағзы заманнан бері  қаймағы бұзылмаған, бірлігі жарасқан, өз табиғатымен қашанда айшықталып тұратын, аты аңызға айналып отырған аймақ. Ұлылықтың қйытқысына  айналған, ұлттық болмысымыз бен қазақы әдет-ғұрыптарымыз берік сақталған  бұл өңір өте киелі, текті ел.

Сонымен қатар, сол өңірдің ақындары:

«Манарбек, қайран Әсет, Күләш үні,

Қазақтың өнерінің шын асылы.

Ақтоғай – Сарыарқаның төріндегі

Әнінің асқақ біткен бір асуы», - деп жырлағандай, бұл өңір өнерімен өрнектеліп,  білімінің беріктігін сақтай білген өңір.

      Сонау көне дәуірдің асыл сынықтары сақталып, ғажайып жәдігерлерге толы, сырлы сандығы әлі ашылмаған бұл өңірге ат  басын бұрып келген әрбір адам баласы ерекше әсерде қалатыны сөзсіз. Себебі, біріншіден, бұл өңірде  кез-келген адамды өзіне тартатын, сиқырлы құдірет бар. Ол құдірет – жұпар иісті балғын ауасы, тұңғиық табиғаты.

Екіншіден, бұл өңір – Беғазы-Дәндібай секілді ортағасырлық жәдігер дерегі бар, аса бай тарихы тереңге  тамыр салған шежірелі өлке. Бұл өлкеден  есімі алты Алашқа  жайылған  тілімен орақ оратын би,шешендер, кеменгер көсем арыстар, жаугершілік күн туғанда арғымаққа ер салып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған батыр да батыл даналарымыз шыққан.

Сондай-ақ, ажары айшықты Ақтоғай атты киелі бұл өлке өнерден де кенде емес екен. Бұл өлке – ақиық-ақберен арқалы ақындар мен жыршылардың, асқақ үнімен сиқырлы сазымен әлемді аузына қаратақан әнші, бұлбұлдар мекені.