Қалқатай, кетіп қалшы бір сәт келіп

Қалқатай, кетіп қалшы бір сәт келіп
жеке
блог

Қалқатай, кетіп қалшы бір сәт келіп

 

Қалқатай, кетіп қалшы бір сәт келіп,

Өзіңді ұнатуға мұрсат беріп.

Өртеніп өзегіме түскен сезім,

Барады қорғасындай құрсақта еріп.

 

Айтылса «махаббат» деп шала бұл ән,

Әуеннің құйылса саз шанағынан.

Сол кезде екеуіміз күйіп-жанып,

Ішейік шала сезім шарабынан.

 

Сендегі маған деген ынтық басым,

Мендегі саған деген ынтық басым.

Сен мен боп жасап алған қиял сезім,

Әлеміне біреу кеп қол сұқпасын.

 

Содан соң сен айтасың бір ертегі,

Содан соң мен айтамын мың ертегі.

Осылай ақын деген бір жүрекпен,

Мың жүрек құшып алып күнелтеді.

 

Қалқатай, қорықпа сен мен тимеспін,

Әй, бірақ сұлулыққа еңкеймес кім.

Ұнатпау мүмкін емес көз алдымда,

Сен болып күліп тұрса өңкей кескін.

 

Қайтейін, түбі сен деп қалам тартам,

Мазасыз күймен атар маған әр таң.

Бір сәтке келіп кет те , ғайып болшы,

Ғашық боп қалмай тұрып саған қалқам!

 

22.12.2014 ж