Менің идеал бір күнім...

Менің идеал бір күнім...
жеке
блог

Танертең сағат 6.00 ұйқыдан тұрдым. Төсек орнымды жинастырып, жаттығу жасауға кірістім. Аяқтаған соң, шамамен, 6.30-дарда болу керек шәй қойдым да, жуынуға кеттім. Қайта келіп, дастархан басына отырдым, ноутбукті қостым, бүгінгі күннің ауа райымен, басты жаңалықтарымен танысып шықтым. Әдеттегідей, шәйдан соң сабақтарымды қайта қарадым. Уақыт жеткілікті... Біраз жүгіріп келсем де болады. Ал ендеше қарап жатқан болмас дедім де унтверситет алдындағы Ақбұлақты бір рет айналып, жүгіріп шықтым. Ауа райы керемет. Көңіл-күй көтеріліп қалды. Сағат тілі 8-ге де жақындап қалыпты ғой, сабаққа барайын. Жатақхана мен оқу корпусы арасы 5 минуттық жол. Сабаққа дайын болған сайын оқытушының келгенін асыға күтесің. Тапсырмаларды ойдағыдай тапсырып, келесі сабаққа, сосын басқа сабаққа...әйтеуір, осылай жүріп, сағаттың 2 болғанын білмей қаласың. Таңда сенімен қимай қоштасқан жатақханаға барып, бір-екі кесе шай ұрттайсың да, біліммен сусындататын "кітапхана" атты досыңа барасың. Сан саланы қамтитын кітаптарды көргенде жәннатқа түскендей күй кешесің. 2-3 сағат өте шығады. Ал міне, Жұлдыз(дебат клубының координаторы ғой, ал, мен сол клуб мүшесімін) хабарласты. Осы қыз ылғи менің жағдайымды сұрап, жиналысқа шақырады. Білгендерімді 1-ші курс студенттеріне үйретсін дейді-ау шамасы. Әдеттегідей, бас корпусқа барып, азды-көпті білген-түйгенімді іні-қарындастарыма үйретемін. Шамамен, 8-дерде жатақханама қайтып, ас дайындаймын. Кешкілік дастархан басында отырғанда ас ішумен қатар өз-өзіме есеп беремін. «Бүгін мен не істедім», «ертең қандай жоспарларым бар»...сұрақтар осылай шыға береді. Анамның «ас ішіп болған соң таза ауада жүріп қайт» деген ақылына құлақ асып, жарты сағат көлемінде жатақхана маңында жүріп, таза ауамен тыныстаймын. Қайта келген соң, 2-3 сағаттай сабақ қарап, уақыт артылып жатса, әлеуметтік желілерде достарыммен сөйлесемін. Түнгі сағат 1 ұйқы уақыты, яғни, жылы көрпеме оранып, ұйқыға кетемін...
«Бұл жігіт- еңбекқор, ізденгіш екен», «Міне, нағыз студент»... Ойлап отырғандарыңыз осы мағынаға ұқсас шығар...әрине, мұндай күн тәртібін көргенде мен де солай ойлайтын едім, дегенмен, бұл- менің қиялымдағы идеал күнім болатын... Ал, енді реалистік тұрғыда менің күн тәртібім былай:
Күн, әдеттегідей, телефон оятқышының дауысымен басталады. Таңертең сабақтан қалып қоймаудың қамын қылып, даусын барынша жоғары етіп қойғанмын. Әне тұрамын, міне тұрамын деумен, сабақ басталуына 20 минут қалғанда жатқан жерімнен атып тұрамын да, жуынатын бөлмеге жүгіремін. Асығып жүргенде, ненің қайда екенін ұмытып қаласың, құдды біреу тығып қойғандай... Жүгіріп жүріп киінемін, сөмкемді алып, корпусқа асығамын. Бар ойым, «оқытушы келіп қоймаса екен»... Алдын ала, пайдасы тиіп қалады-ау деген оймен топтағы қыздарға кешігуім жайлы сан сылтауды айтып қоямын. Университетте таныс достарымды көріп қалсам, қол көтеремін де өтіп кетемін, олар да студент қой мен секілді жүгіріп жүр, жағдайы түсінікті, дәл менікіндей... Аудиторияға да жеттім-ау, оқытушы әлі келмепті, студент үшін бұл да бір қуаныш. Ал, сабақ басталды, менің ұйқым қанбаған, маужырап отырмын. Ақыры болмады, партаны жастық қылуға тура келді. Қоңырауды күтіп, сағатыма қайта-қайта қараймын. Осы бір дауыс, дәл осы сыңғыр студент үшін ең жағымды әуен. Аудиториядан шығып, таныс достарыммен амандасамын, әзілдесіп, біршама ұйқымды ашып, «ғажайыптар бөлмесіне» қайта кіремін. Бойымда сергектік сезіледі, сабақ айтуға құлшыныс жоғары. Оқытушы берген тапсырмаларды түгел орындауға дайынмын. Сағат тілі екіні көрсеткенде мен үшін, тобым үшін бұл күннің соңғы жағымды сыңғыры естіледі. Тапсырманы алып, жатақханама ораламын. Асқазан дабыл қағуды бастаған... Ал, асқазанды ренжітуге болмас, шай ішейік. Таңғы әрі түскі шайдан соң, қайда барарымды білмей дал боламын. Баратын жер көп, бірақ қайсысынан бастау керек. Жарайды, шетінен істей берейін... Осылай жеке шаруалармен жүргенде, сағат кешкі 10-дар шамасы болып
қалады. Жатақханаға келіп, тамақ ішу керек. Өліп-талып бөлмеге кіргенде, жылы төсек өзіне шақырады. Кішкене жатып, көзімді жұмамын, көзім ашылғанда 1-2 сағат өтіп кеткен болады... Суық суға бетімді жуып, дайыны болса, ыстық тамақ, болмаса «ұлттық тағаммен» асқазанды риза етеміз. Сосын ертеңгі сабақтарды қараймыз. 24 сағат қасыңда болатын телефон атты досыңа көңіл бөлуің керек, болмаса, ренжіп қалатыны бар...Ешкімнің көңілін қалдырмайтын халықпыз ғой... Әркімнің мінезін бағып жүргенде сағат үш болады, жату керек ертең ерте тұруым қажет, күнтізбемді жасап іліп қояйын... «Міне, ертеңгі күнімді жоспарлап, қағаз бетіне түсірдім таңертең осы жоспармен оянамын» деген оймен ұйықтаймын...
Таңертең сағат алтыға оятқышты қойдым. Шырылға басқанда ояндым. Баяғыша ұйқы қанбаған... Әлі уақыт бар ғой, кішкене ұйықтап алайын. Күн тәртібі не болмақ? Жарайды, ұйқым қансыншы қалғаны бола жатар... Тағы бір күнім баяғыша басталды. Өзгеріс байқалмайды. Міне, осылай жүргенде 3 ай өте шықты. Күн тәртібі әлі ілулі тұр. Идеал күнім тек қағаз бетінде ғана идеал болып келеді...

Бұл фото muslim.kz сайтынан алынды