Итке деген сағыныш мұншалық болар деп ойламаған едім..

Итке деген сағыныш мұншалық болар деп ойламаған едім..
жеке
блог

Менің үйге келгенімді алыстан сезетін. Апам: "Бәсе, Ернар келе жатыр дедім ғой. Мойнақ бекер мазасызданбайды. Қарашы, қоршауынан секіріп кетуге шақ қалды" деп, күлетін. Атам: "Әне, Ернар келді, болды, бұл құтырады" дейтін.

Өзіміз бен бөтенді ажырата бастаған кезі...Ол маған өзі келді. Қыстай шәкіртақымды жинап, сол ақшаға күшік сатып алмақшы едім. Келіскен адамның төбеті ақпанның суық бір түнінде күшіктеп, таңға дейін күшіктер үсіп қалған екен. Сөйтіп, көктемде бір күшікті үйге алып келемін деген менің ойым орындалмайтындай болған... Бірақ орындалды. Ол өзі келді. Дәл солай. Қайдан екені белгісіз, жанында бір ұрғашы күшік бар, екеуі ағамның ауласына кіріп кетіпті. Көршілерден сұрап шыққан ағам иесін таппағасын маған хабарласады, мен дереу барып, екі күшікті үйге алып кетемін. Оқиға осылай болды. Еркегін өзім алып, ұрғашысын жиеніме сыйладым. Алғашында ауырды, өлетін шығар деген үрей де болды. Әйтеуір уколдарын салып, арақ беріп аман алып қалдық. Көп ойланып, Мойнақ деген ат бердім. 

Бала сияқты...)Құлағы мен құйрығы кесілмеген екен. Ветеринардың біраз кеңесінен кейін кестіруге келістім. Операция бір жарым сағатқа созылды. Сол кезде қобалжығанымды көрсеңіздер ғой... 

"Ернардың тұңғышы" деп күлетін бәрі. Кішкентай қарындастарым: "Көкем бізді емес, Мойнақты қаттырақ жақсы көреді. Тура ұлы сияқты" дегенді жиі айтатын. 

Ол мен үшін үнемі күшік сияқты көрінетін. "Қай жері қорқынышты? Күшік қой әлі. Тістемейді! Осыдан да қорқасыңдар ма?" - менің әдеттегі сөздерім осындай болатын. Біраз әңгімемді естіді менің. Соңғы жаңалықтың бәрін айтатынмын оған. Ұрысқанымда кәдімгідей ренжитін. Үйдегі үлкен итке назар аударып қойсам болды, реніші басылып, жетіп келетін. Қызғанғаннан ол итті тіпті жаныма жолатпауға тырысушы еді...

Жуынғанды ұнатпайтын...Бір күні... Әттең, кім(дер) екені белгісіз, түнде кірсе керек, таңертең қақпа ашық, Мойнағым жоқ. Іздедік. Таппадық.

Енді үйге келгенде менің ысқырғаныма жауап ретінде үрген дауыс естілмейді... Мойнағым қайда жүр екен? Аман ба, әлде...? Сұрақ көп, жауап жоқ. Оларға жауап іздемеуге тырысамын...

Итке деген сағыныш мұншалық болар деп ойламаған едім...

Мойнақ