Қабақ не үшін тартады?

Қабақ не үшін тартады?
жеке
блог

Шынымен де, қабақ не үшін тартады? Мені бір үлкен қуаныш не, жұбаныш күтіп тұр ма, әлде?!

Қабақтың тартуын әркім әрқалай түсінеді. Мен өз басым қабақтың тартуын ырымдаймын. «Қазақ ырым етер, ырымы қырын кетер» дегенді біліп тұрсам да, ырымдаймын. Себебі, ондай оқиғаны бір емес, бірнеше рет басымнан өткердім. Теріс қабағым тартып тоқтамаса біраз күнде алдымда міндетті түрде бірер келеңсіз істер орын алады, ал оң қабағым тартса, алда мені қуаныш күтіп тұр деген сөз.

Енді, ғылыми деректерге сүйеніп көрейік.

Адамның көзінің ашылу немесе жұмылу қозғалысын ми басқарады. Әдетте оны еркін тежеуге болады. Бірақ, кей сәттерде бар ықыласымызбен жұмыс істеп отырғанда аяқ астынан көздің үстіңгі не астыңғы қабағы тартып, тоқтау бермейді.

Көздің үстіңгі терісі өте жұқа болады. Бірақ, көздің үстіңгі терісінің астында онан да жұқа бір қабат сопақша келген бұлшық ет бар. Оны ғылым көз дөңгелек бұлшық еті деп атайды. Міне, осы бұлшық еттің жиырылуы немесе жазылуы салдарынан көздің тарту құбылысы пайда болады. Әдетте көз дөңкелек бұлшық еті орталық нервтің басқаруында болады, ал орталық жүйке жүйесі үлкен ми қыртысына орналасқан. Сыртқы дүние қаупі көзге төнген сәтте қабақ дереу жұмылады. Бұл – қорғану сипатты рефлекс. Дегенмен кейбір жағдайларда көз бұлшық еті қалыпсыз жұмыс істеуден шаршап немесе бет нервтерінің күшті тітіркенуінен көздің қабақтары өз ықтиярыңызға көнбей тарта бастайды. Ұйқының дұрыс болмауы, күшті жарықтан тітіркену, көз нұрының шашырауы сынды жағдайларда, ауруларда бұл құбылыс көп кездеседі.

Ендеше, «оң қабағым тартса бақ қонар, сол қабағым тарса қырсық шалар» деген ұғымның оң-терісі жайлы сайт оқырмандары қандай көзқараста екенін білгім келеді.

Оң қабағым тартып жүр, алда міндетті түрде қуаныш болады;)

Сурет: baike.com