Гёте өлеңдері

Гёте өлеңдері
жеке
блог

АЛҒЫ НАЛЫС СӨЗ
(1815)
Махаббаттай мұң сырым,
Қаламын ашпай булығар.
Жапырақ теріп мен жүрмін.
Жұбатып ойды, зілі бар.
Қиын, ұзақ жолдарда,
Өмірден тапқан мол мұрам,-
Таңдамас жат қолдарға,
Қапыда бір күн қалдырам.
Кітапты топта, кетер сыр,
Дәптеріңнен жазылған.
Быт-шыт қой дүние, кетерсің
Безін сен де жаныңнан.
ТАМАША ТҮН
(1768)
Сүйіктіме жылы ұя.
Хұжырамнан кеттім мен.
Қалың орман кең сая,—
Жай басып, соған жеттім мен.
Қалың нуды жарып ай,
Гуілдеді жел түнгі.
Басын иіп, жарындай,
Наз қайыңдар желпінді.
Жазғы түннің самалын,
Рахаттанып жұттым мен,
Тапса мерей шын жаның,—
Үнсіз сез де, жұт мүлдем.
Шексіз ғой ләззәт шіркінің.
Қияр-ем бірақ мен мүлде,—
Мұндай шақтың мың түнін —
Сәулеммен өткен бір түнге.
АУЫСУ
(1768)
Ну орманда масайрап бір жаттым мен
Құшағымды сілке тастап аштым кең.
Ынтызар боп сұлу маған жабысты,
Күлді, әзілмен кетті ол қыз,— ауысты.
Өзге ару келді, ол да назданып,
Көңіл хошың жаңаланса — мәз жаның.
Сонда да сен қайғырасың бекерге,
Ләззәт сәтін тұнжыратпа сол үшін
Алғашқы қыз сүймеді-ау кетерде,
Масайра тез, кеудең қайта кеңісін!
Екінші қыз сүйсін сені ләззәтпен,
Қайтсын дәмең, ілкі қызға тез кеткен.

 

БАЯНСЫЗДЫҚ
(1768)
Мөлдір бұлақ қайырында жаттым мен,
Ерке тасқын шаттығына баттым мен —
От құшағы құшағыма қауышып,
Күліп толқын, қытықтайды, кетеді,
Сылаң қағып тағы бірі жетеді.
Жақсы-ау, шіркін. жатса шаттық ауысып.
Кейде бірақ кетсе сүймей жар тайып,
Қапа шегіп, көңіл лезде ортайып,
Күңіренетін біреулер бар — о несі!
Тіршілікте ойнап-күлген мың артық!
Алғашқы жар сүйсе қандай құмартып,
Одан да артық сүйер жарың келесі.
АЙҒА
(1769)
Сіңлісі Күннің,— Айысың,
Назсың бір жүрген жабығып,
Күміспен шеккен шәйісің,
Тұрасың тұман жамылып.
Жетер тек түнгі қиядан
Аяқты кербез басқаның.
Құс кетсе таңда ұядан
Оянған мен бір қасқамын.
Шоласың жаһан аумағын,
Соқпағын кезіп, қияның.
Ұшыршы бірге, ау, жаным,
Шалқысын оттай қиялым!
Көрінбей тыңшы дұшпанға,
Түн кезіп мен де келейін,
Қалықтап алыс аспанда,
Әйнектен жарды көрейін.
Тым құрса түнде бір көріп,
Сағыныш уы басылсын.
Мүсірке мені, нұр беріп,
Жарқ етіп көзім ашылсын.
Көрінді әне,— жатыр ол:
Жалаңаш балтыр, төс қандай!
Қарашы, мені шақырды ол,
Эндимион сені тосқандай.
ҚОШТАСУ
(1769)
Жаутаңдадым үнсіз тек,
Кенет тілім күрмеліп,
Айрылысу — қандай қасірет,
Жан едім ғой мен берік!
Махаббатты мұң басып,
Тұнжырадым сол бір сәт.
Сүйісімнен сыр қашып,
Салқын тартты сал құшақ.
Білем, назды ауызын
Сүйген мені жандырып,
Үлбіреген жауқазын,
Лебі мені қандырып.
Ұсынар гүл жоқ менде,
Шешек атпас қайта жаз.
Франциска көктемде,
Екеумізді соқты аяз.
МАЙ ЖЬІРЫ
(1771)
Айналам масайрап,
Әндетті, гулетті.
Гүл жайнап, құс сайрап,
Лаулатты күн көкті.
Сылдырап жапырақ,
Бұталар ырғалып,
Сұңқылдап жамырап,
Шоқ талдар ым қағып.
Осынау мәз күнді,
Кеудеме тұндырсам!—
Естіп шат наз үнді,
Жаңғырсам, құлпырсам!
Махаббат — дүние,
Мәз-мейрам келбетің.
Жасадың сүюге,
Жайпатып жер бетін.
Бердің сен мейріммен,—
Бағың гүл ұсынды.
Бердің дән егіннен,
Шырындай сусынды.
Кел, досым, тезірек,
Еркеле кеудемде!
Өзіңдей елжіреп,
Ғашықпын сәулеңе!
Табады ландыштар,
Орманнан саяны.
Аспанға зар құстар,
Қанатын жаяды.
Ал маған бір ғана.
Махаббат сыйын бер.
Сонымен нұрлана,
Жүрегім сүйінер.
Сүйе біл, досым, сен,
Алдында бағың бар —
Махаббат хошымен,
Бақытың табылар.