Аптаның үздік блогы: "Жүректе ақыл болса..."

Аптаның үздік блогы: "Жүректе ақыл болса..."
жеке
блог

         Ес кіріп, етек жинаған сәттен бастап әрбір сана иесі сөзсіз, жүрегін нұрландырып, санасын сәулелендіретін жанды тауып, махаббат секілді ұлы сезімді бастан өткергісі келеді. Алайда оған жету жолында қаншама толқыныс, уайым, алдамшы, уақытша сезімдерді кешіріп, кейбіреуі күдер үзіп, ал кейбіреуі тапқанша тынбасқа бел буады.

       Балалықты артта қалдырып, жастық дәуренге аяқ басқан шақта жүректі айрықша лүпілдетер сол бір жанды жылдамырақ тапқымыз келіп, көңіліміз бір ерекше сабылысқа түсетіні рас қой? Жастықтың жалыны қарып, бас бұрғызбай тұратын уақытта әлемге қияли көзқараспен қарау әркімде де болған. Алайда шынайы өмірдің кітаптағы романтикадан, қиялдағы әлемнен алыс болатынын іштей білсек те мойындағымыз келмейді-ақ. «Жүректі тыңдау керек» деп жүріп сол жүректі отқа да, суға да салып, қиялдың жетегімен арманға жиі саяхаттадық.

       Сол арманшылдардың бірі мен едім. Бұрын көрерменге, оқырманға қияли махаббат пен шынайы өмірдегі сезімнің ара-жігін ажыратуға жетелейтін романдарды оқып, киноларды қанша қарасам да арманшылдығымнан алыстағым келмейтін (тәтті қиялға жетелейтін де тағы сол кітап, кинолар). Бірақ басыңда бір ой қылаң ете қалып, ол тұңғиыққа батыра жөнеліп, санаңда еркіңнен тыс төңкеріс жасайтын сәттер болады. Қалыптасқан қағидаларыңды түп-тамырымен жұлмаса да, ақырын жүріп анық басатын ересек адамның соқпағына салына бастағандығыңды ұғасың. Жақында қараған бір фильм түрткі болып, оңаша ойлармен арпалысқа түсе кеттім. (Мәселе фильмнің тартымдылығында емес, іште үнсіз жатып-жатып, жиналып қалатын ойларды сыртқа ақтаруға әйтеуір бірнәрсе түрткі болары анық). Туындаған сауалдардың ең бастылары: адам бақытқа жетуі үшін жүрегін тыңдауы тиіс пе әлде ақылын ба? Ақыл мен жүректің қалауы бір жерден шыға ала ма? Жүректің таңдауы мәңгілік пе, оның жалыны сөнсе, сезіміңнің тұрақсыз болғаны ма? Бір күндік, бір айлық немесе бір жылдық махаббат оқиғасы талай жылды сағынып, сарғайып, жалғыз өткізуіңе тұра ма? Азапсыз, алаңсыз өмір үшін өмірімдегі ең шынайы деп санаған махаббатыңды ұмытып, жүректің есігіне мәңгі құлып салуға бола ма? Махаббат мәселесінде қыз баланың соры қалыңдау болатыны рас па?..

       Тағдыр күні ертең қандай сый жасайтынын ешқашан біліп болмайсың, мүмкін өмір сонысымен қызық. Бірақ қаншама сарыла күтіп, кездестірген махаббатыңның құнсыз екенін, жолықтырған адамыңның қиялыңдағы кейіпкерден шынайы бейнесі басқа, сезімі бөтен екенін ұғыну кімге оңай тисін. Оны бар күшіңмен ақтауға тырысасың, ал ол арманыңдағы адам бейнесінен алыстай бермек. Бар ерік-жігеріңмен сезімнің ұшқынын үрлеп әлексің, ал оның күлі ғана түтіндеп жатыр... Мүмкін әу баста салқын ақылдың айтқанымен жүріп, жүрегің жалындап, көзің нұр шашпай-ақ әдемі сыйластыққа құрылған қарым-қатынасқа қанағат ету керек пе еді, артығын іздеп не керек? Онда жүректі не үшін берді маған деп тағы сабыласың. Жүрекке салсаң ерекше тәтті күйге бөленіп, махаббатыңның алдында бар әлем дәрменсіз халге түсіп, енді ештеңені қажетсінбейсің, болашағыңды ойлап жатпайсың. Бірақ сезімнің жалыны қаншалықты ұзаққа жететініне тағы кепілдік бере алмайсың, қатты өрт болған жерде гүл шыға қоюы қиын екені белгілі. Қаншалықты биікке көтерілсең, құлауың да соншалықты ауыр тиеді деседі. Дәл осы мезеттегі қалауыңды ысырып қойып, барлық дүниені бірдей ақылға сала беру де оңай емес. Бірақ сәбидей алданып, өкініп қала беретін жүрекпен адам баласына қайта сенім білдіру де қиынға соғатынын ұмытпаған абзал. Әсіресе әлемді әсірелеп көретін, қиялшыл, тез бауыр басып, сезімі санасын билеп кететін әйел затының сәтсіз сезім десе тартар азабы бөлек.

     Бәлкім махаббат деген бойды билеп, еркіңнен айыратын ойраншыл от емес, есірткі-сезімге еліту емес, жан-дүниеңнің есік-терезесін бейтаныстау адамға азынатып аша салу емес, елеусіз таныстықтан басталып, жайбарақат достыққа ұласып, есін жоғалтпай-ақ адамдардың бір-біріне саналы түрде жан жылуын бере білуі шығар. Ақылымыз жүрегімізге үнемі алаңдайды, жараланбауын қалайды, жүрек те ақылдан кеңес сұрап тұрса ғой, шіркін. Әйтпесе шын сезімнің иесі осы екен деп қаншама пендені «ақ бұлттан жасап алып» жүрміз...

 

P.S. Бұл тақырыпта ешқашан біржақты пікір болған емес, болмақ емес. Өзімнің де жүрегім ақылымның алдында әркез айыпты болып жатады. Бұл жазба сол екі жанашырымның (жүрегім мен ақылым) кезекті рет бірін бірі тілсіз тергеп, сөзсіз соттасуынан соң толтырылған хаттамалардың бірі іспеттес.

 

Жазбаға арқау болған: Джейн Остиннің «Ақыл мен сезім» романы бойынша түсірілген осы аттас фильм және «Мен сені әдемі ақ бұлттан жасап алғанмын» деп келетін ән.