Блог пен ішкі сыр

Блог пен ішкі сыр
жеке
блог

Бұрын мен блог жазғанда керемет еді, менің кім екенімді ешкім білмейді, блог жазатынымды да ешкім білмейді, ішкі жан дүниеңді қанша ақтарам десең де өз еркің – ал кеп көсіл. Бірақ онда да тартыншақтап көп нәрсе жазбайтын едім, бәрібір ішкі сыр – ол ішкі сыр. Меніңше, әр адамның ішінде ешкімге ашылмайтын ішкі сыры болады. Қалай болғанда да, айтуға/жазуға шынымен оңай етін.

Ал қазір блогымды қаншама таныс адамдар оқиды. Оның ішінде менің туыстарым, жақындарым. Үндемей оқып отырғандарға әсіресе, сәлем Embarassed

Алдында бір әпкем блогыңды жарияламас бұрын маған бір оқытып алшы, қателеріңді түзеп берейін дейді. Ұялғаным-ай... қателерден де, жалпы онда жазылған дүниелерден де...

Жалпы осыдан ұққаным, мен көбіне барымды іште сақтайтын адам екенмін. Өзім сенетін, жақын тартқан адамдарым болмаса, ішімді әркімге ақтарып, әркіммен арқа-жарқа болып әңгімелесе кетуім екіталай. Бұл көп жылдардан бері қалыптасқан қорғаныш қабаты іспеттес сияқты. Яғни, қаншалықты өзіңді алшақ ұстасаң – соншалықты мәселең аз, бас ауру да аз, ол адамның сырыңды басқа біреуге жайып салатындығын да ойламайсың. Ал қаншалықты әңгімеге, іске араласа бастасаң сөз де көбейеді, мәселе де көбейе түседі. Осылайша адам өзінің қорғаныш қабатына қарай бүгіле беретін сияқты.

Бірақ бұл араласу, экстраверт болудың жаман екенін білдірмейді. Барлық нәрсені жүрегіне тез қабылдайтын адам болмасаңыз және бәріне жеңіл-желпі көзқараспен қарайтын болсаңыз кіммен араластың, қанша әңгіме айттың, кімге сырыңды аштың – маңызды да емес сияқты. Олар не айтса да, сенің көңілің тыныш, яғни Коко Шанель айтпақшы, «Мен жайлы не ойласаңдар да – бәрібір, мен сендер жайлы тіпті ойламаймын»-ға саяды.

Ал, біздің жағдай тіпті басқа. Айтып өткенімдей, ішкі сырыңды бөліскен сайын адамдар сен жайлы бәрін білетіндей болатын сияқты. Сен құдды бір мөлдір қабатты адам сияқтысың – ішіңдегі, басыңдағы барлық ой көрініп тұрады. Ал мен мұндайда өзімді ыңғайсыз сезінемін. Мен өзіммен-өзім болғанды, өз сырым, өз ойымды мәпелеп жүргім келеді, оны әсіресе жақындарым білгенін аса қаламайды екем. Солай... сондықтан да терең пәлсапалық дүниелер жазудан да ұялатын болыппын. Туған-туыстарым соны оқып алып, сыртымнан күлетін сияқты ма, қияли дейтін сияқты ма, әй, сен мүлде ондай емессің ғой дейтін сияқты ма, опшым бұл да бір комплекс...

Жалпы содан да болар анонимді қауымдастықтар, форумдар мен никпен тіркелетін сайттар өте танымал. Еш қымсынбай шеріңді тарқатсаң болады.

Бәрін айт та, бірін айт, соңғы кездері блог дегеннің мәні жоғалып кеткендей. Ол кейде күнделік, кейде пайдалы ақпаратқа толы мақала, кейде сараптама, кейде жеке шығармашылық. Күнделік блогтар азайды, мен кейде жүректің түбінде жатқан мөлдір сырларды оқығым келеді, тіпті никпен жазылса да. Бәрі туысқандар мен сыныптастардың оқуынан қорқатын сияқты ма, қалай... Embarassed