22 наурыз. Бата бере білесіз бе?

22 наурыз. Бата бере білесіз бе?

"Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер" деп аталарымыз айтпақшы, бата беру - адал ниет, тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Қазақ халқы батадан қуат алып, ізгі сөздерге қанығып, оның құдіретіне сенеді. 22 наурызда үлкен кішіге бата береді. Батаны көбіне жастарға құрметті ақсақалдар, атақты адамдар, кемеңгерлер береді. Жиында жасы үлкен ешкім болмаса, көптің рұқсатымен жас болса да өнегелі, жөні бар адамға берген. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді, ер бала отырса, соған сөз береді. Алайда халқымызда батырларға ардақты аналардың да бата берген кездері көп. Сіздердің назарларыңызға түрлі жиында берілетін баталарды ұсынамыз.  

Наурыз бата

Әумин! – бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын
Тәніміз бен жанымыз
Жақсы негіз қалансын
Жарасып ән сәніміз!

Әумин!

Беташарда беретін бата

Бақытты бол, бағың ашылсын,
Әр күнің шаттыққа толсын.
Босағаңа жамандық жетпесін
Төріңнен жақсылық кетпесін.
Ұлың он шақты болсын,
Қызың моншақты болсын.
Бастарыңа бақ қонсын
Жаратқан ием жақ болсын.
Ынтымақ серік болсын,
Шаңырақ берік болсын.
Дастарқаның кең болсын
Қызықшылық тең болсын.
Ауылың мерекелі болсын
Өмірің берекелі болсын.
Жолдасың ақ болсын
Молшылық тап болсын.
Сән-сәулетің ассын
Мал-дәулетің тассын!

Әумин!

Шілдеханада, тұсаукесерде берілетін бата

Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын,
Ата-анаға мейірлі болсын
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
Өнеге-білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын,
Ел қорғайтын батыр болсын
Шындықты айтар ақын болсын.
Халқым деген жүрегі болсын
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін
Ел алдында ерлесін
Жаманшылық көрмесін!

Әумин!

Ас қайыру батасы

Асың, асың, асыңа
Береке берсін басыңа
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай құрғалап
Бақыт қонғай басыңа
Осы отырған боз үйге
Қыдыр ата дарысын
Бәбішесі бұл үйдің
12 құрсақ көтеріп,
Ұл мен қызға жарысын.
Бақыты асып ұлдардың,
Үйдің тіксін ордасын
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын
Іргеден байлық кетпесін
Тәңірім айтқан несібең
Тепкілесе кетпесін!

Әумин!

Жас жұбайларға берілетін бата

Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өңгенше
Таршылық көрмеңдер!
Мұзға бидай өңгенше
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар!
Толған айдай
Өрісті болыңдар!
Қатарларыңнан озыңдар
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен
Берекешіл болыңдар!
Көпке бірдей
Елшіл болыңдар!
Көкорайдай желпілдеп,
Желкілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп
Селкілдеп тұрыңдар!

Әумин!

Бата

Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң
Ақ тілекті төгейін
Дастарханың мол болсын
Абыройың зор болсын!
Көк жайлауды жайласаң
Тай-құлынды байласаң
Келін тұрсын керіліп,
Салтанаты көрініп.
Сабаң толсын қымызға
Шараң толсын уызға
Өрісіңе мал толсын
Ақ тілеуің жар болсын
Өрендерің ер болсын
Көре алмаған бағыңды
Сындыра алмай сағыңды
Бетін басып жер болсын!
Қара ниет жауларың
Ит пен құсқа жем болсын!
Балалардың сәні өссін
Толған айдай бағы артсын
Абыройы тағы өссін
Қорған болсын халқына
Ел сүйсінсін даңқына!
Сыздатпай жүрегіңді
Қалаған тілеуіңді
Қасыңдағы елден берсін.
Басып жүрген жерден берсін!
Ағайының қолдай берсін
Дос жараның қорғай берсін!
Көліңе балық қайраңдасын
Ел-жұртың жайраңдасын!

Әумин!

Сақтық бата

Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта.
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрыдан сақта
Дауылдың кәрінен сақта
Жыланның зәрінен сақта
Аяқ-астынан кезігер –
Бәле-жаланың бәрінен сақта!

Әумин!

Бата

Уа, жаратқан ием,
Тілегімізді қабыл ет
Иманымызды кәміл ет
Ынтымақсыз алауыз,
Қырқыстан сақта
Әрі тарт, бері тарт
Жұлқыстан сақта.
Төріңді билер жатыңнан сақта
Көк долы қатыннан сақта
Руға бөлінген наданнан сақта
Жақсылығы өзінен арылмас адамнан сақта
Қара жүрек есерден сақта
Нанды аттаған кесірден сақта
Кеуде көрген көргенсіз келіннен сақта
Мезгілсіз келген өлімнен сақта
Татымсыз тұзыңнан сақта
Көргенсіз қызыңнан сақта
Бетіңе күлген сұмнан сақта
Бетімен кеткен жыннан сақта
Жалғасқан бәледен сақта
Бас кетер жаладан сақта
Қайырсыз малдан сақта
Қазымыр шалдан сақта
Адасқан елден сақта
Ез болған ерден сақта
Төтенше нәубеттен сақта
Міндетшіл жекжаттан сақта
Иә, жаратқан,
Өмір берсең, жайлы ғып бергің,
Дәулет берсең, сайлы ғып бергің.
Әйел берсең әдепті болсын
Алыс-жақынның көңілі толсын
Ұл берсең от болсын,
Қыз берсең шоқ болсын
Келін берсең келісті болсын
Келешегі өрісті болсын.
Құда берсең жолдасыңдай болсын
Құдағи берсең сырласыңдай болсын.
Ата-баба жолынан кім ассын
Құдалық мың жылға ұлассын
Екі жастың бақытын берсін,
Екі жас қызықшылығын көрсін!

Әумин!

Сурет мұрағаттан

A. Mustafina