11966 12
12 Қаңтар 2012, 19:28
К списку

Таза ауамен тыныстағыңыз келсе...

 

            Бөлме гүлдерін таңдарда олардың тек әдемілігіне ғана емес, сонымен қатар үйдің ауасын тазартудағы маңызына да назар аударған жөн. Ауаны шаңнан, микробтар мен токсиндерден тазартатын, жихаздардан бөлінетін формальдегид, фенол сияқты улы заттарға, жылу құбырлары мен көгілдір газдан шығатын ксиллен, трихлорэтилен, бензол тәрізді денсаулыққа зиянды газ бен ауыр металдарға қарсы қауқары бар гүлдерді өсірген абзал. Барлық гүлдерде осы қасиет белгілі бір дәрежеде болады.

         Біз сіздерге күтімі жеңіл әрі жоғары дәрежеде бөлменің  ауасын тазартатын  бес түрлі бөлме гүлін өсіруге кеңес береміз.


            1. Хлорофитум – бөлменің ауасын тазартуда ең басты орын алатын ғажайып гүл. Ол оттегі, фитонцид бөлуімен бірге, ауадағы зиянды бактериаларды жояды. 10-12 шаршы метрлік ас бөлмесінде  газ окисі мен жағымсыз иістерді керемет деген ауа тазалағыш құралдардан жақсы әрі тиімді тазалайды.  Антибактериялық қасиеттері жоғары болғандығынан болар, хлорофитум ешқашан зиянкестермен зақымданып ауырмайды. Күтімі, көбейтілуі өте жеңіл. Хлорофитум бізге осындай пайдалы қызмет жасауы үшін, жапырақтарына күнделікті су бүркіп ылғалдандырып әрі шаңнан тазартып тұру керек. Суды топырағын  кептіріңкіреп  барып, молынан суғару керек.  Алакөлеңкеде өседі. Мұртшаларының ұшындағы  балапандарын ылғалды топыраққа батырыңқырап қадап қойса, тез тамырланып кетеді.


            2.Фикус. Фитонцидтік қабілеті өте жоғары. Ауаны токсиндерден жақсы тазартады, сондықтан да оны ас бөлмеге немесе терезесі автокөліктер көп жүретін жол жаққа қараған бөлмеге қойған  дұрыс.  Жапырақтары ауадағы зиянды заттарды, шаңды бойына сіңіріп алуымен бірге бөлмені ылғалдандыра  алатындығымен ерекше бағалы. Ол бізге жақсы қызмет етуі үшін күнделікті  су бүркіп немесе жұмсақ матамен жуып, сүртіп жапырақтарын таза ұстау керек. Үлкен, жылтыр, жалпақ жапырақтары еш қиындықсыз жуып, сүрткенге ыңғайлы. Күннің көзі тік түспейтін жарық немесе алакөлеңке жерде жақсы өседі. Суды  топырағын кептіріңкіретіп барып, молынан суғару керек. Қыста күнделікті су  бүркіп тұрған жағдайда,  айына бір рет суғарса жетеді.


            3. Қазтамақты  жатын бөлмеге орналастырған жөн. Одан бөлініп шығатын  пайдалы  қоспалар  мазасыздықты жеңуге көмектеседі. Ауаны стафилококк, стрептококк бактерияларынан залалсыздандырады. Оны тексеру үшін ғалымдар  стафилококк бактериясының 1-2 тамшысын  қазтмақтың жапырағына  тамызғанда, үш сағатта бактериялар өліп қалған. Сонымен қатар шыбын-шіркейлер қазтамақ бар жерден қашады. Бөлмені жаман  иістерден тазартады. Сондықтан ас бөлмеге де қазтамақтың пайдасы зор. Күтімі жеңіл. Жарықсүйгіш. Жазда молынан, қыста суғаруды азайтады.  Күшті бактерицидтік қасиетінің арқасында, аурулар мен зиянкестерге ұшырамайды.


            4. Дәмжапырақ    мәңгіжасыл   бұталы өсімдік. Жапырағының   құрамындағы эфир майының    иісі    адамдардың  көңіл-күйі   көтеріңкі   болуына  әсер  етеді. Дәмжапырақтың антисептік, бактерицидтік, вирусқа қарсы қасиеттері инфекциялы тыныс ауруларына қарсы көмектеседі. Тәбет ашатын қасиеті үшін, жапырақтарын тағамға қосады. Күтімі жеңіл, шыдамды, ауруларға шалдыға бермейді. Ағаш секілді үлкен болып кететіндіктен, сабақтарын кесіп, бойының биіктігін белгілі бір қалыпта ұстап тұруға болады.


            5. Жүзжылдық. Түнде оттегін бөліп, көмірқышқыл газын сіңіреді, сондықтан оны жатын бөлмеге орналастырған абзал. Ауадағы зиянды бактерияларды жүзжылдық бөлетін фитонцидтер, сарымсақтың бөлетін фитонцидтерінен қарағанда тезірек жойып, бөлме атмосферасын тез арада  залалсыздандырады. Шырынында бактерицидтік қасиет жоғары  болғандықтан, медицинада үлкен қолданыста. Күтімі өте жеңіл. Суккулентке жататындықтан, артық суғарғаннан шіріп кету қаупі бар.

 

 

 

 

 



(0)

E-mail получателя:
Текст сообщения:

Пікірлер тізімі

  • Қайреке Серікұлы
    12 Қаңтар 2012, 19:41
    Дәмжапырақты тамаққа қосуға болады екен. қызық. Негізі, бөлме гүлдері керемет сыйлық.

  • Гүлстан журналы
    12 Қаңтар 2012, 21:20
    Дұрыс айтасыз, Қайыржан дәмжапырақты тағамға қосуға болады. Дәмжапырақ көптеген ауруларға ем, әрі күтімі жеңіл, ауруларға көп шалдыға бермейді. Сондықтан, барлықтарыңызға дәмжапырақты өсіруге кеңес береміз.

  • Қыпшақ қызы
    12 Қаңтар 2012, 19:56
    Ммм!!! Гүл өсірген маған қатты ұнайды ғой. Дұрыс айтасың Қайыржан. Бөлме гүлдері мен үшін де керемет сыйлық! Жалпы көп гүлдерді өсіріп жүрмін. Бірақ солардың аттарын білмейді екем. Осы мақаладан біліп жатырмын таныс гүлдерімнің аттарын. Рахмет сіздерге!

  • Гүлстан журналы
    13 Қаңтар 2012, 16:30
    Сіздерге де үлкен рахмет! Біздің журналмен бірге болыңыздар! Бөлме гүлдерін сыйлау - өте орынды. Соңғы кездері түбектегі гүлді сыйлау дәстүрге айналуда. Бұл жақсы үрдіс. Сондықтан, гүл өсірейік, оны жұлмайық, түбекте өсіп тұрған гүлді сыйлайық!

  • Сания А
    12 Қаңтар 2012, 20:12
    күшті! ақпаратқа рахмет!

  • Гүлстан журналы
    12 Қаңтар 2012, 21:07
    Рахмет, Сания! Алдағы уақытта мүмкіндігінше, көбірек ақпарат беруге тырысамыз.

  • Рахат Абильдаев
    12 Қаңтар 2012, 22:46
    адемi гулдер екен!)))

  • Гүлстан журналы
    13 Қаңтар 2012, 16:14
    Бұл әдемі гүлдердің барлығын да өзіміз түсіргенбіз. Ғаламтордан еш сурет алмаймыз. Барлығы да өзімізде өседі, қалғандарын жылыжайдан немесе таудан түсіреміз. Бөлме гүлдері жайлы толық мәліметті журналдың 2010 жылғы желтоқсандағы санынан оқи аласыз.

  • *** AKA ***
    12 Қаңтар 2012, 22:51
    Мен дәмжапырақты білмейді екем, қалғандары таныс. Тек анау соңғы өсімдік алоэ ма? Рахмет, қыздарға не жігіттерге сыйға тартуға болатын гүлдер туралы ақпарат болса. ))

  • Қыпшақ қызы
    13 Қаңтар 2012, 10:50
    Ақнұржан, үнемі "Гүлстанға" өз тілектеріңді білдіріп, тапсырма беріп отырасың. Күріштің арқасында күрмекте су ішеді. Біз де сенің және Назираның арқасында пайдалы ақпаратқа қанығып жатырмыз. )))Алла разы болсын!

  • Гүлстан журналы
    13 Қаңтар 2012, 16:18
    Жазира, Ақнұр үлкен сіздерге рахмет! Өсімдіктер туралы толығырақ ақпарат білгілеріңіз келсе, журналды алуларыңызға болады. Сонымен қатар, біздің ресми сайтымыз бар. http://www.gulstan.kz/

  • Гүлстан журналы
    13 Қаңтар 2012, 16:25
    Дәмжапырақ сіздердің "лавр" жапырағы деп жүрген өсімдіктеріңіз.
    Иә, соңғы суреттегі алоэ, қазақшасы жүзжылдық. Енді, қазақшасын біліп жүретін болдыңыз. Біздің журналдың басты ерекшелігі сол: біз көптеген өсімдікті қазақ және латын тіліндегі атауын үйрете отырып, ақпарат береміз.
    Жақсы, келесі посттарда міндетті...
    әрі қарай оқу
    түрде гүл сыйлау этикасы жайлы жазатын боламыз. Ұсынысыңызға рахмет!

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз


Соңғы бейнебаян

IKON - Wait For Me [қазақша субтитрлер]

Mix & Match - YG Entertainment-тің WIN: Who Is Next? шоуынан кейінгі бағдарламасы. Осы бағдарламада жеңіп шыққандар IKON деген атпен дебют жасайды. Шоуға WIN: Who Is Next?-ке қатысып, жеңіліп қалған Team B мен жаңадан қосылған үш бала қатысуда. Агенттіктің директоры Ян Хен Сок осы шоудан кейін Team B-дегі B.I, Bobby және Jin Hwan міндетті түрде дебют жасайтынын айтты, ал топтың қалған мүшелері шоу барысында анықталмақ. Назарларыңызға Team B-дің осы шоуда орындаған «Wait For Me» әнін ұсынамыз. 

Аударған: Айдана

Тайминг, әрлеу: Ақмаржан


Jonghyun (SHINee) - So Goodbye («Қала тыңшысы» сериалына OST) [қазақша субтитрлармен]

Бүгін 2011 жылы бүкіл көрермен назарын өзіне аударған және қазақстандық телеарналардың бірінен де көрсетілген «Қала тыңшысы» телесериалының саундтрегін...


T-ARA - Beautiful Sniper [қазақша субтитрлер]

“Treasure Box” - оңтүстіккореялық T-ARA  тобының 2013 жылдың 7-ші тамызында  жапон тілінде шыққан альбомы.  Альбомға 13 ән енген. Олардың ішінде "Sexy Love”, "DAY BY DAY",...




Материал жіберу

Отанды сүю  отбасынан басталады

Любовь к Родине зарождается у семейного очага

Үздік әуендер

"Алдаспан" тобы"Ақсақ киік" - Құрманғазы
"Алдаспан" тобы"Көроғлы" - Дәулеткерей
"Алдаспан" тобы"Көңіл шуағы"
"Алдаспан" тобы"Қосбасар" - М. Хасанов
Роза Рымбаева"Асыл арман-ай"
Қорлан"Толқын легі"
"Нұр" триосы"Астана"
Роза Рымбаева"Қайран жастық"
"Алдаспан" тобы"Сағыныш" - М. Хасанов
Роза Рымбаева"Махаббат бал өмір"