Гарет Бэйлды сатып алуға басты себеп

Гарет Бэйлды сатып алуға басты себеп

"Реал" мен "Тоттенхэм" командалары ортақ мәмілеге келіп, Гарет Бэйлдың 120 миллионға ауысып баратындығы туралы сыбыс та тарап үлгерді.

Жарыса жазып жатқан испан басылымдары ақпардың рас-өтірігін әлі саралай қойған жоқ. Бірақ, ертелі-кеш орнайтын бір келісімнің бары анық. Дей тұра, валиялық ойыншыға "Реалдың" аузының суы құри мұнша қызығушылық танытуында нендей сыр жатыр екен? Сол жағын сіз бен біз саралап көрелік. 

Бренд және ойыншы

120 миллионға жаңа бір команда құруға болатындығын және жақсы команда жасақтау мүмкіндігі туралы өткен жолы айтылған еді. Қай күнде болмасын, жақсы ойыншылар екі мақсатта сатып алынады. Бірі - футбол бренді үшін (Фигу, Зидан, Роналдо, Бэкхем, Криштиану, Кака), екіншісі - ойын мәнері үшін (бастысы). Жылма-жыл жейде сатумен-ақ қыруар қаржы табатын, "МЮ"-мен бір қатарда тұрған мадридтік клуб жұлдыздар шоғырымен әлемді аузына қаратқысы келеді. Ағылшын біріншілігінің соңғы маусымында жасындай жарқылдап, маусымның ең үздік жас ойыншысы атанған валиялық қорғаушы бұл тұста сұранып-ақ тұр. 

Ертеректе Мессиді де сатып алуға дайын екендігін хабарлаған Флорентино Перес ("Реалдың" президенті), жұлдызды ұжым жасақтауға әрдайым дайын екендігін білдірген-ді.

Тиімділік және тұрақтылық

Бір клубты бір өзінің шеберлігімен сүйреп жүрген ойыншыға көптің көңілі ауғалы қашан. Бір маусымда отыз доп соғатын, тұрақты ойын өрнегі бар талантты жігіт "Реалда" ойнауы тиіс. Криштиану Роналдудың бір нәтижелілігіне арқа сүйеймін деп, өткен маусымды сүреңсіз аяқтаған мадридтіктер бұл жолы есе жіберіп қалмақ емес.

Сол үшін де, тізгінді өз қолына алған Карло Анчелоттиге тағы бір сұрмерген ойыншы қажет. Және бұл тұста да Гареттің аты аталады.

Жылдамдық және ойын

Сөзсіз, Бэйлдың бір артықшылығы не десеңіз, жылдамдық деп жауап берерсіз. Оған себеп те жоқ емес. Мысалы, Чемпиондар Лигасының аясында "Интерге" қарсы өткен ойында Гареттің Майконды қалай тақырға отырғызып кеткенін көрген боларсыз?! Одан кейінірек те, Гарет өз жылдамдығымен көпті қуантып келді емес пе?!

"Мадридтіктер" жылдам ойын мәнерін артық көреді. Жеке шеберлік арқылы шешілетін ұрымтал тұста соңғы уақыттарда Роналдудың жалғыз қалып кетіп жүргендігі байқалады. Қарымта шабуылға ұрымтал шығатын, ұғымтал қимылдайтын екін ойыншы болса, соның бірі - Гарет.

Сурет: realmadrid.kz 

Автор: Фараби Арыстанбек

Л. Лига