«Қыз - өмірдің қызғалдағы»

«Қыз - өмірдің қызғалдағы»

Осы күндері өзгеге еліктеу сәнге айналып барады. Денеге жабысқан, қысқа киімдер киіп, гламурды жақтаушыларға еліктеп немесе күлгін-қара эмо үлгісінде киініп көру жастардың міндеті секілді.  

Сіз онсыз да әдемісіз! Жастық шақта бәрі әдемі. «Қатты бояну» - «әдемілік» сөзінің синонимі емес. Сол себепті балғын да нәзік теріңізді зақымдап көп қабат косметиканы жағудың қажеті жоқ. Оның орнына теріңіздің тазалығын, тісіңіздің ақтығын, қасыңыздың қалыпқа келтірілгендігін, шашыңыздың жылтырлығын қамтамасыз етіңіз. Ал артық косметика теріңізді қартайтып, айналаңызға жағымсыз әсер сыйлайды.
Ары қарай, шаш бояу. Бұл өзіңіздің талғамыңызға байланысты. Шашыңызға зияны тимейтіндей сапалы бояу таңдаңыз. Және шаштың түсі қасыңызға сәйкес келу керектігін ұмытпаңыз.
Киім мен аяқ киім. Біріншіден – ыңғайлы, кейін барып – сәнді болуы керек. «Аз киім де» сән емес «тұрпайылық» екенін біле жүріңіз. Еденге дейін түсіп тұратын белдемше, жеңі ұзын киімдер ғана киіңіз деген сөз емес, тек ұзындығы орташа киімдерді киюге тырысыңыз. Биік өкше кигенді ұнатасыз ба? Олай болса "шпилька" аяқ киімдермен бойыңызды тік ұстап, аяғыңызды қадам басқан сайын сәл ғана бүгіп, теңселместен жүре аласыз ба? Бұл талаптарды мінсіз орындаған болсаңыз, мен сізді құттықтаймын. Сіз нағыз ханшайым болғаныңыз. Егер биік өкше киіп жүре алмасаңыз алдымен сәл биігірегін сатып алып, үйде жүріп үйреніңіз.

Өзіне назар аудартатын қыздарға еліктегіңіз келе ме? Еліктеңіз, бірақ көшірменің үнемі түпнұсқадан нашар болатынын біліңіз. Оған жарасқан киім сізге жараспауы мүмкін. Ешкімнің көмегіне жүгінбей косметиканы, хоббиді, киімді ешкімге ұқсамайтындай етіп таңдай біліңіз. Сіз біреуге емес, сізге еліктесін. Атақты Коко Шанель де қарапайым қыз болған. Соған қарамастан оның есімі сән әлемімен тірегі болып отыр.  

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: caravan.ru

Қ. Бүйенбай