Месси маусымның үздігі атанды (видео)

Месси маусымның үздігі атанды (видео)

Goal.com порталы өткен маусымның үздік ойыншысын анықтады. 500-ге тарта БАҚ өкілдері дауыс беріп анықтаған жүлдені каталондық "Барселонаның" шабуылшысы Лионель Месси иеленді. Әйгілі сұрмерген бұл атаққа үшінші рет қол жеткізіп отыр.

Аргентиналық аяқдопшы 2012-2013 футбол маусымында Герд Мюллердің 40 жыл бойы бұзылмаған рекордын жаңартты. Атақты неміс футболшысы бір маусымда 85 гол соқса, Месси өткен маусымда 91 допты қарсылас қақпасында тулатты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орын мюнхендік "Баварияның" жартылай қорғаушысы Франк Рибериге бұйырса, үшінші орынды португалдық және мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Криштиану Роналду иеленді.

Естеріңізге сала кетер болсақ, Goal.com жақында ғана 2012-2013 маусымдағы үздік қақпашыны да анықтаған болатын. Өткен маусымның үздік қақпашысы болып Игорь Акинфеев танылған еді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

сурет: kasjauns.lv

Ө. Сансызбай