Алматыда ашық аспан астындағы мұражай ашылмақ

Алматыда ашық аспан астындағы мұражай ашылмақ

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақ Мемлекеттік Өнер Мұражайы "Мүсіндер саябағы - ашық аспан астындағы мұражай" атты жобаны өмірге әкелмек, деп хабарлайды мұражайдың баспасөз-қызметі. 

Саябақтың ашылу салтанатына дейін мұражай әкімшілігі мүсін өнерінің 25 композициясын дайындап отыр. Мүсіндердің барлығының авторлары Қазақстандағы мүсін өнерінің көшбасшылары саналатын В.Рахманов, П.Шорохов, Э.Казарян, Ш.Төлеш, А.Есдәулетов сынды және тағы да басқа атақты мүсіншілер. 

Уақыт өте келе ашық аспан астындағы аталмыш мұражайдың аясы кеңейетін болады. Ондағы мүсіндер мен басқа да экспонаттар саны артатын болады деп күтілуде. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы тұсауын кеспек "Мүсіндер саябағы" - бұл тек көрме практикасының аясында ғана жүзеге асып жатқан жоба емес. Болашақта саябақтың аясы кеңейіп, ол тематикалық мерекелерді өткізуге қолайлы кәсіби орынға да айналуы мүмкін. Сонымен қатар онда түрлі мақсаттағы фестивальдар мен шығармашылық кештер, шеберлік сабақтары мен тағы басқа да шаралар өткізілмек. 

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақ Мемлекеттік Өнер Мұражайын жаңа түрмен тыныстауына әсерін беретін аталмыш мұражай қаланың көрнекі орындарның біріне айналады. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: dostoprim.almaty.kz

А. Әбілхан