Қазақтар отбасында қанша бала болғанын қалайды?

Қазақтар отбасында қанша бала болғанын қалайды?

HeadHunter: Жартыға жуық қазақстандық жұмыскерлер болашақта 2-3 баланың ата-анасы болуды жоспарлайды.

"HeadHunter Қазақстан" компаниясының зерттеу орталығы әлі ата-ана атанбаған екі жарым мыңға жуық азаматтардан сауалнама алған. Нәтижесінде: шамамен сауалнамаға қатысушылардың жартысына дерлігі (48%) болашақта 2-3 баланың ата-анасы болуды жоспарлайтындығын айтқан. Ал екі жарым мыңға жуық адамның 15 пайызы балалар санын жоспарламайтындығын, бәрін болашақта жағдайға байланысты көретіндігін айтқан. Ал 12 пайызы өздерінің болашақ отбасын үш-төрт баламен елестетсе, 4 пайызы бес және одан да көп баланы өмірге әкелгісі келеді.

Сауалнамаға қатысушы екі жарым мыңға жуық азаматтардың 12 пайызы балалар санының көп болуы қаржылай қиындықтардың көп болмауымен байланыстырады. Демек, олардың қалтасы қанша қалың болса, шаңырағынан да сонша көп баланың шуы естілмек екен. Ал 5 пайызы бір баладан артық баланы өмірге әкелуден қашқақтаса, 4 пайызы әлі ұрпақ жалғастығы жайлы ойланып та көрмегендігін мойындаған.

Сауалнамаға қатысушылардың ішінде ер адамдар да әйел жыныстылар да бар. Сонымен қатар, сауалнамаға қатыстырылуда олардың әлеуметтік жағдайы мен шен-шекпеніне көңіл аударылмаған. Аталмыш сауалнамаға ер адамдардан гөрі бойжеткендер жағы болашақта қанша баланың анасы болғысы келетіндігіне өте байсалды түрде ойланып, қойылған маңызы бар сұраққа аса жауапкершілік танытып жауап берген. Әйткенмен, төмен етекті әйелдер қауымының көбі «Бір баладан артық емес» деген жауапты көп айтқан (6% қарсы 5%). «Отбасымның жағдайына қарай көремін» (11% қарсы8%) деушілер де аз емес. Ер адамдардың көбі бес және одан да көп балалардың әкесі болғысы келеді.

Жұмыс жасамайтын болашақ әкелерден (жұмыскер ер адамдармен салыстырғанда) мынадай жауаптар алынған:

«Көп балалы әке болуды жоспарламаймын. Бармен – базар» (16% қарсы 13%)

«Балаларымның санын бестен жоғары болғанын қалаймын» (6% қарсы 5%)

«Әлі бұл жайында ойланып та көрмеппін» (9% қарсы 7%).

Жұмыс жасамайтын әйелдер қауымы қызметтегілерге қарағанда көбіне отбасында бір баладан артық туғанды қаламайтындығын жасырмады (7% қарсы 5%). Олардың ішінде де балар саны жайында және отбасын құру жайында ойланып көрмегендері де жоқ емес (8% қарсы 5%).

Ал сіз, отбасыңызда қанша бала болғанын қалайсыз?

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: mail.ru

А. Әбілхан