“Астана” командасына жаңа бапкер келді

“Астана” командасына жаңа бапкер келді

Румын маманы Йоан Андоне елордалық “Астана” командасының бас бапкері болып тағайындалды. Естеріңізде болса команданың Еуропа лигасының алғашқы айналымындағы сүреңсіз ойынынан кейін  бас бапкер Мирослав Беранек қызметінен кеткен болатын.

53 жастағы румындық маман осы уақытқа дейін кипрлік “Омония”, Сауд Аравиясының “Аль-Иттифак”, катардың “Аль-Ахли” және болгарлық “ЦСКА” футбол ұжымдарының тізгінін ұстаған. Соңғы рет Йоан Андоне румындық “ЧФР Клуж” клубын баптап, ел чемпионы атандырып, чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан. Маман бапкерлік мансабында 2004, 2008 жылдары румын чемпионатының алтын алқасын тақса, 2003, 2004, 2005, 2008 жылдары аталған елдің кубогын иеленген.

Йоан Андоне өз қызметіне 22 шілде күнінен бастап кіріседі. “Астана” футбол ұжымы бапкермен осы жылдың желтоқсан айына дейін келісім-шартқа қол қойып отыр. Егер команда бапкермен жоғары жетістікке жетіп жатса, ұжым келісім-шартты ұзартатынын жеткізді. Сонымен қатар румындық маман командамен ел премьер-лигасының алтын алқасына таласатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда “Астана” командасы премьер-лигада екінші орында келеді. Көш басындағы “Ақтөбемен” команда арасын 6 ұпай бөліп тұр.

сурет: vesti.kz

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай