"Alash Pride" клубының спортшылары Cage Warriors турниріне қатысатын болды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
"Alash Pride" клубының спортшылары Cage Warriors турниріне қатысатын болды

"Alash Pride" жекпе-жек клубының өкілдері команда көшбасшысы Асұлан Тоқтарбаевтың алда болатын еуропалық Cage Warriors аралас жекпе-жек сайысына қатысуына алдын-ала келісім берді, деп мәлімдеді Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық команданың бапкері Асхат Ерболатов.  

БӨЛІСУ

Осымен 58-рет өткелі отырған Cage Warriors турнирі 24-тамызда Шешенстан астанасы Грозный қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл жарыс Еуропадағы ең беделді турнирлердің бірінен саналады. Cage Warriors турнирінде сәтті өнер көрсеткен спортшыларға UFC басты чемпионатына жолдама алуға мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде Тоқтарбаевқа қарсылас таңдалып та қойған екен. Алайда оның аты-жөні әлі ресми мақұлданған жоқ.  

"Alash Pride" болса өзінің қоластындағы спортшысының алдағы турнирге қатысатынына өз қуанышын да жасырмады:  

"Cage Warriors өкілдері бізге өздері хабарласты,-дейді Ерболатов,-олар біздің командадағы екі спортшыға қызғушылық танытып отыр. Олар - Асұлан Тоқтарбаев пен Қайрат Ахметов. Егер бәрі жақсы болса Тоқтарбаев тамыз айының соңында Грозный қаласында өнер көрсететін болады. Сонымен қатар оның дәрежесіндегі 60 келілік салмақта чемпиондық белбеу вакантты күйінде қалып отыр. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып жүлдені алып қалуға тырысамыз". 

Естеріңізге салсақ, өткен айда Асұлан Тоқтарбаев "Битва под Москвой-12" турнирінде топ жарған болатын. Қазылардың шешімімен ол ресейлік Аскер Барагуновтан басым түскен еді. Ал Қайрат Ахметов 7-шілде күні Алматыда болған ауыр салмақтағы "Әлем Алыбы" гран-приінде жеңіске жетті. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz