Beauty-мәзір: гүлді су

Beauty-мәзір: гүлді су

Жаздың жақсы жақтарының бірі - хош иісті гүлдердің көбеюі. Түстері көзімізді, ал хош иісі назарымызды қуантады. Сүйікті гүліңіздің иісін ұзаққа сақтағыңыз келсе, одан бізбен бірге гүлді су жасап көріңіз.   

Гүлді су сүйікті гүлдеріңіздің жұпар иісін сақтап, теріңізді күтудегі құралдардың бірі бола алады. Ал ең жақсысы бұндай гүлді суды өзіңіз-ақ үй жағдайында жасай аласыз.  

Жалпы гүлді су – өсімдіктердің жапырақтары мен жаңа ашылған гүл күлтелерімен су негізінде жасалатын ерітінді. Оның емдік қасиеттері шикізат болған гүл не өсімдіктің дәрілік қасиеттерімен және қышқылдылығымен анықталады.   

Құрғақ және сезгіш теріге түймедағы, раушан, жаужапырақ (мелисса), қазоты (герань) өсімдіктер мен гүлдерден жасалынған гүлді су пайдалы болады.  

Майлы және аралас теріге нарқайсар (вербена), гамамелис, көктікен (василек) өсімдіктері мен гүлдерінің ерітінділері сай келеді.  

Ал орташа теріге раушан, түймедағы, апельсин мен жөке гүлдерінен жасалынған гүлді су пайдалы бола алады.    

Жасы үлкендерге түймедағы, раушан, жөке гүлдері мен ангеликадан жасалынған гүлді су қажет.  

Гүлді суды қалай дайындаймын?  

1. Өзіңіз таңдаған гүлдерді жинаңыз. Жалпы жағдайда дәстүрлі гүлді су раушан немесе түймедағы күлтелерінен әзірленеді. Бірақ сіз өзіңіздің сүйікті гүлдеріңізді не біз ұсынған сипаттама бойынша басқа өсімдіктер мен гүлдерді таңдай аласыз.    

2. Гүлдің күлтелерін жұлып, өсімдіктердің жапырақтарын кесіп алыңыз. Оларды жылы сумен бір рет жуып жіберген дұрыс.   

3. Күлте мен жапырақтарды бөліп, қажет болса пышақпен турап, майдалаңыз (тым кішкентай емес). Күлтелерді кішкене кастрөлдің түбіне салып, үстінен су құйыңыз. Су гүл күлтелерін толықтай жауып тұру керек. Отқа қойыңыз.   

4. Кастрөлге фарфор не әйнек ыдысын қойыңыз (мысалы банка). Оның аузы судың деңгейінен бірнеше сантиметрге жоғары болуы керек.  

5. Кастрөлдің бетін қақпақпен жабыңыз. Бірақ қақпақты керісінше аударып қойыңыз. Осылайша су қайнағанда пайда болған бу қақпақпен банкаға жиналады. Бұл конденсат – сол гүлді су.  

Дайын болған гүлді суды арнайы шашырайтын бөтелкеге құйып қойып, суық жерде сақтаңыз. Осылайша ол өзінің қасиеттері мен жұпар иісін барынша ұзақ уақытқа сақтайды. Бұндай гүлді су бір жылға дейін сақталына алады.  

Енді кезек гүлді суды қолдануда. Гүлді суды қалай, қандай жағдайларда қолданған жөн?  

  • Гүлді судың теріні тыныштандыратын, суытып, ісікті басатын қасиеттері бар. Жұмсақ антисептикалық құрал ретінде ол теріні күтуге мінсіз келеді. Айта кетсек, гүлді су көптеген крем мен тері күтіміне арналған құралдардың негізі болып табылады. Сондай-ақ ол ең сезгіш деген терінің өзіне де шақ келеді.  
  • Гүлді сумен күнделікті, крем жағардың алдында бет терісін сүртіп отыру керек. Оны өзіңіз жасайтын маскалар құрамына қосуға әбден болады. Гүлді суды суға қосып, хош иісті ванна қабылдай аласыз.  
  • Педикюр мен маникюр жасағанда саусақ терісін мен тырнақты жібітуге арналған суға да осы гүлді суды қосыңыз.   
  • Мамандар гүлді сумен сонымен қатар көз терісін сүртуге, және көзді жууға болады дейді. Тіпті көз ауруларын осылай емдеуге болады екен. Ал көзді сүрту арқылы компьютерден шаршағандықтан арыла аласыз.   
  • Гүлді сумен тамақ, ауызды шайып, жөтел, қызыл иекпен қиындықтармен күресуге болады.  

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: clickatlife.gr

С. А