Сайнхо Намчылак: Қазіргі заман музыкасы тек қана америкалық не еуропалық болмауы керек

Сайнхо Намчылак: Қазіргі заман музыкасы тек қана америкалық не еуропалық болмауы керек

Тува халықтық музыкасын әлемге әйгілі еткен талантты әнші, импровизатор Сайнхо Намчылак The Spirit of Tengri фестивалінің арқасында Қазақстанда тұңғыш рет болды.

- Сайнхо, біз Тува фольклоры туралы біле бермейміз. Сіздің халықтың музыкалық мұрасының басты ерекшелігі неде?

- Тува фольклорының негізі  обертонды, яғни ән үндестігіне жаңа өң беретін қосымша дауысты, инструменталды музыка. Әрбір нота ойнақыланып, түрлі бояуға ие болады. Тыңдарман алуан түрлі дыбысқа қанады. Еуропалық музыка тұрғысынан, әрине, бұл бірсарынды көрінуі мүмкін. Тува халықтық әуенінің екі тарихи тамыры бар: күнделікті өмір мен рухани әлем, соңғысы  табиғатқа, оның тылсым күштеріне деген тотемдік сенім. Біздің халыққа дыбысқа табиғи құбылыстардың тербелісі деп қарап, оның құдіретімен игілікті шақыру, сырқаттан емделу тән. Бірақ уақыт өте келе тұтас дәстүрлер ұмытылып, бүгінде тек көмей әні ғана көшпелілердің күнделікті тұрмысында, мерекелері мен дәстүрлерінде сол үлкен ілімнің жұрнағы болып қалды. Ойтулааш деген дәстүр туралы айтып кетейін. Бұл - жұмыс күнінен соң кешкісін жастардың өзара әуенмен сырласып, көңіл көтеруі. Мұнда ерлердің көмей әуені қолданылады. Ойтулаашта жігіттер төрт шумақты өлеңдер шығарып, мәнерімен орындап, аруларына сезімдерін жеткізеді.

- Олонхо сияқты эпостар тувалықтарға тән бе?

- Иә, біздің халықтың музыкалық мәдениетінде эпикалық формалар да ерекше орын алады, бірақ бұл өнер енді ғана қайтадан жаңғырып жатыр. Кеңес дәуірінің ұзақ жылы кезінде эпостарымыз ұмытылып, оны жалғастырушылар болмай қалды. Қазір бұл мұқият зерттеліп жатыр, дегенмен ертедегідей тува эпосшыларының атын атауға лайық қас шеберлері табылмай тұр.

- The Spirit of Tengri-ге қандай шығармалар әкелдіңіз?

- Фестивальге дүниежүзінде орындап жүрген шығармаларымды әкелдім. Олар ана тілінде, орыс және ағылшын тілдерінде. Италияда лирикаларымды ағылшын және итальян тілдерінде кітап етіп шығардым, Ресейде орыс және тува тілдерінде жарық көрді. Міне, сол жинақтардағы әндерді орындаймын. Қасымда өзіммен бірге диджей Диксон өнер көрсетеді. Бұл жігіт жас кезінен Азия құрлығындағы этникалық музыканың көптеген танымал өкілдерімен бірге қызмет еткен. Түрлі эксперименттер мен тың бастамалар жасаған. 80-жылдары-ақ диджей бола жүріп, электронды музыкаға этникалық әуендерді араластырып, эксперимент жасады.

- The Spirit of Tengri жобасы жайында не айтар едіңіз?

- Мұндай фестиваль  заманның белгісі. Қанда бар ежелгі дәстүрлер адамның өзімен бірге, заманына сәйкес дами береді, өте дәстүрлі дүниелер сәл дәстүрлі нәрсемен, сәл дәстүрлі нәрсе қазіргі заманғы жаңа формалармен байланыста дамиды. Қазір өте ежелгі музыкалық дәстүрлер мен ағылшын тіліндегі қазіргі әлемдік танымал музыка арасында үлкен бос кеңістік қалып қойды. Сол кеңістікті толтыру қажет. Қазіргі заманғы музыка тек қана америкалық не еуропалық болмауы керек, басқа халықтар да сол танымал музыкаға өз дәстүрімен қосылуы тиіс. Бүгінгі клуб музыкасында да ұлттық аспаптар үні болуы керек.

- Көп рақмет!


Еске сала кетейік, осы заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі маусымның 8-і күні өткен еді. Гала-концертті Сайнхо Намчылак қорытындылаған болатын. Біз оның шарадан кейінгі пікірін білдік:

- Мен өмірдің өзінен шабыт аламын, нені сезінсем, соны шырқаймын. Бүгінгі концерттен айрықша әсер алдым. Музыканттардың бәрінің де деңгейі өте биік екенін байқадым. Келген музыкалық ұжымдардың қай-қайсының да кәсіби құрамы өте мықты.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Суретті түсірген: Дмитрий Хегай

А. Құлтай