Black Knight Transformer мульти-көлігі

Black Knight Transformer мульти-көлігі

Адам өмірі ең басты құндылық саналған заманнан бері әртүрлі апаттардан құтқару туралы идеялар ойластырылып келеді. Табиғи және техникалық апат жағдайында адам құтқару ісі бүгінде маңызды істер қатарында.

Осыған орай, адамдарды қашықтықтан құтқару технологиясы заман талабына сай күрделі эволюциялардан өтуде. Мәселен Black Knight Transformer аппараты фантастикалық фильмдердегі құбыжық техникаға ұқсағанымен, мақсаты – адам өмірін аман алып қалу. Ендеше, осы бір аппаратпен толығырақ танысайық.

АҚШ-тың Advanced Tactics Inc. атты компаниясы трансформалық өзгерістерге ұшырайтын көлік құралдарын таныстырды. Олардың Black Knight Transformer атты аппараты алғашқы сынақтардан да сүрінбей өтіпті. Патенттеліп үлгерген технология ұшақтың, тікұшақтың, автокөліктің және суда жүзу кемесінің қызметтерін бірдей атқара алады.

Black Knight Transformer адамдарды қашықтықтан құтқаруға арналған, яғни адам бұл көлікке отырмай-ақ алыстан құтқару операцияларымен айналыса алады. Трансформердің құрылымы өте қарапайым модульдерден тұратындықтан, оның ақауы бола қалса оңай жөндеуге болатынын да құрастырушылар баса айтқан екен. Мәселен, оның қозғалтқышын екі адам да жөндей алады. Advanced Tactics Inc. инженерлерінің айтуынша, оның бөлшектері де аса қымбат емес.

Оның үлкен дөңгелектері қарапайым көліктер жүре алмайтын жерлерден өтуге мүмкіндік береді. Оның ең үлкен жылдамдығы – 110 км/сағ. екен.  

Әрине, қазіргі таңда бұл техника тек әскери және адам құтқару мақсатында шығады. Ал болашақта бұл көлік әркімнің де жекелігінде болатын мульти-көлік есебінде қарастырылуда.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lifehacker.ru

А. Құлтай