Түркиялық 11 сынып оқушысы «Әлемдегі ең ұзын қыз» атанды

Түркиялық 11 сынып оқушысы «Әлемдегі ең ұзын қыз» атанды

Түркиялық 17 жастағы қыз Румеиса Гелги (Rumeysa Gelgi) «Әлемдегі ең ұзын қыз» ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енді. Оның бойы – 2 метр, 13 сантиметр.

Румеиса бүгінде орта мектептің 11 сыныбында оқиды. Ол Сафранболу қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Оның ағасы мен әпкесінің бойы бір қалыпты. Ал, Румеисаның бойының шектен тыс өсуі – «Уивера» атты сирек кездесетін дертке шалдығуында жатса керек. Бұл дертке шалдыққан адамдар генетикалық өзгеріске ұшырап, бойдың тоқтаусыз өсуінен зардап шегеді. Қыздың аяқ-қолы өте үлкен болуы себепті ата-анасы аяқ киімді арнайы тапсырыспен Америкадан алдыртады екен. Оның аяғының өлшемі – 47 сантиметр. 

Румеисаның «шектен тыс ұзын бойы» жүріп-тұру үшін кедергі келтіреді. Сол себепті ол арнайы дайындалған мүгедектер арбасын пайдаланады.

Румеиса Гелги тілшілерге берген сұқбатында: «Менің бойымның ұзындығы – өзімді өзгелерден ерекше сезінуге итермелейді. Әрі ол маған ұнайды. Ұзын бой биікте тұрған заттарды алу үшін ыңғайлы. Ең бастысы ешкім менің төбемнен қарай алмайды, - дейді.

Дәрігер Омер Хакан Явашоғлы Румеисаның Гиннесс рекордтар кітабына ену ережелерімен келісе отырып, ресми түрде өлшеу жұмыстарын жүргізді. Енді ол жеткіншекті күніне үш мәрте тексеріп отыратын болады.

Бұл туралы Гиннестің рекордтар кітабының арнайы маманы Сейда Субас-Гемиси: «Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ерекше туылған адамдар ғана енеді. Румеиса дертке шалдығып шарасыз қалса да, өзінің ерік-жігерінің арқасында өмір сүріп келеді. Бұның өзі осынау марапатқа лайықты, үлкен абыройлы іс, - дейді.

Дәрігерлердің айтуы бойынша, Румеисаның бойы бұдан әрі өспейді. Яғни, ол «Әлемдегі ең ұзын бойлы адам» саналатын Сұлтан Көсеннің рекордын бұза алмайды. Естеріңізге сала кетсек, Сұлтан Көсен де Түркия азаматы, дәл осы Румеисаның жерлесі. Оның бойы – 2 метр, 51 сантиметр.

Бұған дейін «Әлемдегі ең ұзын қыз» атағы канадалық Анна Хейнинг Свонның еншісінде болатын. Ал, «Тарихтағы ең ұзын бойлы адам» ретінде америкалық Роберт Уодлоудың есімі аталады. Оның бойы 2 метр, 72 сантиметрді құраған. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: mirfactov.com

Н. Айдархан