Анкарада Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркі елдерінің конференциясы өтті

Анкарада Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркі елдерінің конференциясы өтті

Түркияның Анкара қаласында Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркі елдерінің экономикалық байланысы жөнінде конференция өтті.

Конференция Хаджеттепе университетінің «Түркі дүниясы» зерттеу орталығының ұйымдастыруымен болды. Жиынға Орта Азия мемлекеттерінің елшілері мен студент жастар қатысты. Түркияда оқып жүрген қазақ жастары да белсенділік танытты. 

Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев аталған тақырып бойынша баяндама жасады. Баяндама барысында Қазақстанның экономикалық дамуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі, «Ақтау Сити» жобасы жөнінде айтып өтті. Сөз соңында барша Түркі жұртын келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, 18 наурыз күні елшіліктің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік шараға шақырды.

Сондай-ақ, Жансейіт Түймебаев конференция ұйымдастырушыларына разылығын білдіріп, Хаджеттепе университетінің ректорына және профессор Ахмет Бурчин Ерелиге арнайы сыйлықтар тапсырды.

Екі күнге созылған Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркі мемлекеттерінің экономикалық байланысы жөніндегі конференцияда түркі тілдес елдердің арақатынасының маңыздылығы, сауда-саттық қатынасы туралы талқыланды.

Хаджеттепе университетінің профессоры Ахмет Бурчин Ерели Түркі елдерінің дамуы жөнінде айта келіп, түбі бір түркі елдері байланысының қайта жанданғанын тілге тиек етті.

Конференцияда Түркі елдерінің дамуы, туризм мен мәдениеті тақырыбы бойынша арнайы жобалар қорғалды. Бірінші күнгі отырыс Түркия және Қазақстан мемлекеттеріне арналса, екінші күн Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдері турасында болды.

Жиын соңы Қазақстан Республикасының дамуы мен тыныс-тіршілігінен хабар беретін фотокөрмеге ұласты.

Конференциядан фоторепортаж:

Арнайы Массагет үшін Анкарадан: Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап