Студент бірінші күннен бастап нені есте сақтау керек?

Студент бірінші күннен бастап нені есте сақтау керек?

Жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған әрбір бірінші курс студенті қобалжитыны анық. Мектептен кейінгі өмірінің жаңа баспалдағы алдында студент көңілінің толқуы да заңдылық. Өйткені, жаңа оқу жылын бастағалы отырған жас өрен студенттік өмірдің қыр-сырымен толық қанық емес.

Студент атанғаннан кейінгі басты міндет, ол – оқу, білім алу. Оқу басталғанда-ақ бірінші курс студенті өзі жайында қандай көзқарас қалыптастырса, қалған оқу ағымында да дәл солай жалғаса беруі ғажап емес. Егер жағымсыз стереотип қалыптастырса, оны бұзу оңайға түспесі анық. Сондықтан да бірінші курс өкілі оқу басталғанда-ақ, лекция мен семинарларға белсенді қатысып, өзін көрсете білуі қажет. Бұл босаңсуға жол бермей, берілген ақпаратты дұрыс игеруге, сонымен қатар ұстаздармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Оқуда белсенділік таныту - студенттің оқуға деген ынтасының ұстаздар алдындағы көрсеткіші. Бірінші семестрді сәтті өткізуіңе де септігін тигізеді. Себебі көптеген келеңсіз (шәкіртақыдан айырылу, оқудан шығып қалу) жағдайлар осы бірінші емтиханда орын алатыны белгілі.

Әрине, жоғары оқу орнындағы оқу жүйесі мен мектептегі оқу жүйесінің арасында үлкен айырмашылық бар екенін де ұмытпау қажет. Бұл жерде студенттің жауапкершілігі мен дербестігі басым орын алады. Бұл бір жағынан, тәртіпке үйретсе, екінші жағынан, босаңсытады. Барлығы студенттің өз еркіне байланысты. Көптеген бірінші курс студенттері сессия жақындағанда барлығын қалпына келтіремін деп көп рет сабақты қалдырып алады. Бұл бірінші семестрден бастап әдетке айналып кетсе, кейін бас ауыртарлық жағдайларға тап болуыңыз мүмкін. Яғни, кей пәндерді кейін оқимын деп шегеріп тастамаңыз.

Лекцияға қатысу - пәнді оқытушының талаптары мен оқыту стилімен танысу үшін керек. Лекциядағы конспект арқылы емтиханға дайындалуға болады, өйткені пәннің негізгі мәні мен мазмұны дәл осы лекцияда бекітілген. Лекцияда оқытушы пәннің өзегін танытатын әрі емтиханда сүйену керек оқулықтар мен авторлар тізімін береді.

Емтиханға дайындық кезінде жаттап алғанға қарағанда пәнді ұғынып оқыған дұрыс екенін түсінген дұрыс. Сондықтан жүйелі түрде оқу ғана, пәнді еркін де терең игеруге толық мүмкіндік береді.

Есте ұстаған жөн, студенттік өмір тек қана оқумен ғана шектелмейді, оқудан тыс әр түрлі іс-шаралар да бар. Оған қатысу арқылы жаңа қатынастар орнатуға, таныстар табуға болады. Сонымен қатар өзіңді танытуға да жол ашасың.

Дайындаған:Өмірбек Сансызбай

Сурет: ©massaget.kz

Ө. Сансызбай