Мектеп сөмкесін 7 белгісіне қарап таңдаңыз

Мектеп сөмкесін 7 белгісіне қарап таңдаңыз

Оқу жылының алғашқы айы аяқталса да, арамызда киім-кешек пен сабаққа қажетті құралдарды арзандаған кезде аламын деп жүргендер бар болар. Сондықтан, назарларыңызға сөмке мен арқа қоржынды дұрыс таңдауға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен сөмке таңдауда нені ескеруіміз керек?

Дәрігерлердің кеңесі

Сынықшы мамандар бірауыздан: «Ауыр затты бір қолда ұстау немесе сөмкені бір иыққа асыну оқушы үшін зиян. Нәтижесінде бала сколиозбен ауыруы мүмкін», – дейді. Сондықтан, дәрігерлер балалар үшін ортопедиялық арқасы бар сөмкенің таптырмас құрал болатындығын айтады.

Сөмкені сатып аларда төмендегі белгілерді ескеріңіз:

– Біріншіден, оның көлемі арқадан жалпақ болмауы тиіс. Және салмағы баланікінен 15%-дан артық болмағаны жөн. Бос тұрған сөмкенің салмағы 1 келіден аспағаны дұрыс;

– Оның төменгі бөлігі белден төмен түспеуі керек. Төмен түскен күннің өзінде 5 сантиметрден аспағаны жөн;

– Ішіне салатын оқулықтарды бір-біріне тығыз орналастыру керек;

– Иықбауының жалпақтығы 5 сантиметрден аспағаны абзал. Бұл салмақтың дене бөліктеріне бірдей түсуін қамтамасыз етеді;

– Қараңғыда көзге шағылысатын жарқын түсті болғаны жөн. Ол жаяу жүргіншілер жолынан өтер кезде жүргізушілердің көзіне бірден түсіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

– Жуған кезде бүлінбейтіндей сапалы материалдан жасалуы тиіс. Осыған байланысты мамандар полиэстер материалын ұсынады. Иықбау мен сөмкенің арқа бөлігінде тор мата болғаны абзал, бұл терлеп кетпеуімізді қамтамасыз етеді.

– Фурнитурасына мән беріңіз. Ол өте сапалы болсын. Бұл сыдырма ілгегіне байланысты айтылуда.

Қымбатты оқушы, осы кеңестерді ескеріп, оқу жылында ұзақ қызмет жасайтын сөмке таңдайсыз деген ниеттеміз. Іске сәт!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет:neweurasia.net

Қ. Бүйенбай