Қыздарды қалай сүю керек?

Қыздарды қалай сүю керек?

Психолог Наталья Белоусова қыз баласын қалай жақсы көру керек екенін айтып, ер адамдарға кеңес беріпті. Оның берген 9 кеңесі ер адамдарға керемет көмек болады деген оймен қазақшаға аударып беруді жөн көрдік.

1) Онымен әлеуметтік рөлдерді келісіп алыңыз

Өте қатал қыздар бар. Балалық шақта қалып қойған қыздар бар. Қызға тән қасиеттердің барлығын жинап алған да, жігіт сияқты жүретін қыздар да бар. Тіпті мінезі бастыққа келетін, кофе дайындай алмайтын қыздар бар. Тағы да өте әдемі, бірақ өз-өзіне сенімсіз және ақылы аздау сұлулар бар. Ақылды әрі биязы сұлулар мен білімі бар ақылсыздары да кездеседі. Ал сізге әлеуметтік рөлдеріңіз сәйкес келетін қыз керек.  

«Сен мені киіндіресің, пәтерақыны төлейсің, бірақ мен сенің қалауыңды орындаймын – және сен бұған келісуің керек» деп ойлайтын қыздар да бар. Бірақ бұл шектен шыққандық емес. Тіпті «Мен жұмыстан шығып, бала асыраймын, ал сен маған әдемі болуым үшін бәрін де жасайсың» дейтіндер де жоқ емес. Қандай ұстанымдағы қыз болса да екеуіңіздің өзара келісімдеріңіз болса болғаны. Отбасылық ұрыс-керістер негізінде болашағын қандай боларын бір-бірін тек интуицияға беріліп таңдай салған жұптар арасында көп болады. Ал мүлдем танымайтын адамың туралы тек интуицияға сеніп сипаттама жасау қателікке апарып тірейді. Сондықтан сүйіктіңізбен бірге болашақты қалай елестететіндеріңіз жайлы детальды түрде айтып, жоспар құруларыңыз керек. Өз қалауыңызды жасырмай айтып, оның да өмірлік қалауы мен мүддесін сұрап алыңыз. Бұл «келісілген тұрмыс құру» емес. Үйлесімді қарым-қатынас құру үшін бұл сізге қажетті сынақ. Құдай сізге отбасылық бақытты бастарыңызға бере салмайды, бірақ ол сіздерге ойланып, дұрыс өмір сүру үшін – ми сыйлады.

2) Шешім жасау құрметін сүйіктіңізге беріңіз

Әйел мен еркектің теңдігі жайлы көп ойлайтын, әдетте қыз бала ер адамның көлеңкесінде қалып қояды деп ойлайтын қыз өзі үшін басқа біреудің шешім жасайтынына қатты уайымдайды. Бірақ мен әйелді еркек басқарып алады дегенді меңзеген жоқпын. Мәселен ер адам сұрақ туындағанда әйел адамға бұрып қоя салмай, өз нұсқасын ұсынғаны дұрыс дегенді айтқым келіп отыр. Мәселен мынадай диалог қате: « – Жаным, бір жаққа барып кешкі асымызды ішіп келейік. – Қайда барсақ та маған бәрібір, жұмыстан қатты шаршадым». Ал негізінде әйелдің мұндай сұрағына ер адам өз нұсқасын айтуы керек: «Жаным, бір жаққа барып кешкі ас ішіп келейік. – Иә, мен де саған The Village деген эфиопиялық жаңа мейрамхананың ашылғанын айтқалы жүр едім».  

3) Ескертусіз жоғалып кетпеңіз

Иә, түсінемін, әйеліңе қайда жүргеніңді айтып, құдайдың құтты күнінде есеп бере бергеніңе қынжыласың. Осы мәселеге басқа қырынан қарап көрсек, күнделікті есепті сіз әлеуметтік желіге беріп жүрген жоқсыз ба? Әйел адамның уайымдайтын қасиеті ерте дәуірлерден-ақ бар, оған таңғалмай-ақ қоюыңызға болады. Ең бір салмақты, сабырлы әйелдің өзі сіз жұмыстан сәл кешігіп жатсаңыз уайымдай бастайды: кім біледі, сізді жылан жұтып қойған шығар, көлік қағып кетті ме, араққа сылқия тойған бастығыңыз ұрып өлтіріп қойды ма, ал мүмкін Вера Брежневаның өзі келіп алыс жаққа алып кеткен шығар?! Оның мұндай уайымдау қасиетін түзей алмайсыз. Бұл қасиет олардың табиғатынан бар. Сол үшін үйден шығарыңызда қайда кетіп бара жатқаныңызды, қашан келетініңізді, тіпті кешігетініңізді де ескертуіңіз керек.  

4) Үйдегі заттарды жөндеңіз

Шеге қағу мен ваннаның суын дұрыс ағатындай етіп жасау әйел адам үшін бір алдырмас белестей көрінетіні рас. Расында да үйдің ұсақ-түйек жұмыстарын құнттай алмайтын мігіт болғанша нағыз жігіт болып, сүйіктіңіздің көңілінен шығып жүргеніңіз әлдеқайда артық. Ал өз сұлуыңыздың супермені болғыңыз келсе оның ваннаның суын жөндеп беру туралы өтінішіне мынадай жауап қайтарыңыз: «Анау тұрған әмияндағы ақшаны ал да жаңасын сатып алшы. Сен маған қарағанда интерьерді жақсы түсінесің ғой. Оның үстіне көңілің қаласа өзіңе туфли таңдап алсаң да болады».

5) Белсенділік танытыңыз

Ер адам әлдене болғанда оны қабылдауға емес, бірден оның шешім жолын ойластыруы керек. Мәселен қыз балалар ер адамдар назарға да алмайтын кей болмашы нәрсеге уайымдай береді. Сондықтан ауа райы, жарық, жаңалық, өсек және тағы да басқа осындай ұсақ мәселелерді ескеріңіз. Себебі оның ішінде сақтап жүрген өкпе-реніші, көңіл толмастығы болуы мүмкін. Олардың ойда жоқта ойлап тапқан «Сенің маған деген көңілің суып кеткен», «Жұрттың байын қарашы», «Елдер қосақтасып, демалуға барады, біз болсақ...» деген секілді айыптауларын естімеу үшін белсенді болуға ұмтылыңыз.

6) Оған деген сыныңыз сынға ұқсамасын

Адамды түзеу өте қиын. Оның кей қасиетін жақсы көріп, ал кей қасиетін көтере алмайтын болсаңыз оған бірден сыныңызы ала жүгірмеңіз. Сол үшін мысал келтірейік. «Сенің жасап берген қисық-мисық сушиіңді жұмыстағылар мазақтап күлді. Сосын біз басқасына тапсырыс бердік. Алып келген баланы алдап, сенің сушиіңді салып едік, оның екі көзі атыздай болды» деудің орнына «Алмадан жасалған бәлішің керемет екен. Түгел жеп тауыстым. Бірақ менде аллергия ма, әйтеуір көңіл қошым болмай тұр. Ендігісінде алмұртпен жасап көрші. Жарайсың!».

7) Көңілі үшін бәрін де жасаңыз

Гүлдің не қажеті бар деп ойлайсыз ба? Ал әйеліңіз гүлді жақсы көре ме? Сондықтан оны жақсы көргіңіз келсе қалтаңызды жұқартуға тайынбаңыз. Аптасына бір рет гүл әкеліп тұрыңыз. Сіздің 500 теңгелік өкінішіңіз оған мыңдаған қуаныш болып тиеді. Еш себепсіз сыйлықтар сыйлаңыз. Ол маңызды деп тапқан күнтізбенің әр күнін телефоныңызға жазып алыңыз. Танысқан күндеріңіз, үйленген күндеріңіз, балалардың туған күндері, сегізінші наурыз, тіпті болмашы қуанышты күндерде оған гүл я әтір су сыйласаңыз жүйкеңіздің талшықтарын үнемдейтін боласыз.

8) Өтірік болса да сұлу екенін айтыңыз

Иә, өтірік болса да айтуыңыз керек. Біздің қоғамда сұлулықтың белгілі бір стандарттары қалыптасқан. Сіздің сүйіктіңіз де ол туралы білмейді емес. Басқа да маңызды жаңалықтардың арасында оның сәл-кем қиған шашы, жаңа білезігі немесе көз бояйтын жаңаша әдетін байқап қалу қиын. Ең болмағанда бұл мәселені шешу үшін телефоныңызға күн сайын ескертіп тұратындай етіп жазып қойыңыз. Есіңізде болсын, оның сырт келбетін қалай болса да өзгертуі тек сізге ұнау мақсатында ғана жасалады. Ал сіз...

9) Істемейтін істердің тізімін жасаңыз

Мұнда бірінші пунктке қарау керек. Иә, сүйіктіңізбен алдағы өмір жайлы ақылдасып алу кезінде мүлдем жасағыңыз келмейтін, көңіліңізге жақпайтын істерді ашық түрде айтып алыңыз. Бұл сіз үшін болашақта ақталуға мүмкіндік береді.

Аударған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай