Ажырасқан адамның ақылдары

Ажырасқан адамның ақылдары

Байқаймыз, үйленген соң ғашықтық сезім су сепкендей өшіп қалып жатады. Кеңестеріміз әрқайсыңызды өз жұптарыңызбен мәңгіге бақытты етеді деп үміттенеміз.

Анығында бұл 20 кеңес өзі ажырасып тынған Джеральд Роджерстен. Әрине, өзі ажырасып тынған адам қандай салиқалы ой айтсын деп ойлайтын шығармыз? Бірақ өзгенің қателігінен сабақ алу деген де бар емес пе? Ендеше өз бақытын қолда барда бағалай алмаған жанның сөзіне назар аударыңыз.

Әйеліңізді қыз кезіндегідей күтіңіз

Өз әйеліңізбен бірге қанша жыл бірге тұрсаңыз да оны кездесулерге шақырудан шаршамаңыз. Әйеліңіздің сізге жасап жатқан жақсылығы мен құрметінің міндетті іс емес екенін ұғыңыз. Оның «ИӘ» деген сөзін алмас бұрын сіз оған дүниедегі бар бақытты сыйлайтыныңызды, өле-өлгенше қорғаны болатыныңызды айтқансыз, есіңізде ме? ОЛ сізге ең бір қымбаттысын сыйға тартты – сенімін. Сондықтан сүюге, жақсы көруге еш уақытта ерінбеңіз.

Қорғаны болыңыз

Сүйіктіңіздің жүрегін қалай қорғасаңыз, дәл солай өзіңіздің де жүрегіңізді қорғай біліңіз. Сіз өзгелерді, тіпті әлемді жүрегіңізге сыйдыруыңыз мүмкін. Бірақ сол жүректің бір түкпірінде әйеліңізден басқа ешкім де болмайтын жер сайлап алыңыз.

Әйеліңізге қайта-қайта ғашық бола түсіңіз

Барлық адам өзгеріп кетуі мүмкін. Бірнеше жыл бұрынғы сіз бен қазіргі «сіз» бірдей емес. Ал бес жылдан соң тағы да өзгере түсесіз. Өзгерістер әркімде-ақ болып тұрады. Осы себепті бір-біріңізді қайта-қайта жақсы көріп тұруларыңыз керек. Егер бұлай жасамасаңыз сүйіктіңіздің жүрегі сіз үшін жабылып, өзге біреу үшін мәңгіге ашылуы да мүмкін. Бұл әрі қалыпты жағдай. Оны жақсы көруден талмаңыз. Өз махаббатыңыз үшін күресуден шаршамаңыз.

Оның тек жақсы қасиеттерін көріңіз

Өз әйеліңіздің қандай жақсы қасиеттері бар болса, оған сол қасиеттер арқылы мінездеме жасап алыңыз. Осы жолмен ғана махаббатыңызды жандандыра аласыз. Әрбір адамда кездесетін міндерге назар аудара беретін болсаңыз махаббат бірте-бірте өше береді. Әйеліңізді не үшін жақсы көретініңіз жайлы ойланыңыз. Сонда сіз өмірдегі ең бақытты адам екеніңізге еш күмән-күдік таппайтын боласыз. Сонда ғана сіз әлемдегі ең керемет әйелмен қосылғаныңызды сезінесіз.

Оны өзгертуге талпынбаңыз

Сіздің басты мақсатыңыз әйеліңізді өзгерту емес, өзі қандай болса сол қасиеттерімен-ақ сүюге ұмтылу. Ал егер ол өзгеріп кетсе, сол өзгерген әйеліңізге ғашық болыңыз.

Өз эмоцияңызға жауап беріңіз

Сіздің әйеліңіз сізді бақытты етуге міндетті емес. Сіздің көңіл-қошыңыздың болмай отырғанына да ол кінәлі емес. Сіз өзіңіз бақытты болуға ұмтылуыңыз керек, онымен қоса қарым-қатынастарыңызды да жарқын ете түсу сіздің қолыңызда.

Әйеліңізді ешқашан айыптамаңыз

Әйеліңіз сіздің көңіл-күйіңізді түсірсе немесе ашуландырса оны ешқашан айыптаушы болмаңыз. Егер сіздің көңіліңіз түсіңкі болса, оның айтқан сөзін көтере алмасаңыз, ол сіздің ғана эмоцияңыз. Мүмкін ол сізді байқамай, ойда-жоқта ренжітіп алған шығар. Өз әйелін сүйген адам ешқашан да сол сүйіктісінің жамандыққа қимайтынын біледі. Сол үшін өзіңіздің эмоцияңызды қалыпқа келтіріңіз, мәселенің неден шығып отырғанын асықпай байыптаңыз. Қателіктің кімнен болғаны емес, сол қателікті кешіре алмаған өзіңіздің келбетіңізге сырттай баға беретін болсаңыз өз үстіңізден өзіңіз күлетін боласыз. Әрі майда-шүйдеге ренжімейтін қасиет табасыз.

Өзі қандай болса, сондай болуына рұқсат етіңіз

Әйеліңіздің көңілі әлденеге толмай отырса, бірден мән-жайға араласып, жағдайды түзеуге күш салмай-ақ қойыңыз. Сіздің мақсатыңыз оны қажет кезде қолдай алатыныңызды, түсінетініңізді, көмекке келетініңізді ұғындыру. Қыз балалар әрқашан көңіл-күйге бейім тұрады. Және олардың көңіл-күйлері тез өзгереді. Егер оның қылықтарын сынап-мінемейтін болсаңыз ол сізге шын мәнінде сене алатын болады. Сырын ақтарады. Бірақ ол қиындыққа ұрынса оны жалғыз қалдыруға болмайды. Ол сіздің барыңызды білсін. Сол үшін оны тыңдай біліңіз, сезімін бағалай біліңіз.  

Ақымақ болып көрінуге қорықпаңыз

Әрқашан қалың қабақты, күлмейтін адам сияқты болмаңыз. Күліңіз. Оны да күлдіре біліңіз. Күлкі өмірді оңайлатады.

Күн сайын оның жанына азық болыңыз

Әйеліңіз сөйлейтін махаббат тілін түсінуге тырысыңыз. Ол өзінің маңызды, қалаулы екенін түсінуі үшін бәрін де жасаңыз. Бұл мәселе қиын болса, әйеліңізден өзін бақытты ететін 10 нәрсені жазып беруін өтініңіз. Жазып берген тізімнің, ең болмағанда, екеуін күн сайын орындап отырыңыз.

Оның жанынан табылыңыз

Оған тек уақытыңызды ғана емес, назарыңызды да, жаныңызды да сыйлаңыз. Онымен бірге болу үшін бәрін де жасаңыз. Өміріңіздегі ең маңызды адамыңыз екенін түсініңіз. Әлде олай емес пе?

Оны қалаңыз

Оны бар жан-тәніңізбен қалайтыныңызды көрсетіңіз, қуатыңыз бен күштілігіңіз арқылы оның сезім түкпірлеріне саяхат жасаңыз. Әйеліңіз өзін толыққанды әйел екенін ұғатындай болсын.

Топас болмаңыз!

Ақылсыз болып көрінуге болады, бірақ топас болмағаныңыз абзал. Себебі сіз де адамсыз, сәйкесінше сіздің де қателіктеріңіз болып тұрады. Сол үшін қателіктерді барынша азайтуға тырысыңыз. Одан сабақ алуды да ұмытпаңыз. Мінсіз бола алмайсыз, бірақ сол міндеріңізді азайту сіздің қолыңызда.

Оған жеке кеңістік беріңіз

Әйелге өз ісімен, өз қызығушылығымен айналысуға уақыт беріңіз. Әйелге өзін рухани байытатын, өзімен өзі бола алатын жағдай тудыру керек. Егер оның бар ой-арманы мен мақсаттары жүзеге асса ол сізге алғыс айтатын болады.

Әлсіздігіңізді жасырмаңыз

Өз қорқыныштарыңыз бен сезімдеріңізді оған айтуға қорықпаңыз. Мұнымен қатар, қателіктеріңізді мойындаудан да қашпаңыз.

Ашық болыңыз

Сенімге құрылған қарым-қатынас жасағыңыз келсе құпияңызды ашыңыз. Тіпті ең бір құпия деп тапқан сырыңызды да онымен бөлісіңіз. Құпияны ашқан соң оның ішіндегі сырларыңыз әйеліңізге ұнау-ұнамауы беймәлім. Бірақ оған деген сеніміңіз болса сіз бұл іске тәуекел етесіз. Бет-пердені шешіп тастаңыз! Егер әлденені өмір-бақи жасырамын десеңіз мәңгілікке махаббаттың не екенін ұқпай кетесіз.

Дамуды тоқтатпаңыз

Бір орында тұрып қалған су өлі су, ал ағын су әрқашан таза болады. Ал бұлшықеттеріңізді жұмыс істетпесеңіз олар солып қалады. Дәл осы құбылыс адамдардың қарым-қатынасында да бар. Ортақ мақсаттарыңыз бен армандарыңызды табыңыздар. Бір бағытқа қарауға үйреніңіздер.

Ақша жайлы уайымдамаңыздар

Ақша – бұл ойын сәтінде ойда жоқта түсіп қалатын бинго секілді. Сол үшін бұл ойында көбірек ұтыс алу үшін бірге ойнап үйреніңіздер. Бір командадағы ойыншылар бір-біріне қарсы ойнаса бұл жақсылыққа апармайды.

Өкпені іште сақтамаңыздар

Өткенді езе бергенше, болашаққа қарап бағдар түзеңіз. Өткен шақтың ренішіне қамалып қалмай, алға қарай жүріп кетіңіз. Өкпе-реніш кеменің зәкірі сияқты. Ол сіздердің өмірлеріңізді алға қарай жібермей тұрып алады. Бостандық тек кешіріммен келеді.

Әрқашан махаббатты таңдаңыз. Әрқашан махаббатты таңдаңыз. Әрқашан махаббатты таңдаңыз

Негізінде бақытты өмір сүрудің ең басты құпиясы – осы. Егер әрқашан да осы ұстанымда болсаңыз сіздердің бақытты өмірлеріңізге ешқандай қауіп-қатер жоқ. Махаббатқа сеніңіздер, ол өзі-ақ сіздерді қиындықтан құтқарып алады.

P.S. Жұбайлық өмірде әрқашан да бәрі жақсы бола бермейді. Ал сол жақсылық болуы үшін күресу керек.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com желісінен

А. Құлтай