Болашақ жарыңды тапқаныңның 8 белгісі

Болашақ жарыңды тапқаныңның 8 белгісі

Жігіттер кейде ғашықтық пен құмарлықты шатастыратындай көрінеді. Себебі, бірінші кездескенде жақсы көріп, кейінгі күндерде өзінің қателескенін біліп жататын кездер аз емес.

"Нағыз жалғыздық – сенің жаныңда сені түсінбейтін адамның болуы"
Элберт Грин Хаббард

Сол сияқты өзінің болашақ жарын кездестіріп, бірақ әрқандай бір себептермен одан теріс айналып кете беретін де кездер бар. Тағдырдың жазуы ғой, демек? Десе де, біз осы мақаланы оқып отырған қайсыбір жігіт болмасын, болашақ жарын кездестіргенін немесе әлі де іздеуі керектігін ұғындыратын әңгіме айтпақпыз.

Иә, ер адам көңілі жарасып жүрген бойжеткеннің не болашақ жары болатынын, не өмірдің кезекті бір сабағы екенін анықтап біле алмайды. Осы екіұшты мәселеге бір жазбамызбен нүкте қойып тастамасақ та, кішігірім әдістеме ұсынамыз. Нағыз жарың болатын қызды тапқаныңда мынадай белгілер байқалады:

1. Сен оған өзіңе сенгендей сенесің

Қандай қарым-қатынас болмасын, бірінші кезекте адамдардың өзара сенім білдіруі тұрады. Екі адамның ортасында бір-біріне деген себепсіз сенімнің барын түсініп, түйсіну өте маңызды. Әсіресе жұп болып, көңіл жарастырып жүрген жандар үшін ең қажетті фактор – сенім.

Егер адамдар бір-біріне деген сенімін жоғалтса бұл көңілге қаяу түсіріп, олардың ортасындағы сезім қайта тұтана қоюы қиын болады. Бірі екіншісіне үлкен сенім білдіріп, оның әрбір ісіне асқан жауапкершілікпен қарай бастаса, сенім жоғалғанда дәл сондай қарым-қатынасты түзету қиынға соғады. Сатқындық, сенімнен шығып қалу адам жанын жарақаттап, оны қайта қалпына келтір өте ауыр болады. Егер сен өзіңнің жарың болатын адамды тапсаң, оған еш күмәнсіз сенім білдіресің. Ал сол жан саған да дәл сендей сенім білдірсе, мақаланы әрмен қарай оқымай-ақ бөркіңді аспанға атып, тойға қамдана бер.

2. Оның тек жаныңнан табылғанының өзі саған жаңа шабыт пен қуат береді, ал оның көңіл күйі болмаса сен де мұңая түсесің.

Бірақ мұны түсіну үшін саған көп уақыт керек. Себебі, таныстықтан кейінгі ғашықтық деңгейге өткен соң ақыл мен ес екінші орынға шығатындықтан, сый-құрмет деген нәрсені түсіну қиын болады. Талай ақын жырлап кеткен ғашықтық сезім адамды расында да ақыл-естен айырып, дұрыс ойлау мүмкін еместей көрінеді. Мұның барлығы да бір реттік ғашық болу симптомы. Ал келесі кезең – жан-жақты салмақтап, бір болудың мақсат-мүддесіне ой жүгірте бастағаныңда бал күндердің енді болмайтынын түсінесің. Ғашықтық от сөне бастағанда адамдар бір-бірінен кемшілік іздей бастайды. Мұндайда қарым-қатынасты үзу керек. Себебі, сырт келбетке қарап, я болмаса әлденемен салыстыра отырып сүйіп қалу – нағыз махаббат емес. Егер сол қиындықтың барлығынан өтем деп, тәуекелге саналы түрде бара алсаң, құттықтаймын, сен өз жарыңды таптың!

3. Ол әрқашан саған сеніп, шабыттандыра түседі

Құдайдың құтты күні жаныңнан табылып, мүмкіндіктеріңнің көптігіне өзіңді сендіруі керек. Бірақ, мұндай адамды табу оңай деп ойлайсың ба? Егер екінші жартың дәл сондай адам болса, қуана беруіңе болады. Ол өміріңді жақсы арнаға бұруға себепші бола білуі керек, онымен қатар ол арқылы сен өз Меніңді табуың керек. Егер сені қандай да бір жолдармен шабыттандырып, игі бастамаларға бастайтын қыз болса, одан айырылып қалмауға тырыс. Себебі, тек шын сүйетін қыз ғана өз ерінің жақсы болуын тілеп, сол ойды махаббатқа теңейді.

4. Онымен сүрген өмірің онсыз сүрген өміріңе қарағанда жақсырақ

Сен үйленетін қыз бала өміріңнен жақсылықтарды алып қана қоймай, жақсылықты бере білуі де керек. Бірақ, мұнда да ғашықтығыңның салдарынан оның не істеп, не қойғанына салқынқандылықпен баға бере алмауың мүмкін. Сол үшін одан бөлек белгілі бір уақыт өткізіп көр. Эмоцияның, көрсеқызарлықтың буынан арылып, ситуацияны сау басыңмен бағамда. Бұл – сенің өмір таңдауың. Асығыстықтан жасалған шешімі үшін өкініп жүргендер сенсіз де жетіп артылады.

5. Қажет кезінде табылмайтын болса, ойлануың керек!

Бұл аспект тағы да сол сенімге келіп тіреледі. Сенің үйленемін деген болашақ жарың әрқашан да сенің жанашырың болсын. Қиын-қыстауда сенімен бірге бола ма, әлде ат-тонын ала қаша ма? Есіңде болсын, сәттіліктің жолдасы көп, ал сәтсіздік әрқашан жалғыз. Өзіңе «Күрделі шешім қабылдайтын кезде ол менің жанымда бола ма?», «Махаббаты қаншалықты берік?» деген сұрақтарға жауап ізде. Кейбір қыздарға саған не бере алатыны емес, сенен не жақсылық ала алатыны қызығырақ.

6. Екеуің де бір мақсатты көздейсіңдер

Бұл да қарым-қатынастың ең бір маңызды мәселесі. Бірақ, бұл мәселеге адамдар көбінде шешім жасап қойған соң ғана назар аударып жатады. Қыз баланы себепсіз сүйе салу оңай, ал себебін, қандай армандары барын, қалауы қандай екенін біліп барып сүю – қиынның қиыны. Тіпті екі жастың мінездері де, талғамдары да бірдей болуы мүмкін, бірақ өмірге деген көзқарастары мен қалаулары өзге болса, мұны да дер кезінде түсіне білу керек.

7. Неке сақинасын тақпай тұрып, сүюдің не екенін анықтап алу

Біреуді шын жақсы көру – оны құрметтеп, гүл сыйлау ғана емес, сонымен бірге оның мінезін көтеру, қателігін кешіру, түптің түбінде бақытты болатындарыңа кәміл сену. Адамды оның саған жасаған жақсылықтары үшін сүйе біл. Сондықтан да шын сүйетін жандарды бір-бірінен ажыратып алу қиын болуы керек. Мұндай махаббат мәңігілік.

P.S. Махаббаттың ғажайып күші барына шын сенгендер ғана бақытты бола алмақ. Сондықтан біз сегізінші пунктті оқырманның өз таңдауы мен шешіміне қалдырдық.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: huffingtonpost.co

А. Құлтай